Перейти к содержимому
Главная страница » Атқарылған іс ауқымды

Атқарылған іс ауқымды

      Қарасай ауданының қоғам­дық кеңесі өңір экономикасын дамытып, әлеуметтік мәселелерді шешуде үлкен жұмыс атқаруда. Кеңес консультативті-кеңесші және бақылаушы орган ретінде аудан өмірінің маңызды мәселе­лерін назарда ұстап келеді. Жуыр­да кеңестің кезекті отырысы өтіп, аудан әкімі Жасұлан Естенов есеп берді.

Жиында Жасұлан Тоққожаұлы өткен жылы ауданда атқарылған жұмыстар жайлы баяндап, биылға қандай міндеттер қойылып отырғанын жұртшылық назарына ұсынды. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, тұрғын үй салу, жол сапасы, су және электрмен қамту мәселелері әңгіме өзегіне айналды.
– Жоспарланған жұмыстардың жүзеге асырылуы аудан экономикасының барлық саласында оң серпін сақ­тауға мүмкіндік береді. Жаңа жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті дамыту, қауіпсіздікті қамта­масыз ету, тұрғын үймен қамту, білім беру және денсаулық сақтау салаларында атқарылған шаралар халықтың өмір сапасын арттыруға жол ашады. Алдағы уақытта да осы бағытта жұмысымызды жалғастырамыз, – деді өз баяндамасында Жасұлан Тоққожаұлы.
Отырыста кеңес мүшелері Тұрғанбек Оразалиев пен Сағат Мәсімақынов сөз алып, өткен жылы ауданда атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді. Сонымен бірге Нәсіпбала Әбділдаева Қаскелеңде жұртшылық баратын кинотеатрдың жоқ екенін айтып, осы мәселені шешу қажеттігін алға тартты. Аудан жастары кино көру үшін Алматыға баруға мәжбүр. Екі арадағы көлік кептелісінен өтіп, қалаға қатынау да оңай емес екені белгілі.
Аудан әкімі кинотеатр ашу мәселесі алдағы уақытта қарастырылатынын жеткізді. Сондай-ақ Сауыншы ауылын газдандыру, бірнеше елдімекенді сумен қамту, Батан ауылындағы кәріз жүйесін ретке келтіру, Қаскелең өзенінің жағалауын абаттандыру, демалыс орындарын жасау, жаңа мектептер мен дәрігерлік амбулаториялар салу және тағы басқа мәселелер күн тәртібінен түспейтін тілге тиек етті.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қарасай ауданы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш бойынша облыста бірінші орынға шықты, – деді өз сөзінде ол. – Бұл – барлық қарасайлықтардың, соның ішінде қоғамдық кеңес мүшелерінің, депу­таттардың, кәсіпкерлердің, түрлі салада еңбек етіп жүрген жұртшылық еңбегінің жемісі. Жұмыстың бар­лығы бір мүддеге – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Осы мақсатқа жету үшін бірге еңбек ететін боламыз.
Жиын барысында аудандық кітапхана әдіскері Кенжегүл Сопбаева да есеп берді. Ол кітаптың адам өміріндегі маңызы, аудандық кітап­хананың атқарып жатқан жұмы­сы, жаңашылдығы мен жетістігі туралы айтты. Ұжымның «Білім және мәдениетті дамыту» қоры ұйымдас­тырған «Jana Kitaphana – 2024» байқауында «Заманауи кітапхана» номинациясы бойынша 1-орынды жеңіп алуы осы бағытта атқарылған жұмысқа берілген баға болса керек.
Кітаптың құндылығы, кітап­хана­лардың руханиятты дамытудағы маңызды рөлі, «AMANAT» партия­сының «Кітап аманаты» жобасының жүзеге асырылуы туралы басқа да қоғамдық кеңес мүшелері өз ойларын ортаға салды. Жиынды ашып, жүргізіп отырған қоғамдық кеңестің төрағасы Жанат Исағұлов отырысты қорытындылап, қаралған мәселелер бойынша тиісті шешім қабылданатынын жеткізді.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы