Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп, мәртебесін биіктету – бүгінгі борышымыз. Қазақ елі мәңгілік жасауы үшін тілі өміршең болуы қажет. Осы орайда облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бастамасымен аудан-қалаларда тіл фестивалін ұйымдастыру қолға алынды.
Аталмыш шара мемлекеттік тіл арқылы ұлттар бірлігін нығайтуды, халық арасында қазақ тілін терең меңгеруге серпін беруді көздейді.
Басқарма жоспарына сәйкес, алғашқылардың бірі болып Еңбекшіқазақ ауданында тіл фестивалі кең көлемде ұйымдастырылды. «Тіл – тұтастық туы» тақырыбымен Т.Молдағалиев атындағы Мәдениет үйінде өткен іс-шараға тіл жанашырлары, аудан тұрғындары, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Сондай-ақ облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма тарапынан құрылған комиссия мүшелері фестиваль жұмысын тамашалап, әділ бағасын беру үшін арнайы келді.
Мәдениет үйінің фойесінде аудандық кітапхана Еңбекшіқазақ жерінен шыққан ақын-жазушылардың шығармаларынан көрме ұсынса, Есік археологиялық өлкетану музейі ауданның тарихынан сыр шертер құнды жәдігерлерін таныстырды. Сондай-ақ белгілі суретші, этнодизайнер Құрманғазы Қадыровтың ұлттық құндылықтарды паш еткен өнер туындылары көптің назарына ұсынылды. Ал Қаракемер Мәдениет үйінде дәріс алатын жыршы-термеші жасөспірім ұл-қыздар фестиваль қонақтарына жырдан шашу шашты.
Фестивальдің шымылдығын ашып, сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Ерболат Сарабеков: «Елімізде мемлекеттік тіл – қазақ тіліне деген құрмет артқан сайын, тұрақтылық пен бірлік те мызғымас күшке ие болады. 54 түрлі этнос өкілдері мекендейтін Еңбекшіқазақ ауданындағы ынтымақ мұндағы қазақ тілін қолданушылар аясы кең екенінің бір көрінісі», – деп алдағы уақытта да бұл салада тиісті жұмыстар жалғасын табатынын айтты. Сонымен қатар Ерболат Сарабекұлы мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетіп, қазақ тілінің қанатын кеңге жаюына үлкен үлес қосып жүрген тіл жанашырлары мен қоғам белсенділеріне Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің Алғыс хаты мен марапатын табыстады.
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Нұрмаман Оқас: «Жалпы, тілімізді сақтау, оны ғылымның, озық технологияның тіліне айналдыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Басты мақсатымыз – қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру», – дей келе, «Тілді дамыту мәселесінде мәжбүрлеу, күштеу тәсіліне емес, ақыл-парасатқа сүйену қажет. Тілді тілге қарсы қою – қателік», – деп, қазақ тілін бірлік пен ынтымақ тілі ретінде дәріптеуіміз керектігін де тілге тиек етті. Фестивальдің негізгі мақсаты да осы, ел бірлігін сақтау, мемлекеттік тілдің елдегі бірлік пен ынтымақтың ұйытқысы екенін халыққа жеткізу.
Осы ретте аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен тіл оқыту орталықтарының қолға алған жұмысы ауқымды. Есік қаласы мен Шелек ауылында «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы жұмыс істеп, бүгінде мемлекеттік тілді үйренемін деушілерге бар жағдай жасап отыр. Былтыр аталған оқу орталықтарында 481 азамат қазақ тілін үйренсе, оның 281-і – өзге этнос өкілдері. Сондай-ақ «Қазтест» жүйесі негізінде диагностикалық тестілеуден 1415 адам өткен. Аудандық бөлім мен тіл оқыту орталықтары былтыр өңірде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мақсатында жүзден астам түрлі іс-шара өткізген. Олардың ішінде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма ұйымдастырған облыстық байқауларға аудандық іріктеулер, қоғам белсенділерімен, жастармен, тіл жанашырларымен кездесулер, семинар-тренингтер, ішкі-сыртқы жарнама тілінің мағыналы, мазмұнды, әрі қатесіз дұрыс жазылуын қадағалайтын рейд жұмыстары бар. Атқарылған жұмыс қорытындылары жайында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде мақалалар да жарияланып келеді.
«Жыл басынан 8 ауылдық округте рейд жұмысы жүргізілді. Маңдайша жазулары және жарнамалардың сауатты жазылуына тексеру жүргізу барысында кәсіпкерлер мен кейбір мемлекеттік мекеме басшыларына ескерту жасалды», – деді өз баяндамасында тіл жанашыры Әнел Жапанова.
Өз ортасында қазақ тілін дәріптеп, мемлекеттік тілдің жанашыры болып жүрген өзге этнос өкілдері де мінберде сөз сөйлеп, тәжірибелерімен бөлісті. Ары қарай фестиваль концерттік бағдарламамен жалғасып, мәдени мұраға айналған жыр мен терме, ән мен күйдің озық үлгілері халық назарына ұсынылды.
Қазақ тілі – ұлттың рухани байлығының, мәдениеті мен тарихының алтын діңгегі. Ал 2023-2029 жылдарға арналған Тіл тұжырымдамасы – осы ұстанымды нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Бұл құжат елімізде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оны меңгеру деңгейін арттыру және қазақ тілін халықаралық деңгейде насихаттау мәселелерін қамтиды. Осы тұжырымдама аясында мемлекеттік тілді дамыту бағытында ауқымды жұмыстар әлі де жалғаса бермек. Ал тіл фестивалінің қорытындысы қыркүйек айында жасалып, мемлекеттік тіл саясатын жүргізудегі аудандардың жұмысына нақты баға берілмек.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы