Перейти к содержимому
Главная страница » Ауыл шаруашылығына қолдау көп

Ауыл шаруашылығына қолдау көп

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңірге жұмыс сапарымен келіп, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевпен бірге аймақ­­тағы шаруашылық бас­шы­ларымен кездесу өткізді. Жиынға Аграрлық несие корпорациясы, «ҚазАгроҚаржы», «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» акционерлік қоғамы өкіл­дері, салалық басқарма, депар­тамент басшылары, қала, аудан әкімдіктері мен шаруашылық құрылымдардың төрағалары қатысты. Онда агроөнеркәсіп кешенін дамыту барысы мен жаңа бастамаларды іске асыру жайы қарастырылып, өзекті мәселелер талқыланды.

Кездесуде облыс әкімінің орын­басары Бақытнұр Бақытұлы Мемлекет басшысының тапсырма­ларына орай өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Айтуынша, ауыл шаруашылығы саласы бойынша облыс республикада 2-орында тұр. Еліміздегі бұл бағыттағы өнімнің 12,2%-ы Алматы облысына тиесілі. Оның ішінде тамақ өнеркәсібінде 284,8 млрд теңгеге дайын өнім шығарылып, нақты көлем индексі 19,1%-ға өсті. Ал азық-түлік өнімінің экспорт көлемі 5 айда 41,4%-ға артқан. Инвестиция көлемі де екі есеге ұлғайған.
2022 жылдан бері өңірде барлығы 1 млн 270 мың гектар пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жері анықталған. Бүгінде оның 563 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды.
Облыста 92,1 мың гектар аймақ­қа су үнемдеу технологиялары енгізіліп, жылдық жоспар 101,6%-ға орындалды. Аталмыш агротехнология 90 млн текше метрге дейін ағын суды үнемдеп, өнім көлемін 265 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Биыл егіс алқабы 9 мың гектарға көбейіп, 438 мың гектарға дән себілді.
Мал шаруашылығы саласында да оң серпін сақталып отыр. Облыс құс саны бойынша республикада екінші, ал ұсақ мал басына орай үшінші орынды иеленген. Еліміздегі құс етінің 27%-дан астамы өңірде шығарылады. Ал биыл мал басы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда орта есеппен 4,8%-ға артқан. 2026-2027 жылдары облыста 94 ветеринариялық пункт және 52 мал қорымын салу жоспарланған. Осылайша 2028 жылы өңір ветеринарлық нысандар­мен толық қамтамасыз етіледі.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау және субсидия беру саясаты аясында жергілікті бюджеттен 39,2 млрд теңге қарастырылып, қазір­гі таңда оның 29,8 млрд теңге­сі шаруашылықтарға берілді.
Балық шаруашылығы бойынша Алматы облысында «Балық мектебі» білім беру, тәжірибе алмасу орталығы жұмыс істейді. Онда соңғы 5 жылда еліміздің әр аймағынан келген 300-ден астам азамат дайындық курсынан өткен. Оның 15-і облыста өз кәсібін ашты. Нәтижесінде балық өндірісі 29%-ға, экспорт көлемі 27%-ға ұлғайды. Қазіргі таңда өнім Дания, Нидерланд және Польша мемлекеттеріне жіберілуде. Сондай-ақ биыл балық шаруашылығы саласында жалпы құны 3,6 млрд теңге болатын ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда.
Кездесуде Айдарбек Сейпілұлы өсімдік және ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарла­малардың тиімділігі жайлы сөз қозғап, елімізде қайта өңдеу мен ветеринария қызметін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Айтуынша, нақты іспен айналы­самын деген кәсіпкер үшін барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ өсімдік шаруашылығындағы техниканы жаңарту, су үнемдеу жүйелерін енгізу, мал тұқымын асылдандыруға ерекше мән беру керегін жеткізді.
Марат Елеусізұлы өз сөзінде өңірдегі бірқатар өзекті мәселені көтеріп, министрлік тарапынан қолдау білдіруді сұрады. Айтуынша, Алатау қаласының құрылуына байланысты бұрын ауыл шаруашылығы алқабы болған 53 мың гектар жер басқа мақсатқа пайдаланылатын болып, өңделетін жер теңгеріміне елеулі әсер еткен. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы айналымына қосымша жер телімін тарту өзекті болып тұр. Ал шекаралық белдеуде аграрлық әлеуеті жоғары және суармалы егін­шілікпен айналысуға қолайлы 23 мың гектарға жуық жер бар. Бірақ Райымбек ауданында орналасқан 683 шаруашылықтың 70%-ы жер учаскесіне берілген қаулыға байланысты мем­ле­кеттік қолдауға қол жеткізе алмай отыр. Сондықтан шекаралық белдеу­дегі жерді ауыл шаруашылығына пайдалану үшін министрлік тарапынан заңнамалық тұрғыдан қолдау қажет.
Облыс әкімі сондай-ақ шаруашы­лықтарға берілетін субсидия мәселесін де сөз етті. Биыл ауыл шаруашылығы өндірісінің нақты көлем индексін 105,7%-ға жеткізу жоспары бекітілген. Бұл ретте жалпы өнімнің 20%-ын құс шаруашылығы құрайды. Дегенмен құс фабрикаларының субсидияны уақытылы алмауы нәтижесінде өндіріс көлемі 7%-ға төмендеген. Ішкі нарықта сұранысы шектеулі қосалқы өнімдерді алуға Қытай нарығының қызығушылығы жоғары. Сондықтан экспортқа рұқсат берілсе, бұл мәселе шешімін табады әрі кәсіпкерлердің де аталған салаға қызығушылығы артады.
Жиын соңында шаруашылық басшылары өндірісті цифрландыру, қаржыландыру, мемлекеттік бағдар­ламаларға қатысу, электр энергиясы мен газ тарифтеріне қатысты сауал­дарын қойды. Ал жауапты мамандар оларға тұщымды жауап берді.


ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарында болып, өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің жай-күйімен танысты.
Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен өңдеу өндірістерін аралап көріп, инвестициялық жобаларды, облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы даму көрсеткіштерін зерделеді.
Сапар барысында Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту, заманауи агротехнологияларды енгізу және агроөнеркәсіп кешенінің инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалуына ерекше назар аударылды.
Министр сүт және ет бағытындағы мал шаруашылығы, құрама жем өндірісі, қарқынды бау-бақша шаруашылығы және жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу салаларында жұмыс істейтін кәсіпорындардың қызметімен танысты.
Алғашқы нысан өңірдегі ірі сүт өңдеу кәсіпорындарының бірі – «Адал» агроөнеркәсіп кешені болды.
«Айдарбаев» шаруа қожалығында министр жүгері егістіктерімен және 2025 жылы пайдалануға берілген құрама жем зауытының жұмысын көрді.
Жұмыс сапары барысында Айдарбек Сапаров ет бағытындағы мал шаруашылығына маманданған «Агро Балтабай» ЖШС-ның мал бордақылау кешеніне табан тіреді. Қазіргі уақытта бордақылау алаңында 6 мың бас ірі қара болса, тағы 3 мың бас – жазғы жайылымдарда.
Министрге өңірде жақында ашылған заманауи агроөнеркәсіптік кластер құру жөніндегі инвестициялық жоба «Qazaq Global Food JV» ЖШС таныстырылды. Оның құрамына алма концентраты мен томат пастасын өндіретін зауыт, өңдеу қалдықтарынан жылына 1 мың тонна пектин өндіретін кәсіпорын, сондай-ақ сұрыптау және қаптау желілерімен жабдықталған сыйымдылығы 30 мың тонналық заманауи жеміс сақтау қоймасы кіреді.
Нысандарды 2026-2027 жылдары кезең-кезеңімен іске қосу жыл сайын 70 мың тоннаға дейін ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеуге және шамамен 58,8 млн АҚШ доллары көлемінде экспорттық кіріс алуға мүмкіндік береді. Бұл жоба Мемлекет басшысының терең өңделген өнім үлесін арттыру және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту жөніндегі тапсырмасына толық сәйкес келеді.
Министр сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан әйгілі Алматы апорт алмасының сортын қайта жаңғырту жобасының орындалу барысын тексеріп, «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС «Талғар» тәжірибелік шаруашылығы филиалының жұмысымен танысты. Мұнда бүгінгі күні 2 080 көшет өсірілді. 2027 жылға қарай апорт бақтарының көлемін 110 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Жұмыс сапарының соңында министр «Баймене» ЖШС-да болды. Мұнда 2016 жылдан бері заманауи су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, алма бақтары қарқынды дамып келеді. Бақтың жалпы аумағы 110 гектарға жетіп, өнімділігі гектарына 45-50 тоннаны құрайды. Сонымен қатар кәсіпорында сағатына 5 тонна жеміс өңдейтін зауыт іске қосылған. Жобаға салынған инвестиция көлемі 6,8 млрд теңгені құрады.
Шаруалармен өткен кездесуде отандық бау-бақша шаруашылығын одан әрі дамыту, инвестициялық жобаларды мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту, өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету және өндіріс көлемін ұлғайту мәселелері талқыланды. Сала өкілдерінің айтуынша, кешенді мемлекеттік қолдаудың арқасында Қазақстандағы бау-бақша шаруашылығы сапалық жаңа деңгейге көтеріліп, жыл сайын өндірілетін көшеттер саны шамамен 300 мың данаға жеткен.
Жұмыс сапарының қорытындысын шығарған Айдарбек Сапаров министрлік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту және аграрлық секторға заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыратынын атап өтті. «Мемлекеттік қолдау ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға қажетті жағдайларды қалыптастырады. Біздің міндетіміз – өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту, заманауи технологияларды енгізу және отандық агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру», – деді министр.

Гүлзат БАЙҚОНЫС,
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Қонаев қаласы, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандары