Биыл Талғар қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы №2 жалпы білім беретін мектебін бітіретін 160-қа жуық оқушының 20-сы – «Алтын белгі» үміткері. Өзім де соның бірімін. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе, 11 жылдық еңбек, табандылық пен төзімділіктің жемісі.
Әр ұстаздың сабағы – өмірлік бағыт, әрбір ескертпесі – қамқорлықтың белгісі. 90 жылдық тарихы бар қара шаңырақтың басшысы Зәмзәгүл Мушрапилова – мұғалім, шәкірт, ата-ана үштігінің қаймағын бұзбай байланыстырып отырған, аяулы жан. Қолыма қалам ұстатып, әріп үйреткен алғашқы ұстазым Арай Дүйсебаева білім жолымның бастауы болып, құлшынысымды оятты. 5-сыныптан жетекші болған Насихат Исаева болашағыма нық қадам жасатып, жол көрсетті. Оның сыныптағы барлық шәкіртке екінші анадай қамқорлық танытып, әрбір ісіміздің оң, қадамымыздың сәтті болуы үшін жанын сала еңбектенгенін ешқашан ұмытпаймыз. Сонымен қатар түрлі деңгейдегі білім бәйгелеріне баптап қосып, бағыт-бағдар берген Насихат Исаева, Венера Мақсұтова, Гүлжан Мұқашева апайларға айтар алғысым шексіз. Олар бойымдағы бұғып жатқан қабілетімді ашуға себепкер болып, жүлделі орындарды иеленуіме өлшеусіз үлес қосты.
11 жыл білім нәрімен сусындаған алтын ұямен қоштасу сәті де келіп жетті. Бұл сөздерді жазу – мен үшін өте қиын. Өйткені мектебімді қимаймын. Мен үшін мектеп – сабақ оқып, емтихан тапсыратын орын емес, екінші үйім, арманымның алғашқы алаңы, болашағымның іргетасы қаланған қасиетті мекен. Онда жүрегімнің бір бөлігін қалдырып бара жатқандай сезінемін. Партада отырып, өмірдің алғашқы сынақтарына төтеп беруді үйрендім. Мектеп қабырғасы мейірімімен өзіне баурады. Күлкімді, уайымымды, арманымды естіді. Оның терезесінен болашаққа қарап ойға шомдым. Ұстаздарымның дауысы, әр сабақтағы естелік, қоңырау кезіндегі достардың күлкісі, бәрі-бәрі жүрегімде жаңғырып тұр. Екінші үйімдей болған білім ордасынан алыстаған сайын, оған деген сағыныш арта беретінін білемін. Сондықтан алтынұямды, ұстаздарымды, онда өткен әрбір сәтті қимаймын.
Алдымда тұрған келесі үлкен қадам – халықаралық қатынастар мамандығын меңгеру. Елімнің атын әлемге танытатын, мемлекеттерді байланыстыратын, болашақ дипломат болу – басты арманым.
Жұлдызай РЫСБЕК,
С.Сейфуллин атындағы
№2 жалпы білім беретін орта
мектебінің 11-сынып оқушысы
Талғар ауданы