Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – тәуелсіз елдің тірегі. Байтақ қазақ жерінде бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан сан түрлі этнос өкілдерінің жүрегі бір, тілегі ортақ. Осынау бірлік пен ынтымақ 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Еңбекшіқазақ ауданында өткен мерекелік іс-шарада жүректерге жылу сыйлады.
Жамбыл атындағы жастар саябағына жиналған аудандағы славян, ұйғыр, күрд, түрік, шешен-ингуш және грек этномәдени орталықтары шатыр тігіп, салт-дәстүрлері мен мәдениетінен, қолөнерінен сыр шертер көрмені көпшілік назарына ұсынды. Ұлттық киімдерін киіп, іс-шара қонақтарына ән-жырдан шашу шашып, тіл үйірер ұлттық тағамдары мен сусындарынан дәм татқызды.
2025 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп атағаны баршаға белгілі. Ел экономикасы мен әлеуметтік дамуына үлкен үлес қосып отырған жұмысшы мамандықтар дайындайтын аудандағы Есік кәсіптік-техикалық колледжі, Жетісу гуманитарлық техникалық колледжі, Есік медициналық колледжі, Қаракемер кәсіптік колледжі мен Шелек политехникалық колледжінің де көрмесі көпке ұсынылды. Педагогтер мен студенттер іс-шара қонақтарына оқу орындарын, онда оқытылатын мамандықтарды таныстырып, жетістіктерімен бөлісті.
Мерекелік концерт басталмас бұрын Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығына орай саябаққа ағаш көшеттерін отырғызып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
Аудан халқы мен қонақтарын Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаған аудан әкімі Талғат Байеділов: «Биыл – Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды. Бірлік, татулық және ынтымақ – елдігіміздің мызғымас тұғыры, мемлекетіміздің басты құндылығы екенін ескерсек, Қазақстан халқы ассамблеясы осы идеологияны нық сеніммен, жүйелі жүзеге асырып келеді. Осынау ел үшін маңызды да күрделі істе бірлесіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тығыз жұмыс істеп жатқан этномәдени орталықтар, ақсақалдар мен аналар алқаларына зор алғысымды білдіргім келеді!», – деді.
Ел татулығы мен бірлігін биік қойып, осы іске үлкен үлес қосып жүрген жандар Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 8 сәуірдегі Жарлығы бойынша «Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Қоғамдық іс-шараларға белсенді атсалысып жүрген этномәдени орталықтардың мүшелері, аудандағы колледждер мен кейбір мектеп басшылары да мерекеге орай аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды. Іс-шара халық достығын паш еткен концерттік бағдарламамен жалғасты. Әр ұлттың әнін әуелетіп, биін нақышына келтіре билеген «Улыбка», «Бахар», «Ирада», «Картал» ансамбльдері көптің көңілінен шықты.
Ортақ Отанда өсіп-өніп, бір мақсат пен бір мүддеге жұмылған жандардың жарасқан береке-бірлігі мәңгілік болғай!
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы