Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында түрлі салада еңбек етіп жүрген еңбек адамдарына ерекше көңіл бөлінуде. Осындай қарапайым, бірақ аса маңызды мамандық иелерінің бірі – Қарасай ауданы, Шамалған ауылының тұрғыны Роза Балжанова. Ол көп жылдан бері пошташы болып жұмыс істейді, ауыл тұрғындарына маңызды хат-хабарларды жеткізіп келеді.
Роза Бейсенқызы Қарақалпақстанның орталығы – Нүкіс қаласында дүниеге келген. Әкесі Бейсен – бухгалтер, анасы Бағдагүл жеміс-консерві зауытында лаборант болып жұмыс істеген. Роза әкесінен – ұқыптылықты, нақты ғылымдарға деген сүйіспеншілікті, анасынан – тазалық пен тәртіпке деген ұмтылысты үйреніп өскен.
Мектепті бітірген соң, Роза құрылыс компанияларының бірінде хатшы болып жұмыс істеді. Болашақ жары Амантай сол компанияда «КамАЗ» жүргізушісі болып еңбек еткен. Ол әдемі, ашық-жарқын мінезді қызға көзі түсіп, оны өмірлік жары етуге шешім қабылдайды. Осылайша олар шаңырақ көтеріп, 47 жыл бірге өмір сүріп келеді. Осы жылдар ішінде Жаратушы оларға бес бала, 20 немере сыйлады. Бұл көп жылғы отбасылық берекелі тірліктің жемісі десе болғандай.
Отбасының тірегі Амантай аға өмір бойы көлік жүргізуші болып жұмыс істесе, Роза Бейсенқызы үй шаруашылығымен айналысып, балаларды тәрбиеледі. Бір кездері бау-бақша ісімен де айналысқан кездері болған.
Шамамен ширек ғасыр бұрын олар тарихи Отаны – Қазақстанға көшіп келіп, Шамалған ауылына қоныстанды. Сол ауылда пошта саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан Марина Савчук есімді көршісі Розаны пошташы болуға шақырады.
– Бұл ұсыныс маған қызықты болып көрінді. Бірақ бірден келіспей, алдымен байқап көргім келетінін айттым. Ең басты уайымым жұмысқа икемім болмай қала ма деген қорқыныш еді. Менің ойымша, Марина мені жұмысқа шақырмас бұрын сырттай бақылап, мінезімді зерттеген секілді. Менің қандай адам екенімді білген соң ғана өз ұжымына қосылуға шақырды. Қалай болғанда да, мен бұл ортаға үйренісіп, жұмысымды жақсы көріп кеттім. Бұл менің мамандығыма ғана емес, өмірлік миссияма айналды. Жақында Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновтің Алғыс хатын иелендім. Бұл талай жылғы еңбегімнің ескерілгені деп білемін, – дейді Роза Бейсенқызы.
Роза Бейсенқызы ауыл тұрғындарына жазылу арқылы таратылатын мерзімді басылымдарды, түрлі хаттар мен коммуналдық төлем түбіртектерін, сондай-ақ жаяу жүре алмайтын, төсекке таңылған жалғызбасты қарттарға зейнетақыларын жеткізеді.
– Маған бұл жұмыста ең ұнайтыны – адамдар. Мен хат, газет, зейнетақы апаратын жандар да, менің ұжымым да өте жақсы. Бір-бірімізбен тілдескен сайын, жақсы көңіл-күй алмасып отырады. Пошта қызметін тұтынушылардың көпшілігі – зейнеткерлер. Көбіне олардың балалары өскен соң өз жолдарын тауып, ата-аналары жалғыз қалады. Сол кезде мен олармен сөйлесіп, көңілдерін аулауға тырысамын. Олар маған батасын беріп, ақ тілектерін жаудырады. Сондай сәтте ерекше сезімге бөленемін. Президентіміз бұл жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялағанына да ерекше қуаныштымын. Қоғам мен мемлекет еңбек адамына, қарапайым болса да аса маңызды мамандық иелеріне ерекше назар аударып отыр. Әрқайсымыз өз орнымызда қоғамға, ел экономикасының дамуына, халықтың өмір сүру сапасының артуына үлес қосып келеміз. Мен осындай адамдардың қатарында болғаныма, халыққа пайдам тиіп жатқанына мақтанамын, – дейді кейіпкеріміз.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы




