Перейти к содержимому
Главная страница » Тәні саудың жаны сау

Тәні саудың жаны сау

     Апта соңында Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» спорт кешенінде Алматы облысының мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметшілері арасындағы XVII спартакиада болып өтті. Аталған жарысқа Алматы облысы, Қонаев қаласы, 9 аудан әкімдіктерінен және жергілікті атқарушы органдардардан барлығы 16 команда, 700-ге жуық мемлекеттік қызметші қатысты. Спартакиада барысында тоғызқұмалақ, қазақ күресі, шахмат, үстел теннисі, жүзу, 3Х3 баскетбол, арқан тартыс, волейбол және шағын футбол сияқты спорт түрлерінен командалар жарысқа түсті.

Аталған шара 10-18 маусым аралығында Өскемен қаласында өтетін Республикалық Спартакиадаға іріктеу болып саналады. Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Алматы облысының мемлекеттік қызметшілері арасында 1-орынды Кеген ауданы, 2-орынды Райымбек ауданы, 3-орынды Алматы облысының әкімдігі иеленді. Ал, құқық қорғау органдары қызметшілері арасында 1-орын Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша МКҚБ; 2-орын Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментіне бұйырды. Волейбол ойыны бойынша құқық қорғау органдары арасында 1-орынды Алматы облысы және Жетісу облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы алса, 2-орынды Төтенше жағдайлар департаменті иеленді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрсұлтан Сейдалиевтің айтуынша, мұндай іс-шаралар мемлекеттік қызметкерлердің табандылығы мен мақсаткерлігін, ұжымшылдық пен жауапкершілік сезімін арттыруға ықпал етеді.

– Мемлекеттік қызметші – кәсіби маман болумен қатар, қоғамға үлгі болатын тұлға. Сондықтан оның келбеті салауатты өмір салтымен ұштасуы тиіс. Спартакиада – тек спорттық жарыс қана емес, бұл – әріптестер арасындағы ынтымақтастық пен командалық рухты нығайтатын маңызды алаң, – деді ол.

Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Шахарбек те Спартакиаданың қоғамдағы салауатты өмір салтын насихаттаудағы маңызын атап өтті.

– Спорт бүгінде ұлттық идеяға айналды. Мемлекеттік қызметшілер арасындағы Спартакиада – бұқаралық спортты дамыту жолындағы нақты қадам. Мұндай жарыстар дене дайындығымен қатар, ой ұшқырлығын, тәртіп пен ұйымшылдықты талап етеді. Сонымен қатар, бейресми жағдайда әріптестермен жақынырақ танысуға да мүмкіндік береді, – деді ол.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері тиісті дәрежелі дипломмен, арнайы медаль, кубок және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы