Заң мен тәртіпті қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, қылмыстық профилактика мақсатында заманауи технологияны қолдану, әртүрлі құрылымдардың жасөспірімдер арасында және балаларға қатысты қылмыстардың алдын алудағы өзара әрекеті, интернет‑алаяқтық пен мал ұрлығын болдырмау. Осы және тағы басқа маңызды мәселелер облыстық прокуратура ұйымдастырған форумда қаралды.
Аталған шара Қаскелең қаласындағы Сулейман Демирел атындағы университет базасында өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев, ҚР Мәжіліс депутаты Данияр Қасқараұлы, облыстық үйлестіру кеңесінің мүшелері, жергілікті атқарушы органдар, оқу орындарының, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері, сондай‑ақ жас прокурор көмекшілері қатысты.
Форумды Алматы облысының прокуроры Берік Адамов ашып, жүргізіп отырды. Ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» мемлекеттік құрылымдық қағидатын және азаматтардың көпқырлы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында облыстық прокуратура сотталушы қылмыстармен күресте жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді қамтитын бірнеше табысты жобаны жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Бұл жұмыстарға прокуратура мен құқық қорғау органдары, мемлекеттік құрылымдар қызметкерлері қатысуда.
Алқалы басқосу барысында облыстық прокуратура қызметін көрсететін бейнеүзінді ұсынылды. Атап айтар болсақ,
аймақта қылмыс саны – 13 пайыз, ауыр қылмыстар 33 пайызға, орташа ауыр қылмыстар 15 пайызға азайған. «Құқық бұзушылық картасы» интерактивті жүйесі іске қосылды. Бұл жүйе облыстағы криминогенді аймақтар мен оқиғалар картасын, оның ішінде 35 қауіпті жол учаскесін бақылайды. «Сауықтыруға бастайтын жол» жобасы шеңберінде 43 кәсіпкермен меморандумға қол қойылып, 292 сотталған адамдар жұмысқа орналастырылды. Алаяқтардың 7 адамнан тұратын тобы ұсталып, осы бойынша 33 адамға қылмыстық іс қозғалды. Былтыр 960 кг‑нан астам есірткі тәркіленді, ал мамырда ірі есірткі зертханасы толық тоқтатылды. Интернет‑алаяқтықтан келтірілген шығын 3,65 млрд теңгеге жетіп отыр. Маркетплейстермен бірлесіп 5000‑нан астам алаяқ анықталды, оларға қарсы кибершаралар қолданылады.
Форумда қасақана адам өлтіру 79 пайызға азайғаны, ұрлық – 27, балаларға қатысты қылмыстар 42 пайызға кемігені айтылды. Сонымен қатар деректер жүйесін ұйымдастыру мақсатында тың жобалар енгізілді:
АРДРЕ, ЕРАП сияқты электрондық дерекқорлар арқылы тергеу және әкімшілік істердің ашықтығы қамтамасыз етілуде. «Qamqor.gov.kz» ресми сайт арқылы арыз‑шағымдарды онлайн тапсыру жүзеге асырылады.
«Көркем телеком» компаниясы облыстағы «Сергек» аппараттық‑бағдарламалық кешені көмегімен жол қауіпсіздігін арттыру арқылы алдыңғы жылы жол-көлік оқиғаларын 25%-ға төмендеткенін, 2030 жылға дейін 40%-ға жеткізуді жоспарлауда екендігін айтты. Қазіргі таңда өлкемізде 8000 камера орнатылған.
«KCELL» компаниясы 7 млн абоненті мен 2,5 петабайт деректері арқылы криминогенді аймақтарды анықтайтын жол карталарын, әлеуметтік-экономикалық талдау үшін мәліметтер ұсынатын болады. Бұл жүйелерді іске асыру үшін жергілікті органдардың қолдауы қажет.
Жамбыл ауданы прокуратурасының орынбасары Р. Көпбаев 2020-2024 жылдары 7 156 мүйізді ірі қара ұрлығының тіркелгенін, жалпы шығын 1,3 млрд теңге болғанын хабарлады. Бұған қарсы арнайы сайт арқылы әр ауыл округінің индекстері мен жануар таңбалары тіркеуге енгізілді.
Прокуратура QR-кодтарды мектептерге орналастырып, буллинг, бопсалау, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарламалар қабылдауды жүзеге асыруда. Әр айда балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында мобильді топтар (полиция, прокуратура, әлеуметтік қызметтер, психологтар) 50 000 отбасымен кездесті. Нәтижесінде 41 істің сот қаралымы басталып, 130 бала қорғауға алынды.
«Күнделік» платформасы облыстағы 437 мектепке, 36 969 мұғалімге, 364 645 оқушыға және 239 505 ата-аналарға қызмет көрсетеді. Прокуратурамен бірлесіп құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған «Құқықтық сауаттылық жүйесі іске қосылды. Отбасылық зорлық-зомбылықпен күреске қатысты Айгүл Ахметова атап өткендей, 2023 жылдан бері 11 отбасылық қолдау орталығы құрылған.
Форум соңында құқық қорғау органдары мен қоғам белсенділері марапатталды. Прокуратура мен «Күнделік» компаниясы арасындағы меморандумға қол қойылды. Қоғамдық қауіпсіздік пен «Заң және тәртіп» тұжырымдамасының орындалу бағыттары талданып, келешекке бағытталған ұсыныстар ортаға салынды.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы