Талғар ауданында Жеңістің 80 жылдығына орай ұлттық ат спорты түрлерінің ұмытылмас мерекесі өтті. Дүбірлі додада Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарынан 90-нан астам шабандоз қатысты. Нұра ауылында орналасқан атшабар тұяғымен жер тарпыған тұлпарлар жиналған орынға айналды.
Жарыс қатысушыларын Талғар ауданы әкімдігінің, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері, құрметті қонақтар құттықтады. Олар Алматы облысында ұлттық ат спорты түрлерін дамытуға ерекше мән беріліп отырғанын айрықша атап өтті. Жауапты лауазым иелерінің айтуынша, жылдан-жылға материалдық база кеңейіп, жан-жақты нығайтылып жатыр. Сонымен бірге ат спорты бойынша түрлі облыстық және республикалық жарыстар ұйымдастырылып, тұрақты түрде өткізіліп келеді.
– Мұндай жарыстар патриотизмді насихаттайды, қазақ халқының ұлттық дәстүрлерін сақтауға және жалғастыруға, оның бай мәдениетін сезінуге мүмкіндік береді. Ат спорты түрлері ежелден халық арасында жоғары мәртебеге ие, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Шахарбек.
Аталған жарыс халықаралық сайыстарға қатысатын үздік спортшыларды анықтауға да септігін тигізеді.
– Біздің парызымыз – ұлттық спортты дамыту және ілгерілету. Бұл турнир ұлттық спорт түрлерінің дамуына жаңа серпін беріп, әуесқойлар арасында үлкен қызығушылық тудыратынына сенімдімін, – деп атап өтті Талғар аудандық «Бәйге» федерациясының президенті Серік Қазыбеков.
Шабандоздар 21 шақырым қашықтықтағы «Аламан бәйге» және 9 шақырым қашықтықтағы «Құнан бәйге» бойынша сайысқа түсті. Жарыс басталғанда тұрған орындарынан ырғи секіріп, жүйтки жөнелген тұлпарлар жиналған жұртқа күрестің тартымдылығы мен табандылығы жағынан таңғажайып көрініс сыйлады.
Жарыс қорытындысы бойынша «Аламан бәйгеде» Балқаш ауданының шабандозы Төлеген Асылжан тізгіндеген «Қарақат» атты тұлпар бірінші болып келді. «Құнан бәйге» жарысы да өте тартысты әрі қызықты өтті. Бұл аталымда шабандоз Санжар Иринат шапқан «Жаужүрек» атты тұлпар мәре сызығына бірінші кесті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубок, медаль, грамота және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы