Ауыл шаруашылығында сұранысқа ие мамандықтың бірі – тракторшы-машинист. Бұл мамандықты 1980 жылдардың басында меңгеріп, сол уақыттан бері осы салада еңбек етіп келемін.
Еңбек жолымды 1984 жылы Кеген ауданындағы Шырғанақ ауылының фермасында тракторшы болып бастадым. Кейін Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылына қоныс аудардық. Көшіп келген күннен Еңбек Қызыл ту орденді Ленин атындағы ұжымшарға жұмысқа орналастым. Ұжымшар тараған соң еңбек жолымды бидай, арпа, мақсары және майбұршақ дақылдарынан элиталық тұқым дайындайтын елімізге белгілі «Түрген» жеке агрофермасында жалғастырдым. Міне, сол күннен бері 30 жылға жуық жұмыс орнымды ауыстырған емеспін. Кезінде өз таңдауыммен меңгерген ісімді жақсы көремін, әрі осы салада жүрген әріптестеріме үлкен құрметпен қараймын. Өйткені тракторшы болу оңай емес. Әрине, әр кәсіптің өз қиындығы бар. Дегенмен, күннің асты, желдің өтінде ауыр техникамен жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондай-ақ техниканың тілін білу керек. Иен далада тракторымыз бұзылып қалатын кездер болады. Ондайда өзіміз жөндеп алып, жұмысымызды ары қарай жалғастырамыз. Өмір бақи трактор айдап жүргендіктен қай жерінде кінәрат барын дереу табамыз. Ал техника жиі бұзылмас үшін сынған, бұзылған жерлерін жасап, көктемгі егіс жұмысына ерте бастан, қыс кезінде-ақ дайындыққа кірісіп кетеміз. Көктемгі егіс науқанында жер жыртып, дән сепсек, ала жаздай бар уақытымыз сол егістік басында өтеді. Күзгі жиын-терін науқаны да қызу қарқынмен жалғасады. Ол кезде комбайн тізгінін ұстаймыз. Жаз бойы атқарған есіл еңбектің дәмін тататын бұл уақыт ауыл шаруашылығы саласында тер төгіп жүрген әр жанға ерекше.
Осы салада жүрген 40 жыл уақытта өзгерістер көп болды. Егін шаруашылығы, дәнді дақылдар өсіру ісіне жаңа жүйелі технологиялар енгізіліп, егіс алқаптарына жаңа заманауи техникалар кірді. Бұрындары қолмен жасалатын көп жұмыс бүгінде автоматтандырылған. Дегенмен, ауыл шаруашылығы саласында жастардың үлесі баяғыдай емес, тым аз. Мысалы, тракторшы жастар жоқтың қасы. Сондықтан ауыл шаруашылығының механизаторларын дайындауға көбірек көңіл бөлінсе дейміз.
Бекболат Қасқарауов,
тракторшы
Еңбекшіқазақ ауданы