Перейти к содержимому
Главная страница » Сайлауалды штаб жұмысын бастады

Сайлауалды штаб жұмысын бастады

Қазақстан Халық партиясы Алматы облыс­тық сайлауалды штабы­­ның салтанатты ашылуы өтті. Шараға облыстық сайлау­алды штабтың басшы­лығы, Қазақстан Халық партиясынан сайланған мәслихат депутаттары, сенімді өкілдер, партияның Жастар және Әйелдер қанаттарының мүшелері, партия белсенділері, ақсақалдар, қоғам қайраткерлері мен өңір тұрғындары қатысты.

Штабтың ашылуы өңірлік сайлауалды науқанның алғашқы маңызды іс-шараларының бірі болды. Басқосу барысында штабтың алдағы қызметі таныстырылып, сайлау кезеңінде атқарылатын жұмыстардың басым бағыттары нақтыланды. Сондай-ақ сайлауалды үгіт жұмысының заң талабына сай жүргізілуі, халықпен тиімді байланыс орнату және сайлаушыларды кеңінен ақпараттандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қазақстан Халық партиясының Алматы облыстық филиалының төрағасы Еркебұлан Дудабаевтың айтуынша, штаб жұмысының басты мақсаты – сайлауалды үгіт кезеңінде тұрғындарды жан-жақты ақпараттандырып, халықтың пікіріне құлақ асу.
– Бүгін сайлауалды кезеңнің ресми басталуына байланысты облыстық штаб жұмысқа кірісті. Алдағы уақытта үгіт жұмыстарын заң аясында жүргізіп, тұрғындарға сайлау туралы толық ақпарат береміз. Ең бастысы – халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, олардың ұсыныс-пікірлерін назарға алу. Сайлау барысында ел сеніміне ие, беделді әрі белсенді азаматтардың халықпен етене жұмыс істеуі маңызды. Біз үшін ең үлкен баға – сайлау қорытындысында халықтың беретін бағасы, – деді филиал төрағасы.
Оның айтуынша, партияның сайлауалды жұмысы тұрғындармен ашық диалог орнатуға және өңірдегі өзекті мәселелерді назарға алуға бағытталады. Осы арқылы халықтың сенімін ақтап, сайлау науқанының барлық кезеңін заң талаптарына сәйкес өткізу көзделіп отыр.
Шара барысында штаб құрамындағы сенімді өкілдердің, үгітшілердің және партия белсенділерінің міндеттері де айқындалды. Олар алдағы уақытта өңірдің барлық аудан-қаласында тұрғындармен кездесулер өткізіп, партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырады. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары және қоғаммен байланыс бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілмек.
Ресми бөлім аяқталғаннан кейін үгіт топтары Қазақстан Респуб­ликасының сайлау заңнамасына сәйкес арнайы белгіленген орындарға үгіт материалдарын орналастыру жұмысына кірісті. Осылайша облыстық сайлауалды штаб өз жұмысын тек ресми түрде бастап қана қоймай, сайлаушыларды ақпараттандыру бағытындағы алғашқы нақты іс-шараларын жүзеге асырды.
Партия өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта штаб жұмысы халықпен тұрақты кездесулер ұйымдастыруға, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін жинақтауға және сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын кеңінен түсіндіруге бағытталады. Бұл өз кезегінде сайлау науқанының ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етіп, қоғам мен партия арасындағы өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Тоғжан Жолдығали