1942 жылдың маусым айы. Соғыстың басталғанына 11 ай, 13 күн болған. Содан бері ауылдағы азаматтарды шетінен әскерге шақырып жатты. Мұқамәди (Мұқан) бастаған тоғыз жігіт егіс басында су ұстайды. Мұқан биыл да аяғы ауыр зайыбы Бүбіжарды қасына алып, Қауа, Ырыс секілді келіншектерге қосылып, су ағатын арықтарды тазалап жүрді. Ерлері соғысқа аттанған әйелдер жұмыс істеп жүріп, дамыл-дамыл ән салады, әннің аяғы жылаумен тынады.
Жұмыскерлердің түскі асқа жиналған кезі еді. Тамақ құйған ыдыстарын қолдарына алып іше бастағанда, ауыл жақтан шаңдатып суыт келе жатқан салт атты көрінді. Бұл кісі сол кездегі шабарман Құрманбек деген қарт кісі болатын. Амандықтан соң қалтасынан бір парақ қағаз алып, Мұқамәдиге ұсынды. Мұқан оқып шыққаннан кейін: «Жігіттер, бізді әскерге шақырыпты, ертең сағат 9-да жөнеледі екенбіз», – деп қағаздағы тізімді оқыды.
Ертесі күні шағын кеңсе алдында аудандық әскери комиссариаттан келген кісі жігіттерді түгендеді. Алматыға жеткізуге үш арбаның дайын екенін хабарлады, шығарып салушылар қарасы көбейіп, жылап-сықтап, қоштасып жатыр. Мұқан кішкентай қыздары Күлімхан мен Жамалханның бетінен сүйіп, анасы Ұлбикешке (Ұлша) қарады. Қанша шыдамды болса да, анасының көзінен жерге тамшылап тұрған жасты көрді. Мұқан да босаңқырап, дауысы қарлығып: «Апа, апатайым, балаларыңа ие бол, жылай берме, Бүбіжарың бар ғой жаныңда, аман-есен босанып, ұл туса, сәбиіңнің есімін Жеңіс қой, ал қыз болса, Үміт қой», – деп жанында егіліп, екі көзінен жас парлап тұрған Бүбіжарына қиыла қарады. «Аттандық» деген дауысқа жалт қараған Мұқамәди де топқа ілесіп, жүре берді.
Аяғы ауыр болса да, Бүбіжар жұмыстан қалған жоқ, егін орағы да жақындап қалды. Масақ теру, қырманда астық бастыру қызу жүріп жатты. Көптен бері Мұқамәдиден хабар болмай, көңілі селқос болып жүргенде, майдан даласынан хат та келіп жетті. «Соғысқа кіргелі тұрмыз, уайымдамаңдар. Бүбіжар, кішкентайлы болыпсың, тілеуіміз қабыл болды. Жеңіс батырды жақсы бағыңдар, бір Аллаға аманат», – деп жазған екен. Уақыт не деген жылдам десеңші, кішкентай сәби Жеңістің былдырлап тілі шығып, әжесінің қасында алданыш болып жүріп жатты. Бүбіжар жұмыстан шаршап келсе де, сәбиін көргенде бастан өткен қиындықтарды ұмытып, сергіп қалады. Мұқамәдимен майданға бірге аттанған ауылдастары жаралы болып келіп жатты. Бірақ ешқайсысы Мұқан жайлы дерек айта алмады. Мұқамәди соңғы хатында қасымда Жолшы деген жігіт бар деп жазып еді, ол да жараланып, ауылына оралды. Мұны естіген Ұлша әже ұшып-қонып, Жолшының үйіне барды. «Мұқанымды көрдің бе?» деген сөзді әрең айтып, булығып жылап жіберді. Ай өтті, жыл өтті, еш хабар болмады. Сол кеткеннен мол кетті.
Жиырма бес жасында жесір қалған Бүбіжар ұжымшардың маңдайалды еңбеккері атанды. Тауға шығып, қарағай да кесті, арба айдап, алыс сапарға жүк те тасыды, мал да бақты, кейін сиыр фермасында жүріп, зейнетке шықты.
«Ат тұяғын тай басты» деген осы емес пе, майдангердің ұрпағы Жеңіс те ержетіп, мектептегі оқуын бітіріп, әжесі мен анасының арқасүйеріне айналды. 1968 жылы әскери міндетін абыроймен атқарып, аман-есен Қарасазына оралды. Ұжымшар жұмысына белсене араласты.
Уақыт зымырап өтіп жатты. Жеңіс Базаргүл атты бойжеткенмен көңіл қосып, отбасын құрды. Базаргүл Қарасазда жиырма жыл дәрігерлік қызмет атқарып, жүзден аса баланың кіндік анасы атанды, өзі де балалы-шағалы болды. Жеңіс орман шаруашылығы мамандығын меңгеріп, сол салада жемісті еңбек етті. «Іле Алатауы» мемлекеттік-ұлттық паркінде аға орманшы, бас орманшы, орман шебері қызметтерін абыроймен атқарып, зейнеткерлік демалысқа шықты. Мұқамәдиім келіп қалар деген үмітпен Ұлбикеш әже 1975 жылы 97 жасында дүниеден озды. Бүбіжар ана немерелерін бағып-қағып, Жеңістің 40 жылдық мерекесін қарсы алып, үлкен марапатқа ие болып, ол кісі де мәңгілік сапарға аттанды.
Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған Жеңіс – Мұқамәди әулетінің үлкен ақсақалы болып отыр. Әкесі майданға аттанғанда, іште қалған алты айлық бала қазір 80 жастан асты.
Елеусіз Ахметкерімұлы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Райымбек ауданы