Қарасай ауданында пара жеңіл атлетикадан ересектер мен жастар арасында Алматы облысының чемпионаты өтті. Жарысқа аудандар мен Қонаев қаласынан көру қабілеті нашар және тірек-қимыл аппараты зақымданған 150-ден астам спортшы қатысты.
«Дене шынықтыру мен спорт – мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтудың және денсаулығын нығайтудың тиімді құралы. Міне, осы мақсатта облыста мүгедектер спортын дамыту дирекциясы жұмыс істеуде. Бүгінде әр өңірде спорт үйірмелері ашылды. Мәселен, қазір жеңіл атлетикамен 300-ге жуық адам айналысады. Былтыр аталған чемпионатқа 60-тан астам спортшы қатысса, биыл олардың саны 150-ге жетті. Бұл Алматы облысында пара жеңіл атлетиканың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді», – деді Алматы облысы бойынша мүгедектер спортын дамыту дирекциясының басшысы Нұрдәулет Күлсейітов.
Чемпионатқа қатысушылар жеңіл атлетиканың төрт түрінен: жүгіру (100 м, 200 м, 400 м, 800 м және 1500 м), ұзындыққа секіру, ядро, диск және найза лақтырудан сынға түсті. Әрине, мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысып, жарысқа қатысуының өзі – жеңіс.
«Былтыр Қазақстан жастар чемпионатында жеңіл атлетикадан Алматы облысының құрамасы жақсы нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте 2-орын иеленді. Құрама сапында спорт шеберлері, ірі турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері болды. Біз пара спортшылардың жеңіске деген ерік-жігеріне әрқашан тәнтіміз. Бүгінгі жарыста Қарасай, Талғар және Еңбекшіқазақ ауданының спортшылары басым түсті. Үздік шыққандар биыл маусым өтетін Қазақстан Республикасының 7-ші жазғы спартакиадасына қатысу үшін Алматы облысының құрамасына іріктеледі», – деді жарыстың бас төрешісі Елена Басистова.
Жарыс қорытындысы бойынша, жүгіруден – Енбекшіқазақ ауданының спортшылары Зәмзагүл Серікқалиева, Меруерт Юсупова, Ерасыл Солтанғалиулы, Талғар ауданынан Қарақат Серікқызы мен Мақсат Қалиқанов, қарасайлық Айдана Ермекбаева мен Камила Жанәділова; мүгедектер арбасындағы жарыстан – Абдуваит Хамитов (Ұйғыр ауданы) пен Эльмира Сабыралиева (Карасай ауданы); ұзындыққа секіру, ядро, диск және найза лақтырудан – қарасайлық спортшылар Берік Қартбай Азамат Нұралиев, Ақжол Қатарбеков, Іле ауданынан келген Еркебұлан Қадыров, Марал Борантаева, жамбылдық Марат Ерасыл, Талғар ауданынан қатысқан Бауыржан Әбілов, Айнұр Тайжанова, Еңбекшіқазақтан келген Гүлім Ермұханкызы жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінді.