-13 °c
Qonaev
Tuesday, July 1, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Әдебиет

    Қиқуынан қимас ән төгіледі

    21.06.2025
    in Әдебиет, Барлық жаңалықтар
    Қиқуынан қимас ән төгіледі
    0
    SHARES
    3
    VIEWS

         Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Президентінің «Алтын Барыс» төсбелгісінің иегері Шаяхмет Алжамбаев жетпіс жасқа толды. Жуырда «Атамекен» баспасынан қаламгердің «Тырналар қайтқанда» атты жаңа жыр жинағы жарық көрді. Осында шыққан бір топ өлеңін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

     

            Тырналар қайтқанда

    Денені түршіктіріп сыз деміне,

    Жаз өтіп, келіп қапты-ау күз де міне.

    Тыраулап аспанға алқа жасап ұшқан,

    Көз тігем тырналардың  тізбегіне.

     

    Ұзын көштен аумайды-ау керуені,

    Қиқуынан қимас ән төгіледі.

    Сапар шегіп алысқа барады олар,

    Алып-ұшып көктемде келіп еді.

     

    Асқар, асқар таулардан асып әрі,

    Алыс айдын көлдерге асығады.

    Қоштасқандай қол бұлғап қанаттары,

    Мені мұңды ойларға батырады.

     

    Шаттық нұры жанымды құшып төккен,

    Сонау, сонау есіме түсіп көктем.

    Келді бір сәт жастық шақ елес болып,

    Жыл құсындай қол бұлғап ұшып кеткен.

     

    Қызғалдақтай құлпыртқан сезім гүлін,

    Жастық жалын, аңсамас өмірді кім?

    Күздің мынау реңсіз аспанындай,

    Құлазиды-ау шау тартқан көңіл бүгін.

     

    Сағыныштың қалдырған әнін маған,

    Хош, тырналар, қимайды сағым далам.

    Қатыгездің сақтасын оқтарынан,

    Жылы жаққа жетіңдер бәрің де аман.

     

    Зымыраумен күн мен түн жарысуда,

    Бір-бірімен жыл, мезгіл ауысуда.

    Хош тырналар, Жаратқан жазсын бізге,

    Келер көктем аман-сау қауышуға.

     

    Анамның таба наны

    Дүр құлпырған сай-сала  шілде кіре

    Не жетеді жаз жайлау күндеріне.

    Жатушы едік төрінде киіз үйдің,

    Ашып тастап түңлікті, іргені де.

     

    Қыстан әзер шыққан мал тоңып, арып

    Іркілдейтін жайлауда қоңын алып.

    Біз келгенде үш ай жаз демалысқа,

    Әкеміздің қалатын қолы ұзарып.

     

    Жүрегімен ойлайтын бала қамын,

    Ұқпаппыз-ау ол кезде Ана жанын.

    Дастарқанға бәйек боп қоятұғын,

    Жаңа піскен ып-ыстық таба нанын.

    Ып-ыстық нан, сары май дәмің қандай,

    Жез самаурын ішуші ек шайын балдай.

    Ал содан соң доп қуып көк майсада,

    Ойнаушы едік ешнәрсе уайым болмай.

     

    Осылайша шадыман күлдік, өстік,

    Бала көңіл базарын гүл-гүл еттік.

    Өтті өмірден анамыз, әкеміз де,

    Қарс айырып кеудені бір-бір өксік.

     

    Інілерін  көрмеген өкпелетіп,

    Қос ағам да өмірден кеткен өтіп.

    Алматылық боп кеттім менің өзім,

    Анда-санда жыр жазам төкпелетіп.

     

    Жадымда ғой балдәурен шағым әлі,

    Жайлау бардым, қу көңіл сағынады.

    Ақшоқы тұр, Нарын тұр қарағайлы,

    Көзіме ыстық көрінді бәрі, бәрі.

     

    Бәрі де тұр, тек қана Нарындағы,

    Киіз үйлер көзіме шалынбады.

    Құлағыма таныс жел сыбыр етті,

    Өткеніңнің дегендей  сағым бәрі.

     

    Бесін де өтіп, мезгілге екінді еніп,

    Біз де өмірдің келеміз көшінде еріп.

    Дөңгеленді қызыл күн қыр үстінде,

    Таба наны анамның секілденіп.

                                                                    

                          Сәуір

    Өткен қыс батса дағы арқаға тым,

    Сәуір кеп бастап кетті салтанатын.

    Жан бітіп шыға келді табиғатқа,

    Дегендей жырға қосып тамсан ақын.

     

    Қарасам Алатауға ерен алып,

    Гүл бейнесін көктемнің көрем анық.

    Жеткізіп бәрімізге тау сәлемін,

    Мәз болып жатыр әне өзен ағып.

     

    Көз тартса жағалауда  гүл-құрағы,

    Кеудемнен лықсыр мөлдір жыр-бұлағы.

    Шырқалар жаз концертін бастап беріп,

    Сызылтып төгілді әне бұлбұл әні!

     

    Тал, терек қыстан шыққан үсіп, тоңып

    Бүршік жара бастапты бітіп көрік

    Қызыл ала көйлегін мақтан етіп

    Қалқиды көбелектер ұшып-қонып.

     

    Аңқытса жұпарын  жел есіп өткен

    Бойжеткен тамсанады есі кеткен.

    Бойында алысады   бұла сезім

    Бір өзгеріс әкелді-ау осы көктем!

    Жайнап бір көңілдерде сыз қалмайтын

    О, көктем, сәнді маусым жырды арнайтын.

    Мен саған теңеу іздеп әуре болман,

    Бәрін де өзің жырлап тұрғандайсың!

     

     

    Өмір деген осы…

    Бірде шат боп  күлесің,

    Жайнап  көңіл хошы.

    Бірде пәс боп жүресің,

    Өмір деген осы.

     

    Қырсығады кейде,

    Бардай сенде  өші.

    Құлпырады кейде,

    Өмір деген осы.

     

    Тұрса атағы дүрілдеп,

    Бәрі, бәрі  досы.

    Қиналғанда бірі жоқ,

    Өмір деген осы.

     

    Жемқорларың паң қарар,

    Зәрін шашып сесі.

    Ал пақырлар нанға зар,

    Өмір деген осы.

     

    Жығыласың, тұрасың,

    Сөнбей үміт оты.

    Ұнамасын, ұнасын,

    Өмір деген осы.

     

    Тоқтамайтын керуен,

    Замананың көші.

    Жезкиіктей желген,

    Өмір деген осы.

     

    Жақсы, жаман шағың

    Бастан өтер небір.

    Көресің ғой бәрін

    Өйткені бұл – Ө м і р!

     

     

                    Лукреция

      (Ежелгі римдіктердің аңызынан)

              

    Алқып-шалқып, тасып тұрып байлығы,

    Аспанында жайнап тұрып ай, күні.

    Қас-қағымда өз сөзінен кей адам,

    Өз басына тауып алар қайғыны.

     

    Кейде шалқып, шаттансақ та мына біз,

    Кейде көңіл құлазыған құла дүз.

    Қаламымды қолға алдырды еріксіз,

    Римдіктер жырға қосқан бұл аңыз.

     

    Тарквини – патша атақты талайға,

    Секст ұлы әумесер-ді алайда.

    Әне тағы дүрілдетіп Римді,

    Бір той-думан өткізді сән сарайда.

     

    Шарап ішіп, көңілдері шат бәрі,

    Кілең еркек бір әңгіме бастады.

    Жамырасып бір-біріне сөз бермей,

    Үйде қалған әйелдерін мақтады.

     

    Бірі әндетіп, бірі арнап өлеңді,

    Көпірді кеп, ал тоқтатып көр енді.

    Міне, олардан Коллатин де қалыспай,

    Өз әйелін мақтап ала жөнелді.

     

    «Көзбен көрсін, қостамаса кім мені,

    Менің жарым – ол ерекше гүл!» – деді.

    О, Коллатин, осы сөзі өзіне,

    Қасірет боп жабысарын білмеді.

     

    Лукреция Коллатиннің жары еді.

    Өмірінің мәні еді, әрі еді.

    Сенатордың ерке қызы болса да,

    Өзі ісмер, өзі ақылды, әдемі.

     

    Коллатиннің өрекпуі басылмай,

    Әйелінің  мақтауын бір асырды-ай!

    «Лукрециям артық», – деді ол бәрінен,

    Масаттанып, мақтанышын жасырмай.

     

    – Сұлу әйел – мақтан емес ол аса, –

    деді бірі осы сәтте таласа.

    – Көзімізбен жүр көрейік бәрін де,

    Қандай екен қалған кезде оңаша.

     

    Барлығы да мына сөзді құп алып,

    Шықты тысқа кетсе дағы түн ауып.

    Әр әйелдің терезесін аңдыды,

    Бір ұят іс болғанымен  бұл анық.

     

    Көрді бәрі әйелдерді мақтаған,

    Таңқалысты, бәрі мүлде басқа жан.

    Бірі – салақ,бірі – сәнқой, ал бірі –

    Киініпті ашық-шашық… мәссаған!

     

    Бірі – үйде жоқ, кетсе дағы түн ауып,

    (Әйел үшін түнде кезу – күнә анық.)

    Бірі – ұйқының құшағында алаңсыз,

    Ал бірі отыр айна алдында сыланып.

     

    Енді бірі бассам деді-ау мауықты,

    Желік қысқан құрбыларын тауыпты.

    Ал біреуі шалқып ішіп шараптан,

    Қызба топпен құрыпты ойын-сауықты.

     

    Көбісі енді басқа жайды аңғарды,

    Жұрт алдында мадақтаған жарының,

    Мүлдем басқа екеніне таңқалды.

    Шырт ұйқыда елдің жатқан кезі еді,

    Лукрецияның келді енді  кезегі.

    Бөлмесіне әйнектен кеп қараса,

    Тоқу тоқып отыр екен тек өзі.

     

    Шыққан тегі бай болса да ол асқан,

    Қарапайым мінез берген Жаратқан.

    Бел байлапты бітіруге бір ісін,

    Асыл жары оралғанша қонақтан.

     

    Тоқымасы, әсем гүлді өрнегі,

    Көз тартады дегендей-ақ «көр мені!»

    Арасында ән де салса сызылтып,

    Әсем әуен тербетеді бөлмені.

     

    Жоқ-жітіктер айтқаннан соң, уайымын,

    Мана күндіз  жасап қайтқан қайырымын.

    Бәрі сенді  сығалаған әйнектен,

    Лукреция шын мақтауға лайығын.

     

    Көріп жарын Коллатиннің үйдегі,

    Секст сұмды бір арам ой биледі.

    «Тояттауым керек бір түн!» деді іштей,

    Болса да ол туысының сүйгені.

     

    Ата-тегі, тамыры бір басталар,

    Коллатиннің туысы еді ол бәтшағар.

    Арам ойлы кірісті іске ертесі,

    Ойлаған жоқ ар-намысты тапталар.

    Коллатинді жұмсады алыс, шұғыл бір

    (Патшалардың тыңдамасын ұлын кім?)

    Лукреция жалғыз қалған бөлмеге,

    Кірді түнде білдірместен жымын бұл.

     

    Өз ісімен еш алаңсыз отырған,

    Селк етті әйел, үрейлене шошынған.

    «Тс-сс!» деді де арсыз Секст төніп кеп,

    Өз талабын айтты оған тосыннан:

     

    – Жалынбаймын, саған басымды иіп тым,

    Сен мендіксің, көнуге де тиіссің!

    Шаруамды бітірем де жөнелем,

    Сезіктенбес секем алып сүйіктің.

     

    Ал көнбесең, өз еркіңмен, ақылмен,

    Сені өлтірем, құлдың алам басын мен.

    Сосын дереу күйеуіңе жеткізем,

    «Көңілдестерді өлтірдім!» деп ашумен.

     

    Масқара істің түсіп қалып үстінен,

    Төзе алмадым ашу шапшып тіпті мен! –

    Десем оның сенбеске де лажы жоқ

    Дауласуға уәжі бар ма күштімен?

     

    Қарсыласпай, шешкін енді киімді,

    Қарсыласу – болмас саған  тиімді.

    Ал әйтпесе, айтқанымды істесем,

    Масқара ісің шулатпай ма, Римді? –

    Деп зымиян жымиыспен бір суық,

    Төнді дереу нәзік жанға ұмтылып.

    Қас жыртқышқа тап болған бір еліктей,

    Лукреция жанталасты бұлқынып.

     

    Ал Секст сұм нәпсі жеңіп, ақылды,

    Арам ойын дереу іске асырды.

    Сосын жылдам тысқа қарай жылыстап,

    Қара түнге  қарасын да батырды.

     

    Ал қорланған Лукреция азаннан,

    Күйеуіне тез жөнелтті шабарман.

    Жетті жары,  Брут досы қасында,

    Алаңдаумен «тез кел!» деген хабардан.

     

    Егілді әйел екеуінің алдында:

    • Тап болдым, – деп Секст малғұн, азғынға,

    Бұл қорлаудан мың тілінді жүрегім,

    Шарам болмай мен қапыда қалдым да!» –

     

    Деп осылай жүзі тайқып, толы мұң

    Лукреция соңын айтып сөзінің,

    Суырып ап  Коллатиннің қанжарын

    Сұқты кенет жүрегіне өзінің.

     

    Ұмтылған-ды  Коллатин тез демеуге

    О, сұмдық-ай, өлім мұндай жедел ме?

    Жан-жарының қанға бөгіп ақ тәні,

    Жансыз дене сұлай берді еденге.

    Қиылды өмір, бір көрген түс секілді.

    Ал Коллатин бармақ шайнап өкінді.

    Өксік қысып, Брут досы екеуі,

    Секстті енді  өлтіруге бекінді.

     

    Мұны естіп, патша бірден сөкті ұлын.

    Рим білді Секст ісін жексұрын.

    Құтыла алмас, үкім ауыр енді оған

    Шын ашынса, тоқтата алар көпті кім?

     

    Елге таңба мұндай істен күйінген

    Барша тұрғын жұдырық боп түйілген

    Секст және патша әкесін қосақтап,

    Бір-ақ сәтте қуып шықты Римнен.

     

    Қадір кетіп, кәріге де, жасқа да,

    Қашты екеуі жұртқа болып масқара!

    Коллатин мен Брут досы екеуі,

    Енді Римнің жүргізді ісін басқара.

     

    Секст болса, өлді ақыры қаңғырып,

    Тағылықпен жаман атын қалдырып.

    Лукреция мейірімділік пен адалдық,

    Символы боп, жасай берер МӘҢГІЛІК!

    Ұсынымдар

    ШҰҒЫЛ ЖИЫН ӨТТІ

    ШҰҒЫЛ ЖИЫН ӨТТІ

    7 months ago
    Алматы облысында жүгері өнімділігі рекорд жаңартты

    Алматы облысында жүгері өнімділігі рекорд жаңартты

    8 months ago
    Мәжбүрлі шара болса көнеміз де…

    Мәжбүрлі шара болса көнеміз де…

    2 years ago
    Халық шешімі маңызды

    Халық шешімі маңызды

    9 months ago
    Жалған ақпарат жарға жығады

    Жалған ақпарат жарға жығады

    5 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.