-13 °c
Qonaev
Friday, June 6, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Әдебиет

    Өлең өлкесінің бір гүлі

    05.06.2025
    in Әдебиет, Барлық жаңалықтар
    Өлең өлкесінің бір гүлі
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

     Ақын – қашанда әділетті, турашыл. Бұл ақынға тән болмыс, қасиет. Өлең өлкесіне өзіндік өрнек салған, өшпес жырлар қалдырған Қанипа да дәл осындай жан еді.

    «Адамды адам, адам болғаны үшін сүю керек қой. Мен рушыл емеспін.

    Ұлтшылмын. Және жақсы мағынада. Еріншекпін. Ұмытшақпын. Дүниеқорлықты жек көремін. Сұлулықты ұнатамын, білуді, құпияны білгім келеді. Алданғышпын.

    Кешегі жазған өлеңім бүгін ұнамай қалады. Тез өзгеремін.  Аспан әлемін аңдып көп қараймын… Халық әндерін айтқанды жақсы көремін, демалып қаламын», – деп жазған екен бір естелігінде.

    Міне, адамның өзіне-өзі шын мәнінде баға беруі осы болар. Біреулер өзін қанша әсірелеп, әрлеп көрсеткісі келгенмен былайғы жұрт ішіндегісін көріп, біліп тұрады. Ал Қанипа барды бар, жоқты жоқ дейтін.

    Мына дүбірлі дүниеде әркімнің арқалаған жүгі, терген несібесі мен соңында қалар ісі әрқалай болады. Дегенмен бітім-болмысы жан-дүние байлығымен, табиғат берген талантымен дараланғандар сырт көзге қарапайым ғана елеусіз, жылтырағы жоқ күн кешетіні табиғи заңдылық.

    Қазақтың қабырғалы ақын қызы Қанипа Бұғыбаева осындай болғанымен оны түсіну оңай емес еді. Дәл қазір ол жайлы жазу жауапкершілігін сезінгендеймін. Мазасыз ақын жүрегі соғуын 2004 жылдың 22 мамырында тоқтатып, бұл жалғанның бір сәттік екенін дәлелдеп кете барды. Оның қараторы өңі, жазық маңдайы, сырға толы жанары, ашық мінезі жиі есіме түседі. Ондай сәтте ақынның жырлары сезім пернесін дәл басып, көңілдегі жоғымыздың орнын толтырғандай болады. Қаламгердің бойындағы тылсым сырын сыртқа жаяр лып еткен бір сәттік сезімі, арман-мұрат, төзімі:

    Мазалап арман жанымды,

    Алады жырмен уатып.

    Бола алмаймын сабырлы,

    Сабырлы емес уақыт, – деген 1963 жылы шыққан алғашқы өлең кітабындағы шумақтан-ақ айқын аңғарылады. Жан құпиясын, жүрек лүпілін жария еткен сөз құдіреті осындай-ақ болар. Ал 1958 жылы жазылған «Өзенім» деген өлеңінде:

    Сылдырап аққан өзенім,

    Күлкіге әсте тоймайсың.

    Ысқылап арна өзегін,

    Шелекті тартып ойнайсың.

    Сұлудың сырлы көзіндей,

    Суындай мөлдір тұнықсың.

    Болмаса жырым өзіндей,

    Жанымды менің кім ұқсын? – деп тебіренеді.

    Өлеңді Қанипа 16 жасында жазған. Бірақ жас қыздың дәл осы кезде ойында ақын болсам деген ой-ұшқыны болмаған. Ақын ол туралы көзі тірісінде әнгімелегені күні бүгінге есімнен кетпейді. Ол сылқылдай күліп, кенет ойға шомған қалпында: «Анам Нұрғайша үйді-үйді аралап әбден тозығы жеткен «Батырлар жырын» әкеп, ондағы «Қобыланды батыр», «Алпамыс», «Кыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», тағы басқа жырларды оқытатын. Кешкісін көрші-көлең біздің үйге жиналып (қазан қайнап), дөңгелек столды қоршай отырып, бәрі менің аузыма қарайтын. Мен май шамның жарығымен «Ойлау жерден орғытып, қырлау жерден қарғытып» деп жырды өз мақамыма салып, зуылдатып оқитынмын. Бірақ онша түсінбейтінмін… Келе-келе оқи бергеннен соң ба, ішіме сөз сәулесі түсетін болды, сөз сырына қанығып, бірте-бірте кітапқұмар болдым. Алты жасымда ойнап жүріп тізем шығып кетіпті де, уағында салынбапты. Содан мектепке бара алмай төсек тартып жатып қалатынмын. Ол кезде ауылда радио, телевизор дегенің жоқ. Әкем де, шешем де ұжымшар жұмысында, ерте кетіп, кеш келеді. Бір күні шешем мені «дүкеннен қант әкел» деп жіберді. Дүкенге кірсем, түлкі тұмақ киген бір кісі маған қарап тұр. Сөйтсем, кітап сыртындағы Ілияс Жансүгіровтің суреті екен, мен кітапты сатып алып үйге әкеліп оқығаным әлі есімде. Ондағы «Бұлбұлға» деген өлеңі маған ерекше әсер етті.

    Сайрадың құйқылжытып, құбылжытып,

    Тыңдадым таңдайымның суын жұтып, – дегенін ұмытар емеспін.

    Алғаш шешем іс машинасын сатып әкеп берді. Ауылдағы көрші-көлеңнің көйлегін пішіп, тігіп, алғысын алып жүрдім. Тігінші болғым келді, одан қалса, ою-кестеге әуестендім. Өте еліктегіш, әрнәрсеге қызығып өстім. Алғаш Күләштің дауысын («Гәккуін») естіп, мен Күләштай әнші боламын деп көңілімді ән әлемі жаулады. Ақсудың бойына барып, оңашада құстарға ұқсап ән салатын едім», – деп балалық шағы есіне түскен ақын сылқ-сылқ күліп ақтарылатын еді-ау. Сонда Қанипамен осылайша бірге отырып, сыр ақтару мүмкін болмайтынын білмеген екенмін. Бірақ кітапшама ұқыппен жазылған сол әңгімеміз соның куәсіндей, әр жолы жетелей жөнеледі. Иә, әйел қауымы дүние қуып, өз әлемімен әуре болса мен осындай сырға толы жазбаларымды аударып мәз боламын. Кейде мұның сыры неде деп ойланамын…

    Адамзаттың ықылым заманнан бергі бай тәжірибесі орнықтырған құндылық ана, әйел, сүйікті жар десек, осы асылдардың жиынтығы өмірінен толық көрініс тапқан ақын оны шумақ-жыр ғып төгіп-төгіп алатын. Қанипаның бақыты да шексіз еді. Ол – айналаны аналық, балалық көзбен байыптаудың нәтижесінде өлең өлкесіндегі әдемі әлемде талмай сайрайтын бұлбұл болуы. Жасынан көрген тұрмыс түйткілдері оны жігерлендірді, қайрады, нәзік жүректің сезімталдығын арттырды, өлмес мұра, байлық жинауына жол ашты.

    Қанипа тұрған ауылда радио жоқ болды. Ол кезде көбінде солай еді. Ақсудағы Айса деген апасының үйіндегі керегедегі қалпақтай радиодан ән-музыка төгіліп тұрғанын көріп, түбінен кетпей, өзі де ән сазымен ұшып жүргендей күй кешетін. Сонда әуезді ән жүрегінде қалған әншіге арнап «Әнші жігітке» деген ән шығарады. Оны өзі оңашада айтып жүреді.

    Шырқатып сұлу әнді сылқым жігіт,

    Жетеді-ау қырдың басын сілкіндіріп.

    Бөлесе бір көнілді қуанышқа,

    Кетеді-ау бір көңілді күрсіндіріп.

    Сұлу үнді сылқымым,

    Жаны сазды сыршылым.

    Естімей сол әніңді,

    Қалай ғана тыңшырмын?

    Бір жанып, өзіңмен бірге өшемін,

    Жанынды ән болмаса, білмес едім.

    Ұғынып жан-дүниенді жанарыңнан,

    Әніңе ән қайтарып тілдесемін…

    Бірақ радиодан «Әнші қызға» деген ән беріледі. Байқаса әуені «Әнші жігітке» ұқсайтындай. Ән айтуға құштар болса да, содан кейін ән шығаруды мүлде койып кеткенін де жасырмаған.

    Ақын қыздың алғашқы ұстазы анасы Нұрғайша. Ол Абай, Қасым, Мәриямның, Әбудің өлең кітаптарын әкеп беретін. Әсіресе, «Абай жолын» оқып, өзге бір дүниеге енгендей болатын. Ғашықтық жайлы Абай мен Тоғжанның арақатынасы, Әйгерімнің әнін естігендей болатын.

    Осы тұста тағы да ақын: «Өзім де боран соққанда адасып Абай секілді жігіт аттан түсіп, үйдің есігін таба алмай тұрғандай елегізуші едім. Оңашада Татьянаның Онегинге жазған өлең хатын әндетіп айтуға құмар едім. Домбыраға да ғашық болдым, басыма жастап күйші болғым келді, бірақ «Елім-ай» әнін әрең үйрендім, өз сезімім арқылы әндерді шерту деңгейіне жеттім. Суретші де, ұстаз да болғым келді. Бірақ осының бәрі тек менің сұлулыққа деген құштарлығым екенін кейін сездім. Тез ғашық болып, ол ойымнан тез айнып қалатынмын…» деп жүрек дүрсіліне құлақ түріп, осылайша өзіне баға беретін.

    Нұрғайша ананың суырып салма, өрен жүйрік, ешкімге дес бермейтін ақындығы ма, әйтеуір сөз құдіреті Қанипаны өзіне тартып, бірде биікке, бірде шыңырауға түсіріп бақты. Осындай кездерде жас қыздың туған жерге деген ыстық махаббаты:

    Үрей ескен жел ме мынау, самал ма,

    Толқын өрген жасыл шалғын далам да.

    Күніне мен жүз сүйемін ауылымды,

    Көңілімнің кұндағына алам да.

    Сымбатына қараймын да сыр алам,

    Жас балаша жылап, кейде қуанам.

    Топырағыңды уыстасам еңкейіп,

    Көз алдыма елестейді ұлы Анам, – деп маржан сөзді тізіп, өріп, төгеді. Бұл 1960 жылы жазылған өлең.

    Қанипаны алғаш өлең өлкесіне талпындырған – Құдаш Мұқашев, Әбу Сәрсенбаев. Ақсуға Алматыдан 1961 жылдары Әбу Сәрсенбаев, Тұманбай Молдағалиев келеді. Оған дейін Қанипамен Құдаш Мұқашев хабарласады. Ақсу ауданы мен «Қосағаш», қазір «Ақын Сара» ауылының арасы 9 шақырым. Сол жолы аудандық Мәдениет сарайына жұрт көп жиналады. Ақын қыз өзінің Әбу ағаға арнаған өлеңін оқиды. Жас талаптың аяғын сүйретіп, ауыр басқанын, қолындағы таяғын көргеннен бе, марқұм Әбекең: «Алматыға кел, аяғыңды дәрігерге қаратамын» дейді де, кітабына қолтаңба жазып, соңына телефоны мен мекен-жайын көрсетеді.

    Қанипа сол кезде ауылдағы клубта жұмыс істейді. Аудандық газетке өлеңдері шығып, айтыстарға қатысып, есімі белгілі болып қалған кезі. Ақынның Алматыға баруына өгей шешесінің қытымырлығы мен мейірімсіздігі себеп болып, шұғыл шешім қабылдайды. Автобекеттен Әбу Сәрсенбаев ағамыз ақын қызды таксимен үйіне алып барады. Олар жас қызға рухани әке-шеше болып, мейірім шуағына бөлейді, дәрігерге қаратады. Сәті түсіп, Қанипа отадан кейін таяғын тастап, жерді нық басуға мүмкіндік алады. Осылайша өмірде жақсы адамдардың бар екенін сезінеді. Қанипаның өлеңдері газет-журналдарға басылып, тұңғыш кітабына марқұм Тұманбай аға редактор болады. Өлеңге өнерге деген алғашқы тұсауы осылайша сәтті кесіледі. Сол кездерде Мұқағали Мақатаев, Зейнолла Серікқалиев, Сайын Мұратбеков, Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменовті, Оспанхан Әубәкіров сынды ағалар ақын қызды рухани ортаға жатырқамай қабылдап, бауырларына басады. Шексіз қамқорлықтан соң 1963 жылы ақынның тұңғыш кітабы жарық көреді. Содан бері 20-дан астам өлең кітабы оқырман қолына тиіп, өз бағасын алды. Бұл поэзия теңізіне қосылған ағынды күшті өзен суындай тұнық әлем.

    Ойлап отырсақ, уақыттан жүрдек, одан әділ ешнәрсе жоқ. Өйткені жалпы шығармашылықпен Қанипа айналысып, бел буғанына көзі тірісінде-ақ 40 жылдан асқан-ды. Жыр сандық Жамбыл тәтемнің ауданына келгеніне де 40 жылдан асқан. Әртүрлі мәдени жұмыстарда жүріп, қолынан қаламын тастамаған Қанипа өмірлік серігі Қанағат Қарашев екеуі үш бала тәрбиелеген бақытты отбасының бірі – шаңырағы, бірі – уығы болып, бірлесіп ғұмыр кешіп, рухани саладағы тірліктерін түгендеді. Ұлы Талап домбырашы, Қазақтың Құрманғазы атындағы консерваториясын бітірген, қыздары Ләззат, Ләзиза оқушыларға музыкадан дәріс береді, сырнайшы, сазгер-әншіліктен де құралақан емес.

    Қанипаштың кіндік кесіп, кір жуған туған жері – Ақсу ауданының ақын Сара ауылы. Бұл мекенде жырдың ақ жауыны болған Ілияс Жансүгіров, ақын Сара, Қуат Терібаев дүниеге келген. Кішкентай ғана «Көкжайдақ» деген ауыл кейін «Киров» ұжымшары болған, одан өзгеріп «Қосағаш» кеңшары, одан «Ақын Сара» ауылы атанды. Осындай өлең өлкесінде өмірге келген Қанипаның атын әжесі Әлия қойыпты. Ұмытылмас сәтті анасы: «Алғаш көрші әйел жас нәрестені жерден көтеріп алғанда: «Көтек, бұл не?» деп шошып, әрең шешіп, жарып алыпты деп әңгімелеген екен. Сөйтсе, қызылшақа кіндігіне оралып туған екен. «Шар» ете түскенде, Несіпбала деген әйел кіндігін кесіпті. Кейін әкесі «тура кіндік шешесіне ұқсаған, өкпелесе үндемей калады» дейтін көрінеді.

    Кейде қайынсіңлілік қалжыңымызға шыдамай Қанипа осындай тонторыс мінез көрсететін. Қырық жылдан бергі шығармашылығында Қанипа ақын сәби шағындағы үндемес қалпымен-ақ өзінің жүрегінің дүрсілін, өмірдегі күрсінісін жыр жинақтарына сыйдыра білді. Бүгінге дейін «Тұңғыш кітап», «Екінші дәптер», «Ақ сүт», «Қараторғай», «Ару ана», «Ана жыры», «Жыр және жүрек», «Қыз дәурен», «Көк белестер», «Менің дауысым», «Гүлдер көзін ашқанда», «Домбыра дәурен», «Қоңыр жел», «Шұғылалы шақ», «Қоштасқым келмейді», «Құс жолы», «Аққу әні» атты жинақтары жарық көрді.

    Ақын жеңгеміз аудандық мәдениет бөлімінде, одан соң аудандық өлкетану музейінде, аудандық балалар кітапханасында көп жыл қызмет атқарды. Осы кездердегі еңбегі үшін 1962 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталса, Абайдың 150 жылдығына арналған Түрік поэзиясының халықаралық ІІ фестивалінің жеңімпазы атанды. Жамбылдың 150 жылдығы қарсаңында Санкт-Петербургке бару бақытына ие болды. Сондай-ақ Абай, Жамбыл, Мұхтар, Қаныш, Бақтыбайға арналған мүшәйраларда жүлделі орындарға, Абайдың туған күнінде Семейдегі 150 жылдық ұлы тойына қатысу құрметіне, «Жаңа ғасыр жарнамасы 2001» байқауы бойынша Қазақстан Республикасының рәміздерін насихаттауға арналған мүшәйрада жүлделі орынды иеленсе, Алаш сыйлығын алғаны Қанипаның өміріндегі елеулі кезеңдер болды.

    Иә, оразасын жырмен, түскі асын әнмен ашатын ақын Қанипа Бұғыбаеваның отбасында домбыра мен сырнай үні, ана мен бала арасындағы өнер сабақтастығын жалғастырғандай. Қызы Ләззат анасының сөзіне ән жазып, оны ара-тұра тамылжыта орындайтыны бар. Бірде от ауызды, орақ тілді марқұм Базарбектің «Тәйірі, Қанипаға ешқандай жағдай-жай керек емес. Курортқа бармай-ақ сынық қарындашпен шайдың қағазына лириканы төгілтеді» дегені. Бұл әзіл ретінде айтылғанымен осының өзінде шындық жатыр.

    Ақын әрдайым жақсыға ғашық, сұлулыққа құштар еді. Тіршілігінде ол мұны мінезіндегі кемшілік деп түсінді. Әрине, пенде болған соң, айналаңа құштарлықпен қарамасаң, жақсы мен жаманды айырмасаң, өлі тірлік кешкенің ғой. Ол Пайғамбар жасына жетіп, бақилыққа аттанып кете барды. Қанипаның осындай пәк сезімінен болар бір мезет пенде екенінді ұмыттыратын, сезім тұңғиығына батыратын ойнақы шумақтарды көп анғарамыз.

    Жапырақ қозы көгенделген желіге,

    Уақыттың жамыраған желіне.

    Жолын біреу кеңейтем деп бір күні,

    Қиып шетке тастар ма екен мені де?..

    Сезгенімнен көп екен сезбегенім,

    Орындатар бұл өмір өз дегенін.

    Бүгінімнің бағасын айтып берер,

    Болашаққа берейін сөз кезегін, – дейді ішкі жан толқынысын өлеңмен өрнектеген ақын мына тіршілікті түсіне, түйсіне. Иә, ақын ана еңбегіне әлі де болашақ өз бағасын берер. Ол үшін тәтті, терең ойлы, маржан жырын оқу керек. Оны түсіну үшін де ерекше талғампаздық қажеттігі даусыз.

    Сара ақынның сіңлісі Қанипаның нөсерлетіп төгілер сыры да, жыры да мол еді, бірақ тағдырға не шара, асығыс арамыздан кете барды…

    Және ол «Қоштасқым келмейді» деп мына тіршілікте адамдарға ғашықтығын ерекше білдірді. Өлеңі – жүрек, сезім күнделігі, айналасынан алған әсері, таңдануы, күйініші мен сүйініші, Қанипаға деген тағдыр сыйы. Сол кемерінен асып, төгілген жыры мен сырын халқына қалдырып, құс болып ұшып, биіктеп кетті. Жырсүйер жұрты ақын бейнесін ұмытпайды, есімін әрдайым ардақтайды.

    Күмісжан Байжан,

    Қазақстанның Құрметті журналисі

    Ұсынымдар

    Өнеркәсібі өркендеген

    Өнеркәсібі өркендеген

    1 year ago
    Жаңғырған жаңа жыл

    Жаңғырған жаңа жыл

    3 months ago
    Бес нүкте – бес шеберлік сабағы

    Бес нүкте – бес шеберлік сабағы

    8 months ago
    Қонаевта жағажайдағы самбодан ел біріншілігі аяқталды

    Қонаевта жағажайдағы самбодан ел біріншілігі аяқталды

    2 years ago
    Мәслихат төрағасы Жамбыл ауданының тыныс-тіршілігімен танысты

    Мәслихат төрағасы Жамбыл ауданының тыныс-тіршілігімен танысты

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>