Ұйғыр ауданында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатындағы бірқатар қадамдар өз жемісін беруде. Сондай нақты әрі ауқымды жұмыстардың бірі – Қытай инвесторларымен өткен кездесу.
Аудан әкімі Бота Елеусізова бүгінде ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу мен экспортқа шығаруда жетекші орын алатын алпауыт компания «Алматы Синтей» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Ян Цинхаймен жүздесті. Еліміздегі инвестициялық ірі жобаларды жүзеге асыруда зор мүмкіндігі мен мол тәжірибесі бар аталмыш компанияның басшысымен кездесуде ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру, өндіру, сату және экспортқа шығару мәселелері талқыланды.
Компания жоспарларының қатарында өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және экспортқа шығару бағытындағы жобалар бар. Сондай-ақ кәсіпкер ауданда жүгері өсіруге арналған жылыжай кешенін салу, өрік өнімін өңдеу зауыты мен құс фабрикасын ашуға ықыласты. Бұл аудан үшін өте ірі жобалар екенін ескерген аудан басшылығы өз тарапынан да ұсыныстары мен талап-тілектерін жеткізді. Келісімшарт жасалған жағдайда бұл компания аудан халқын арзан бағада жоғары сапалы өнімдермен қамтамасыз етуі қажет. Сонымен қатар өңір тұрғындарын жұмыспен қамтуы тиіс. Аудан әкімі Бота Серікқызы компания басшылығына осындай талаптар қойды.
Аудандағы ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік бөлімінің мамандары да жобаларға қатысты сұрақтарын жолдады. Ян Цинхай ауданда жүзеге асыруды көздеп отырған жобалар турасында егжей-тегжейлі айтып берді.
Ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында жасалған бұл қадам алдағы уақытта өз жемісін береді деген үміттеміз.
Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы