Жан дүниесіне шаң қондырмай, адамдығы мен адалдығынан айнымай, ағаларына бастаудың мөлдір тамшысындай сыйлы болған, інілеріне әркез кісілігі мен кішілігін қатар ұстап, қолтығынан демеп, бірауыз жылы сөзін бүкпесіз айтып, иненің жасуындай бір жақсылығын көрсе, баладай қуанып, көз әйнегінің астынан қос жанары күлімдеп, онысы күнім деп тұрғандай әсер қалдыратын менің Тұмағам, Тұманбай Молдағалиев «Заманда өмір сүрдім дүлдүлі көп» депті. Шынында, өткен ғасырда өлеңге олжа салған дүлдүлдер өте көп болды. Ауыздықпен алысып, құйындата жарысып шыққанда, нағыз жыр бәйгесі қызып, алдыңғы толқын мен олардың ізін баса шыққандар бір төбенің шаңын бір төбеге қосатын.
«Көрсетпе сүю әуресін,
Берілді жүрек тек саған.
Сүю де жақсы, сәулешім,
Сүйікті болу жақсы одан», – деп махаббат лирикаларымен топ жарған Тұмағаң үлкен-кішінің ілтипатына бөленіп қана қоймай, жүректерге нұр болып құйылатын, шуақ болып шашылатын. Жыр жүйріктерінің ішінде достығы жарасқан, құрдастықтары аңызға айналған, бір жылда, 1935 жылы бірі (Қадағаң – Қадыр Мырза Әлі) 5 қаңтарда, екіншісі (Тұмағаң – Тұманбай Молдағалиев) 20 наурызда өмірге келіп, бір жылда, 2011 жылы бірі (Қадағаң) 24 қаңтарда, екіншісі (Тұмағаң) 10 қазанда пәни дүниеден бақи дүниеге аттанды. Міне, өмір шіркін осылай өте шықты. Бірі Жайықтың жағасында, екіншісі Алатаудың баурайында өмір есігін ашқан қос дүлдүлдің биыл туғанына 90 жыл толып отыр.
Олар қатысып, өлең оқыған жыр кештерінен халық марқайып қайтатын. Тағы қай жерде осындай жырдан шашу шашылар екен деп құлақтарын түріп жүретін. Сусыныңды қандырып, қанаттандырып жіберетін сондай кәусар жыр кештері бұл күнде көзден бұлбұл ұшып, оның орнын қаншалықты шын екені айтушылардың өзіне ғана мәлім, жел сөзге, мақтауға, марапаттауға толы жиындар басып кетті. Осы арада ойымызға қазақтың айтулы ақындарының бірі, Тұмаға құрмет тұтқан Хамит Ерғалиевтің бір ой байламы еске түсіп отыр. Ол кездегі аға-інілер шетінен ірі, шетінен дара еді.
Қазақтың жыр жампоздары Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков, Сағи Жиенбаев Тұмағаң жайған дастарқанда бас қосады. Әңгіме тиегі ағытылып, өлең оқылады. «Бір топ жүйрік даланың шаңын аспанға көтеріп, шауып келе жатыр, – деп бастайды Ғафу әдеттегідей арқалана сөйлеп. – Көп дүрмектің алдында даланың ауасын еркін жұтып ақ боз арғымақ келеді. Сол арғымақ сізсіз, Хама! Мен анау көп шоғырдың ішіндемін». Осылай дегенде Хамаң інісін кең құшағына қысып, үнсіз маңдайынан иіскепті.
Өзіне кезек келгенде: «Ғафу, рас айтасың, бір топ жүйрік даланың шаңын аспанға көтеріп шауып келе жатыр. Сол даланың таза ауасын жұтып, мен ағып келе жатқанымда соңымнан қара үзбей келе жатқан торы құнанның демін естимін. Адымымды кең алып, сермей түсемін. Әлгі құнан да қалысар емес, маған жетер-жетпес жерде келе жатыр. Сол сенің құнаның – Ғафужан!» – депті.
Тұмағаң: «Хама, сол жылғы қалың дүрмектің ішінен тай мінген Сағи екеуміз көзіңізге түскен жоқпыз ба?» – деп әзіл тастағанда Хамаң: «Тұмаш-ау, бар болғанда қандай, сол көп дүрмектің ішінде жұлдыздай ағып, суырыла шауып келе жатқан қос қоңыр – Сағи екеуіңнің тайың болатын!» – деген екен.
Жарасымдылықтың, кеңдіктің, сыйластықтың ұлы үлгісі осындай-ақ болар-ау! Ол кездегі адамдардың бітім-болмысы, бір-біріне деген ілтипаты, ағаның ініге қамқорлығы, інінің аға алдын қиып өтпейтін ізеті, сый-сыяпаты бөлек еді.
Ол уақытта жыр кітаптары да жылда шығып жататын. Таралымы да алақанға салған насыбайдай аз емес болатын. Бағасы да кез келген адамның қалтасына сай еді. Ол кітаптар Алматыда басылғанымен, қанатты құстай елге тез жететін. Мектептен бастап, барлық кітапханаларда, дүкендерде ондай рухани дүниелер сыймай тұратын. Қолдан-қолға өтіп, үлкен-кіші таласып, тармасып жарыса оқып жататын. Қалың жұрт тірі ақынды көрмесе де, оның кітаптары арқылы сыртынан танып, табысатын. Тұмағамен де солай табысып едік.
Көңілден шыққан әдемі жыр шумақтарын жатқа айтатын едік. Бозбалалар мен бойжеткендердің қалауы сол жырлар еді. Тіпті өздерінің жүрекжарды сөзіндей етіп, Тұмағаның кіршіксіз өлеңдерін төгіп-төгіп жіберуші еді. Әсіресе жігіттер жағы әдемі қыз көрсе: «Гүл әкеле жатырмын тұңғыш рет саған мен, Жыр әкеле жатырмын тұңғыш рет саған мен», – дейтін. Не болмаса: «Кешіре гөр мені, жаным, Кешір албырт кезімді. Мен есімнен шығармадым, Сенің мөлдір көзіңді», – десе, тағы бірде: «Кездесуден неге қаштың, Жанып тұрып жүрегің. Бұтағындай бір ағаштың, Болсақ деп мен тіледім», – деп төгілтетін. Тұнық жыр шумақтарын «Саған арнап шығарған өлеңім ғой бұл!» деп хат арқылы, не тілдей қағазға жаза қойып, өзгеге байқатпай, ебін тауып, жақсы көрген әдемі-аудың қолына ұстата қоятын «пысықтар» табыла кетуші еді. Е, ол да бір дәурен! Әсіресе талай жастарды табыстырған Тұмағаңның махаббат лирикасының шоқтығы қашан да биік еді. Ондай өміршең өлеңдер дәл қазір де зейін қойып оқыған адамның жанын жадыратып, сезімін сергітеді. Егер көз тоқтатып, көңіл аудара алса, ақша билеген дәуірдегі кейбір пенделердің өлеусіреген рухына ондай дүниелер дем де, ем де беретіні рас. Сол уақыттарда ақынның жарына жазған жырларын кейбір азаматтар өзінің сүйіктісіне арнай қою дәстүрі аз кездеспейтін еді. Оған да талай куә болдық.
Дүрілдеп шыққан дүлдүлдердің ішінде Тұмағаң самғауы ерекше болды. Өлең тұлпарын сайлап мініп, қарғадайынан жайнап шыққан ақынның өлең кітаптарымен мектепте таныссақ, ал өзімен студент кезімде табысып, қимас бауыр, сыйлас аға-іні болдық.
Алаштың Ақаңымен (Сейдімбек) болған соңғы бір әңгіме осы тұста ойға орала береді. Ахаң жас кезіндегі ағаларының мейірім-шуағын жыр қып айта келіп: «Олардан ақыл сұрасаң тісін көрсетіп, тілін жасырмай, есіңде жүрсін деп бүкіл жандүниесін жарып шыққан ақыл-кенішін, үлгі болар ұлы сөздерін, түйінді байлам-пайымдарын бүкпесіз айтушы еді. Соның өзін мәртебе санайтын. Осы күнгі жақсылардан ақыл сұрасаң, артынан ақы сұрайтын болып барады. Бұл жақсылықтың нышаны емес. Қазаққа жат қылық», – деген еді.
Біз мұны неге айтып отырмыз? Себебі Тұмағаңның соңынан ерген қырық жылға таяу уақыт ішінде ол кісінің бір сатулы сөзін естімеген едік. Құлын күнімізде болмаса да, Хамаң айтқандай, тай күнімізде жолығып, тума таланттан үйренгеніміз де, алған үлгіміз де, өнегеміз де аз болмады. Ол кісінің бүкіл болмысы, жүрек жылуы, көңіл кеңдігі, жан тазалығы, адамға деген мейір-шапағаты өлеңге ғана құйылып тұрмайтын, қатар жүргенде сенің де қаның мен жаныңа дарып отыратын. Соны өмір көшіндегі бұралаң-бұлтарыссыз шындығын көргенімді мен мақтанышпен айта аламын.
1972 жылы алғаш жүздесіп, ағалы-інілі болудың бастау басы басталғанда «Жүрек ояу қашанда» атты кітабына «Аяулы бауырым – Сүлеймен! Өнер жолында өзіңмен ұшырасу бақыты екеумізге де ортақ болсын. Өзіңе деген шексіз ілтипатымды осы кітаппен қоса қабылдай гөр. Өз ағаң – Тұманбай. 16 май, 1973 жыл» деген жүрекжарды сөзін жазып берген еді. Содан кейін жарық көрген кітаптарының бәріне де қолтаңба қойып беру үлгісінен бір танған емес.
Ақ тілек болып құйылған сол сөздер біздің бүкіл өміріміздің алтын арқауына айналды. Ақынның жан тазалығы, алғаш жауған ақ ұлпа қардай ниеті мені ғұмыр бойы адал болуға балапандай баулыды. Жастықтың әсерінен қисынсыздау қылық байқатып алсақ, сәл жымиып отырып: «Бала, байқа!» – деп, көзінің астымен бір қарағанда, жасыратын несі бар, есеңгіреп барып, ес жиған кездеріміз де болған.
«Жалын» баспасына редактор болып қызметке тұрған соң том-том қолжазбаларды көздің майын тауысып, қарауға тура келді. Проза да, поэзия да баршылық. Ол кезде Тұмағаң – «Жалын» журналының бас редакторы. Қолыма ауылда тұратын бір автордың шағын қолжазбасы түсті. Қарап отырсам, өлеңдері икемге келмейді. Өзімше Абайға жүгініп, «Өлең – сөздің патшасына» бұлай атүсті қарауға болмайды деген жобада пікір білдіріп, қолжазбаны автордың қолына ұстаттым. Үндемей шығып кетті. Сәлден кейін қарама-қарсы бөлмеде отыратын Тұмағаң: «Әй, бала, маған келіп кетші», – деді. Бардым. Қолжазбасы жарамайды деген авторым ақынның алдында отыр.
«Бала, қолжазба жақсы ма, жаман ба, ол бөлек әңгіме. Әр адамның ішінен шыққан шұбар жыланы өзіне алтын көрінеді. Қылау түсе қоймаған патша көңілі және бар. Сен осыны есіңде ұста. Абай Абай ғой, Абайды сойыл етіп жұмсама. Аға сыйлап өскен қазақтың ұрпағы екенімізді ұмытпайық. Алдымызға келген автордан жылы сөзімізді аямайық. Бізді қой, өмір өз дегенін істейді. Мәңгілік кім бар?!» – деп Тұмағаң өзінің Тұмағаң болғалы сондай қасиеттерді берік ұстағанын дауыс көтермей, «ұрмай, соқпай» жеткізді. Мүмкіндігінше адам бетіне жел болып тимеу керектігін өзінің өмір жолындағы тәжірибелерінен дәлел-дәйек келтіріп, тәубеден жаңылмаған адамды Тәңір жарылқайтынын ақырындап санаға сіңірді. Сол сабақты күні бүгінге дейін бойтұмардай бойымда сақтап келемін.
Студент кезімде бұрқыратып өлең жазып жүретін едім. Бір жолы бір топ «туындымды» журналға ұсындым. Тұмағаң тиянақты оқып шығыпты. Түзепті, күзепті. Азын-аулағын журналға дайындап қойыпты. Жолыққан сәтте: «Әй, бала, ақындықты маған қалдырып, сен прозаға көшесің-ау осы. Ой-таразың, тіліңдегі әр мен нәр соны меңзеп тұрған тәрізді. Мен сенен өлеңді қызғанып отырғаным жоқ», – деп сұраулы жүзбен қарағанда, ақын ағаның алдын қиып өтпедім. Өремді аңғарған болар, борбайлаймын деп орта жолда болдырып қалсам, ол да қиын ғой, ағаны тыңдаған адаспас деген байламға ат шылбырын байладым. Қазір қарап отырсам, таңдауым дұрыс болыпты.
Ана сыйлау, әкені құрметтеу, жарды аялау, қатар өскен дос-бауырды әспеттеу туралы жазған Тұмағаңның әр өлеңін қолым босай қалғанда оқысам, ақынның жүрек лүпілін, аға мен інінің, мына өмірге аз күн қонақ болып келген әр адамның қадір-қасиетіне жетуді сезгендей боламын.
«Аққудың жайын айтпасақтағы
белгілі,
Ақ махаббаттың ажары дейді
ел мұны.
Сендей-ақ болар әрбір Қозының
Баяны,
Сендей-ақ болар әрбір Кебектің Еңлігі», – деген өлең шумақтарын Күлтәй жеңгеміздің туған күнінде оқығанда, жастықтың әсері ме, бұл неткен махаббат әлі басылмай келе жатқан деп іштей ойланғанмын. Енді ақынның сол құдіретті жырын өзім жатқа айтатын болдым. Бұл да – ұлылықтың үлгісі.
Ақындығын айтпағанда, адамдығы бөлек Тұмағаңның қадір-қасиеті – мен үшін үлгі. Алматыдан Астанаға көшіп келгеннен кейін жұмыс бөлмемде отырсам, бір әріптесім: «Сені Тұмағаң іздеп жүр», – деді. Жүгіре шықсам: «Әй, бала, сен қайда жүрсің? Астанаға бір жұмыспен келіп едім. Сені көрмей кетсем, болмас деп, іздеп келіп отырмын. Үйрендің бе, біз сияқты жаман ағаңды сағынған жоқсың ба?» – дейді бауырына қысып. Жандүнием балдай балқып, ақынның жүрек дүрсілі өз жүрегімнің дүрсілімен ұштасып кеткендей болды.
Өткен ғасырдың 70-жылдарының ортасында отау тігіп, от жаққанда өзі бас болып, қазақтың айтулы сазгері Әсет Бейсеуов қоштап, жазушы Досан Жанботаев ағам қолпаштап, тойымыздың төрінде отырып, замандастарымның алдында мерейімді өсіріп қана қоймай, Тұмағаң ағыл-тегіл өлеңін оқып еді. Сол өлеңді қалыбын бұзбай мысалға келтіре кетсем артық болмас.
Танытып қыз-жігіттің татулығын,
Сен бүгін үйленіпсің, ақылды інім.
Жердегі мына отырған бізден гөрі,
Көктегі жұлдыз саған жақын бүгін.
Жұлдызың жана берсін үйге кіріп,
Алысқа жетектесін сүйген үміт.
Мінеки, өз дегенін істеді өмір,
Ақыры бір аруға үйлендіріп.
Баяғы балалықтан алыстадың,
Жастықтың жатырқарсың
таныс бағын.
Жігіттің еркіндігін өзің, інім,
Азаттың қолына әкеп табыстадың.
Жалғыз ең, екеу болдың,
жоғалмайсың,
Балалық бал күніңе оралмайсың.
Бойдақтықтан сен азат
болғаныңмен,
Бостандықтан енді азат бола
алмайсың.
Бойдақ күні қош болсын
боз аттының,
Өтіп жатыр бір тойың ғажап бүгін.
Құтты болсын, жақсы інім,
көгершінім,
Құтты болсын сонымен азаттығың.
Жұрт сүйінер жақсы отау
боларсыңдар,
Айтқан сертте мәңгілік қаларсыңдар.
Балаларың көп болсын, екі бала,
Қалғандарың өздерің табарсыңдар.
Бұл 15 қараша, 1975 жыл еді. Біз осы өлең шумақтарындағы ағаның ақ батасын мүлтіксіз орындап, ол кісінің тілегіне шаң қондырмай келеміз. Ақын тілегі қабыл болды. Ұл да, қыз да, немере де бар.
Тұнық жырдың иесі, «Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол» деген Абай дананы пір тұтып қана қоймай, кесенесіне барғанда:
«Халықтың мәңгі сөнбес сендей күні,
Сақтаймыз ажалға да бермей мұны.
Сен менің бір әкемсің қасиеті артық,
Қасына әкесінің келмей ме ұлы?!
Кесте жыр өрнектелген нелер
жіптен,
Сен күнде кеңесесің келген жұртпен.
Мен Құран оқымадым басыңа кеп,
Өзіңді мәңгі тірі дегендіктен», – деп әкесіне балаған жырдың қырағы қыраны, тұмадай тұнық Тұмаға биыл 90-ның биігіне шығып отыр.Менің Тұмағам – осындай ұлы ақын. Ұлт ақыны, жұрт кісісі. Құстың қос қанатындай қос құрдас Қадыр мен Тұманбай алпыс жасқа толғанда ардақты ұстазымыз Зейнолла Қабдолов екеуін бөлмей-жармай, ұлы ақындар деген сөзді айтып еді. Біз сол сөзді жаңғыртып отырмыз.
«Өнерімен асқан, шұғыла шашқан, сара сөздің сардары, ел-жұрты ұлы талант деп таныған Тұманбай өлеңі төгіліп тұрады. Тау бұлағының ағысындай табиғи, заңды әрі екпінді, лепті әрі таза, мөлдір. Кідіріссіз, мүдіріссіз, сүрініссіз. Шыншыл, бүкпесіз, ашық-жарқын. «Осы жалған-ау, әй, қайдам?!» дегізбейді», – деп Мұзафар Әлімбаев тамсанған ардақты ақын өмірден өткен соң, ақын атын жаңғыртсақ деп, Елордадан арнайы келіп, кіндік қаны тамған өңірдің әкім-қараларының алдынан өткенбіз. «Тұманбай Молдағалиев оқуларын» өткізсек дегенбіз. Қадыр Мырза Әлі, Әбіш Кекілбайұлы секілді орталықтар салынса деген тілегімізді де алға тартқанбыз. Тәубе, біраз іс атқарылды.
«Өмірім бір, көңілім бір бұл елмен,
Ол мұңайса, мен жабығып,
түнергем.
Ол қуанса, жадырағам, жайнағам,
Аспан құсап айдынына күн ерген», – деп жырлайды да:
«Ұрпақтардың жүрегінде,
Болар соңғы тұрағым», – депті Тұмаға. Ақынын ардақтаған, сенім артқан кейінгі ұрпақ атқарар жұмыс алда ұшан-теңіз екені ақиқат. Осыдан алпыс жыл бұрын Тұмаға «Ақын» деген өлеңінде:
«Халқыңа сөйлейтұғын сөз
беріп кет,
Халқыңа көретұғын көз беріп кет.
Бала боп туғанменен өзің баста,
Дана боп кетеріңде өзгеріп кет», – деп өлеңмен өмір өткелдерін өрнектеген, даралықтан даналыққа жеткен, ұлы ой мен сөзін мұраға қалдырып, екінші өмірі – ұлтымен бірге жасайтынына сеніммен қарап:
«Жырым мені ешқашан өлтірмейді,
Әнім мені алысқа жетелейді», – деп еді. Өлтірмейтін жыр, жетелейтін ән қалдырған Тұмағаның 90 жылдығы қасиетті Наурыз айынан бастау алып, мерейлі де мәртебелі сәттерге ұласары хақ.
Сүлеймен МӘМЕТ,
журналист-жазушы,
Алматы облысының Құрметті азаматы