Жыл сайынғы дәстүрлі «Worldskills-Qonaev-2025» байқауы Алматы облысындағы көптеген колледж студенттерінің басын қосып, онда жастар тек кәсіби білім ғана емес, сондай-ақ зияткерлік және ой-өрістерінің ұшқырлығы жағынан да бақ сынасты. Осы тұрғыда бұл байқау болашақ мамандардың кәсіби шеберлік алмасу алаңына айналды.
Беделді байқауда облыстағы 20 колледждің өкілдері өзара сайысқа түсті. 110 студент 13 аталым бойынша өздері таңдаған мамандықтарынан кім мықты екенін анықтау үшін тартысты. Үш күн жалғасқан жарыс үдерісі барлық қатысушы үшін диалог алаңы, тәжірибе алмасу орны ғана емес, сонымен қатар кәсіби шеберлік, жетілу және қабілеттілік емтиханы болды.
Байқаудың дәстүрлі жабылуы Талғар қаласындағы М.Бейсебаев атындағы агробизнес және менеджмент колледжінің үлкен мәжіліс залында өтті. Онда жарыстың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздардың есімдері жарияланды. Құттықтау рәсіміне облыстық білім басқармасы кәсіптік білім бөлімінің бас маманы Кенжегүл Дүйсентаева, байқаудың бас сарапшысы, облыстық мәслихат депутаты Серікхан Әділханов қатысты. Салтанатты шара басында «Worldskills-Qonaev-2024» байқауының бұрынғы жеңімпаздары эстафетаны қазіргі марапат иелеріне табыстатады. Облыстық білім басқармасының бас маманы Кенжегүл Дүйсентаева құттықтау сөз сөйледі.
– Байқаудың үш күні сіздердің кәсіби қабілеттеріңізді көрсетіп, өз ісіңіздің нағыз шеберлері екендеріңізді айқындады. Биылғы жылды ел Президенті «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады және ол сіздердің дәл сондай мамандықтарды таңдап, дұрыс жолмен жүруіңізге тағы бір түрткі болды. Барлық уақытта еңбек адамы жоғары бағаланды және қоғамда жақсы танылды. Бүгінгі күні де жұмысшы мамандықтарын меңгеру – уақыт талабы. Осы тұрғыдан алғанда «Worldskills-Qonaev-2025» байқауы тәжірибе алмасу және кәсіби шеберлікті көрсету алаңы ғана емес, нағыз еңбек мерекесі болды. Сіздерді алған орындарыңызбен және марапаттарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі жеңімпаздар енді республикалық чемпионатта бақ сынайды. Бәріңе жеңіс пен жаңа жетістіктер тілеймін! – деді ол.
Одан әрі салтанатты шара жеңімпаздарды марапаттаумен жалғасты. «Мобильді қосымшаларды әзірлеу» аталымында Талғар политехникалық колледжінің оқушысы Артем Марченко 844 ұпай жинап, бірінші орынға ие болды. Әмір Мамыров пен Ильхам Смажанов екінші және үшінші орындарды иемденді. «Желілік және жүйелік әкімшілендіру» аталымында Талғар политехникалық колледжінің студенті Азамат Әсемхан жеңімпаз атанды. «Төменгі сыныптарда сабақ беру» аталымы Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің студенті Шахинур Абдуллаева үшін өте сәтті болды. Алматы облыстық инновациялық технологиялар колледжінің өкілі Арайлым Сапарғали «Шаштараз өнері» аталымында алдына жан салмады. «ВЕБ-технологиялар» аталымында Талғар политехникалық колледжінің студенті Әділ Гафаров алтын медальға ие болды.
Қалған 8 аталым – аспаздық өнер, дәнекерлеу технологиясы, шанақты жөндеу, сән технологиясы, графикалық дизайн, электр монтаждау жұмыстары, жеңіл автокөліктерді жөндеу және оларға қызмет көрсету бойынша да жеңімпаздар марапатталды. Олардың барлығы тиісті сертификаттармен бірге ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Өте қызықты әрі тартысты өткен «Worldskills-Qonaev-2025» чемпионаты жұмысшы мамандықтарын таңдап, өз дағдыларын дамытуға уақыт пен күш жұмсауға дайын көптеген баланың жадында ұзақ сақталатыны сөзсіз. Себебі бұл мамандықтар қоғамның дамуында маңызды рөл атқарумен бірге мансаптық өсу үшін көптеген мүмкіндік береді.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы