Кейде көне суреттерді көргенде, жан дүниеңді селт еткізер сәтті көзіңе елестетіп, жүрегің лүпілдеп соғатыны бар. Жақында замандас, қаламгер-дос, әріптесім Марат Тоқашбаевтан бір сурет алдым. Сол суретті әріптес інім, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-журналист Бейсембай Сүлейменов те желіге салыпты.
1973 жылдың шамасы. Алматы облыстық «Жетісу» газеті. Мен 1971 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп, аспирантурада орын болмай, сырттай оқуға түсуге мәжбүр болдым. Жұмыс іздеп, біраз сенделіп жүрдім десе де болады.
Қазақ теледидарының жастар редакциясында штаттан тыс қызмет істеп көрдім. Атақты суретші Сахи Романов туралы хабар жасадым. Енді жұмысқа ілінермін дегенімде, орын болмайтыны туралы хабарды естідім.
«Лениншіл жасқа» келдім. Марқұм Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз «Жерлес екенбіз, жұмысқа ала алмаймын» деп шынын айтты. Жазғандарыңның бәрі ғылыми мақала екен деп бір қайырды. Содан «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы, марқұм Ұзақ Бағаевтың қабылдауына бардым. Обалы не керек, дипломымды, оның қосымшасын қарап шықты. Оның үстіне атақты профессор Бейсенбай Кенжебаевтың шәкірті екенімді білген соң, жылылық танытты.
– Корректорлық қызмет бар. Қаласаң жұмысқа алайын, – деді.
Бірақ корректорлық қызметке барғым келмеді. Қалайда журналист болғым келді. Мүмкін тағдырымның осы арнаға түскеніне сол келіспеген мінезім де себепкер болған шығар. Сонымен, Алматы облыстық «Жетісу» газетіне келдім. Газеттің бас редакторының бірінші орынбасары Сарбас Ақтаев жылы қабылдады. Біраз әңгімелестік, жағдайымды білді. Жетім өскен күндерім туралы да айтылды.
– Газетте бос орын жоқ. Талабыңды танып тұрмын. Бір кеңес айтайын. Әзірше қаламақыға жұмыс істе, жаз, газет жанрларын үйрен. Қалай болғанда да журналист мамандығының қыр-сырын әлі білмейсің ғой, – деді.
Сөйтіп, мені партия тұрмысы бөліміне жіберді. Бөлім меңгерушісі Баймолда Мусин екен. Таныса келе, Баймолда Мусин ағамыз екеуміз бір ауданда туған болып шықтық. Атақты Жамбыл ауданы. Кезінде «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерішісі болған екен. Көп сөйлемейтін, аса салмақты адам көрінді.
– Үйіңе қайт. Таңертең суреттеме жазып әкел, – деді ол.
Сахи Романов жөніндегі дайын материалдар негізінде алты беттік суреттеме жазып әкелдім. Оқып шықты. Тақырыбын өзгертіп, материалды алып, Сарбас Ақтаевқа кірді. Мені де ерте барды. Қабылдау бөлмесінде тұрмын. «Қалай болар екен?» деп жүрексінгенім де рас.
Сарбас Ақтаев ағай материалды оқып шығып, төбесіне нөмірге деп қол қойып берді. Жауапты хатшы Жанәбіл Темірбеков басын шайқады. «Нөмірге салу оңай емес. Макетті бұзу керек», – деді де секретариатқа алып келді. Секретариатта жап-жас жігіттер отыр екен. Таныстық. Рахымжан Өтегенов, Марат Тоқашбаев, Тұрлыбек Мәмесейітов және жауапты хатшының орынбасары Ислам Бейсебаев. Нөмердің жүргізушісі – Рахымжан Өтегенов екен. Ол газеттің үшінші бетін бұзып, суреттемені көрнекі жерге қоя салды.
Түнгі кезекшілікте Рахымжанның қасында болдым. Баспахананы көрдім. Корректор бөлмесінде отырып, терілген мақаламды оқып бердім. Ертесіне газетте мақалам жарқ етіп көрінді. Сол күннен бастап, Рахымжан Өтегенов жаныма жақын дос болып кетті. Олардың барлығы газетте қызмет істей жүріп, журналистика факультетінде сырттай оқиды екен.
Алты ай да өте шықты. Журналистиканың барлық жанрларын осы алты айда игердім-ау деп ойлаймын. Алты айдан кейін бүгінде көрнекті ғалым, профессор Дандай Ысқақов М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасына оқуға түсті. Босаған орынға қызметке алындым.
Партия тұрмысы бөлімінде ай сайын бір рет шығатын «Жас түлек» жастар бетін шығара бастадым. Бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болып сайландым. Сол жастар бетіне Рахымжан Өтегенов, Марат Тоқашбаев, Тұрлыбек Мәмесейітовтің мақалалары кезекпен-кезек жарияланып тұрды. Біз қаламдас достарға айналдық.
Хош дедік. Енді айтып өткен сурет тарихына қайта оралайық. Секретариатта – қызу өмір. Мақалалар, сұхбаттар, очерктер запаста тұрады. Олардың тағдыры осы үш әріптестің қолында. Қай мақала, қай күнге жоспарланады, соларды макетке салып отырады.
Бірде секретариатқа кірсем, Рахымжан дос курьер болып жұмыс істейтін Күлтай дейтін қызға қалжыңдап, өлең шығарып тұр екен. Күлтай да қалжыңға бай, қылжақпас қыз болып шықты. Рахымжан баспаханаға курьер Күлтайды жұмсар алдында:
Шалқай десең, шалқайған,
Қайқаң десең, қайқайған
Айналайын, Күлтайдан, – деп мадақтап жіберді.
Осы кезде фотосуретші кіре қалды. «Кәне, сендерді тарихта қалдырайын», – деп фотоаппаратын шырт еткізді. Сол жақта – Рахымжан, Күлтай, мен және Марат Тоқашбаев. Содан бері, шіркін-ау, 52 жыл өтіпті.
Рахымжан Өтегенов жақсы ақын еді. Өлеңдері әр газетке жарияланып тұратын. Бұл, әрине, біздер үшін той!
Бір күні Рахымжан Өтегенов әскерге шақырылды. Хат жазып, өлеңдерін жіберіп тұрды. Содан әскерден келеріне 5 ай қалғанда секретариатта бір орын босап қалды.
Баймолда Мусин ағай бұл кезде бас редактордың орынбасары еді.
– Рахымжан досың келгенше секретариатта істей тұр. Орынды ұстамасақ болмайды. Бес айға ешкімді қызметке алмайық. Обал болады ғой, – деді.
Амал жоқ, өзімді айдауға жібергендей сезіммен секретариатқа келдім.
– Өкпелеме, – деді Баймолда ағай. – Журналист секретариаттың да жұмысын жақсы білуге тиіс. Жассыңдар, өсесіңдер, сонда бұл тәжірибе керек болады. Әлі рахмет айтасың, – деп көңілімді аулады.
Секретариат жұмысы оңай емес екен. Макет сызу дизайнердің жұмысындай. Беттегі мақалалар олпы-солпы емес, көркем беттелу керек. Ондағы суреттердің, шрифттердің, колонкалардың көлемінің келісуі, газеттің ажарын ашып тұру керек. Басында ебім жоқ па, әлде тәжірибем жетіспеді ме, біраз қиналдым. Марат келіп бір бетті, Ислам келіп бір бетті сызып беріп жүрді. Солай макет сызудың да қыр-сырын игеріп кеттім. Сарбазды әкесі қалай күтсе, Рахымжан досты да мен сондай күттім. Бес ай да өте шықты. Рахымжан әскери киімімен редакцияға кіріп келді. «Келді, келді», – деп, Баймолда Мусин ағамның кабинетіне алақайлап бардым.
– Кім келді?
– Рахымжан Өтегенов келді!
Сол күні өзімнің бөліміме оралдым. Кейін бүгінгі «Ұлан», «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан» газеттерінде бас редактор болып қызмет істегенімде «Жетісу» газетіндегі секретариатта алған тәжірибем көмекке келді. Бұл да бір рахмет айтатын тәжірибе болды.
Рахымжан Өтегеновтің өлеңдері газет-журналдарда жиі жариялана бастады. Аты танымал тұлғаға айналды. «Ұлан» газетіне қызметке шақырдым. Газеттің әдебиет бөлімін басқарды.
«Лениншіл жасқа» бас редактор болып қызметім ауысты.
– Уәке, көп кешікпей «Лениншіл жастың» әдебиет бөліміне де алып кетерсің, – деп еді ол. Бірақ оның реті келмеді. Рахымжан дос «Қазақ әдебиеті» газетіне ауысып кетті.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Рахымжан Өтегенов қырық төрт жасында өмірден өтті.
– Әр ақынның өзі дүниеден көшкенімен, оның өлеңдерінің жеке өмірі басталады. Әр өлең жолында ақынның өмір иірімдері, сезім мен көңіл-күйі көрініп тұрады. Осыған қарап, ақын тағдырының сыры мен мұңын, қуанышы мен бақытын, сан- сезім күйін сезінесің.
Рахымжан екеуміз құрдас едік. Он айлық үлкендігім бар. Бірақ екеуміздің арамыздағы достық қатынасымызға түйдей құрдастық жарасатын.
Жетпіс бес жасқа келгенде, жас күнгі достың рухымен, оның өлеңдері арқылы сырласуға тырыстым. Қолымда – «Ақын болып жаратылған бұл жүрек», екіншісі «Қайта оралшы аққуым» деп аталады. Біріншісінің алғысөзін тай-құлындай бірге өскен досы, ардақты азамат, жазушы-журналист Марат Тоқашбаев жазыпты. Екінші алғысөздің авторы – көрнекті ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Болат Үсенбаев. Екеуі де Рахымжан досымның ақындық мектебі жерлес ақын Тұманбай Молдағалиев ағамыздан бастау алатынын келтірген. Рахымжан, Марат, Мәлік дейтін үш дос жұптарын жазбай өмір өткелдерінен өткен еді. Тұманбай ағалары үш досқа арнап өлең де жазған болатын.
… Бірің көкте, бірің жерде қалсаң да,
Өтінемін, бір-біріңнен көрмеңдер…
Ағалық наз. Өмір кімді, қайда жетелейді, кім қандай дәрежеге жетеді, сондықтан да достықты сақтап қалу парыз деп Тұмағаң жыр арнайды. Марат Тоқашбаев дос ретінде, бауыр ретінде Рахымжан Өтегеновтің мұрасын жинастырып, зерттеп, кітап етіп шығарды. Іздеушісі, жоқшысы болып жүр. Мың рахмет, саған Марат дос!
Кез келген адамның өмірге таласы бар. Рахымжан да өзінің алдындағы ағаларымен бірге ақындық айдынында қатар жүрді. Өз тақырыбын, өз арнасын іздеді. Алдында Тұманбай, Мұқағали, Қадыр ағалары тұрды. Газетте бірге қызмет істеген Кеңшілік Мырзабеков пен Тынышбай Рахимов, Дәуітәлі Стамбеков сынды ақындармен иық тіресті. Олар өздері поэзияда бір толқын болып келді. Өлең өлкесінде олар селдей ақты. Тұмағаңның «Ақынға да ақыл керек» дейтін тұсы осы кез еді.
…Өздерің сілтеген соң барып маған,
Қуанам, құлшынамын, шабыттанам,
Өмірден сыбағамды алайын деп,
Асығыс алға қарай ағып барам.
Ақындарда ішкі бір көріпкелдік бар десем жаңылмаспын. Олар өмірде өздері шығатын биіктікті де, күйікті де болжай алатын көрінеді.
Поэтикалық «мені» лирикалық өлеңдердің қан тамырларындай бір-бірімен тамырласып жатады. Әр өлең жолынан ақынның эволюциялық өсуі мен рухани кемелдену жолын көруге болады.
«Туған жер» деген өлеңінің соңғы бір төрт жолына назар аударалықшы:
Намысты үсті-үстіне жанып алып,
Тұнбаңа шөліркесем қанып алып,
Шыққанда маңдайымнан иіскерсің,
Ішінен топ жүйріктің танып алып.
Ақын ұйқас таппай «жанып алып», «қанып алып», «танып алып» деп бекер айтып отырған жоқ. Ол туған жерге еркелейді. Өзінің кім екенін таныстыру үшін осындай жыраулық поэзияның элементтерін орынды пайдаланады.
Орындап адамдардың бар арманын,
Кімдерге шуақ болып таралмадың?
Кейбіреу жүрер сені жаратқандай,
Ұмытып, сенен өзі жаралғанын, – деп жырлайды «Жер» деген өлеңінде.
Бұл – ақынның туған жер алдындағы парызы мен қарызы. Жерді шексіз пайдалану, экологиялық зардапқа ұшырату, адамдардың қолымен істелгенін меңзейді. Яғни, Рахымжан Өтегенов өзін ешқашан туған жерден, топырақтан, даладан, өзен-судан, тау-тастан бөліп қарай алмайды. Өйткені, ол ұлттың рухы бұзылмаған, атақты Шыңғыс Айтматов «Жер-Ана» деп аялаған, асыл ойлардың рухымен ер жетті.
Ғашықпыз ғой қашаннан табиғатқа, о, жаным,
Шырқайтұғын жалықпай, көктем әнін, жаз әнін.
Көшіп-қонып, қысы-жазы малды ғана бақпапты,
Туған жерін күзетіп жүріпті ғой, қазағым.
Міне, дәл айтылған философиялық түйін. Қазақ Ұлы далада мал бағып қана жүрмепті. Ол осы ұлан даланы, қазақ даласын күзетіп жүріпті. Ақындық жүрек, ақындық көркем ой кестесі осылай жан дүниеңді баурап алады.
Әкеге арнаған өлеңі де мықты поэтикалық күшке ие.
…Көтер, әке, басыңды, құсың келді,
Айнымаған қоп-қоңыр түсің келді.
Айтқанын екі етпей орындауға,
Тауды бұзып, тас жарар күшің келді.
Ал ана туралы ақын жүрегінің лүпілін мына жолдардан көресің:
…Соңғы кезде түсіме көп енесің,
Сағынғаным өзіңді шығар менің.
Аймаласа бір кемпір немересін,
Босағанын көңілімнің ұғар ма едің?
Бұл ақын жүрегінің анаға деген өшпес сезімінің сәттері.
…Жүрсің-ау, ана, бір тойға ұзақ жиналып,
Келердей ұлың бақытты барлық үйге алып.
Ең соңғы рет жинаған өзің жүгіңді,
Бұза алмай жүрдік, көп күндер біздер қиналып.
Иә, шын сөз. Көрнекі сурет – анаға деген құрмет. Кішкентай деталь арқылы ақын ананы асқақтады, жүрегін жылатыды, өзін жұбатады.
Рахымжан өлеңдері сан түрлі, сан қырлы. Тұманбай Молдағалиев ағасына арнаған цикл өлеңдері, «Солдат сырлары» деп аталатын он жыр, «Көктем көріністері», «Қыс қызықтары», балладалары мен поэмаларынан Рахымжан ақынның жыр тұмасы кең, табиғат пен адам жанының жақындағын аса сезімталдықпен суреттегенін көресің. Әрине, махаббат лирикасы да Рахымжан ақынның сулұлыққа, адалдыққа, әдемілікке жалпы көркемдікке құмарлығы жүректі селт еткізеді. «Сағына берем», «Сүйкімдісі бұл қырдың», «Айлы түн», «Күлкің қандай сүйкімді», «Ару – күлкі кетпейді құлағымнан» тағы да басқа өлеңдерінде махаббат сезімінің ізі сайрап жатыр. Махаббат пен сұлулық, тазалық көркем бейнеге айналады.
Ән тыңдадым құрсақтан:
Сыбдыр-сыбдыр.
Ән тыңдадым бұлақтан:
Сылдыр-сылдыр.
Ару күлкі жаныма нұр құяды,
Аспанымнан естіліп:
Сыңғыр-сыңғыр.
Қандай әдемі форма? Қандай әдемі ой? Нағыз поэзия! Уақыт бәріне төреші.
…Көзімнен ғайып болып нұрлы шағым,
Шырылдап, бозторғайдай қырға ұшамын…
Ей, уақыт, өтінемін, алдамашы,
Сәулемді ең құрыса бір құшайын.
Сәуле-ғұмыр. Дүние-жарық. Ақын ғажайып дүние-дәуреннің үзілер шағын сезінгендей жырымен сырласады, ұлымен қоштасады.
…Қарашы, ұлым,
Нұрлы еді дала қандай,
Жақынына біздерді балағандай!
Күміс күн де мейірмен күлімсіреп,
«Жігіт бол» деп өзіңе қарағандай.
Әке үміті ақталды, ұлы Ерлан Рахымжанұлы заң жолын таңдады. Бұл күнде жігіт болып қана қоймай, тұлғалы азаматқа айналды. Астана қаласының прокуроры болып қызмет істейді.
Ақын жыры өлмейді. Іздеушісі бар.
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,
академик