Бүгінде әлемжелі адамдардың негізгі қатынас түріне айналды. Әлеуметтік желі арқылы жағдай сұрасып, барлық мәселемізді шеше береміз. Бір сәт ойлансақ, біз бұрын жүзбе-жүз ғана айтылатын сөзді енді пернетақта арқылы оңай жеткізетін халге жеттік. Экранның ар жағында отырған адамды көрмеген соң, сөздің салмағы да, жауапкершілігі де жеңілдей түскендей. Ал шын мәнінде, виртуалды кеңістік – шынайы өмірден бөлек әлем емес, ол сол өмірдің жалғасы ғана.
Әрине, әлемжелі – ең алдымен мүмкіндік алаңы. Онда ілім үйреніп, білім алып, ой бөлісіп, пікір алмасамыз. Бірақ сол мүмкіндіктің көлеңкелі тұсы да бар екенін естен шығармайық. Өкінішке орай, бүгінде әдептің әлсіреуі, тілдің тұрпайылануы, біреудің ар-намысына тиетін сөздің жеңіл айтылуы үйреншікті көрініске айналды. Экранның ар жағында нақты адам тұрғанын ұмытып кететін кейбіреулер үшін сөз қару емес, ойыншыққа айналғандай. Әдеп деп үлкенге сәлем беру немесе қоғамдық орында өзін ұстау мәдениетін ғана емес, әлемжелідегі адамдардың амандасып, өзара тілдесуін, пікірін білдіріп, сынды да сыпайы түрде жеткізуін айтар едік. Адамдармен қатынаста ішкі шекараның болуы маңызды. Әлеуметтік желіде сол шекара жиі бұзылады. Бір ауыз дөрекі пікір, бір мысқылға толы жазба біреудің көңілін қалдырып қана қоймай, оған психологиялық жара салуы да мүмкін.
Желіде адамның бет-жүзін көрмеген соң, артық айту оңай. Бірақ артық сөздің салдары жеңіл болмайды. Әсіресе жасөспірімдер үшін әлемжелі өзін танытудың басты алаңы десек, сол ортада көрген әдепсіз қылық, естіген балағат сөз олардың мінез-құлқына тікелей әсер ететінін де айта кету керек. Мазақ, кемсіту, көптің алдында масқаралау – виртуалды ортада жиі кездесетін, бірақ салдары ауыр әрекеттер. Бұрын сөздің киесі бар дейтін едік. Қазір сол киені ұмытып бара жатқандаймыз. Әлеуметтік желіде жазылған әр пікір – қоғамдық кеңістікте айтылған сөз. Ол да жауапкершілікті талап етеді. Еркіндік деген – шектен шығу емес, өзіңе де, өзгеге де зиян келтірмей ой айту.
Әлемжелі әдебі – заңмен ғана емес, сана арқылы қалыптасатын ұғым. Қандай да бір жазбаны бөліспес бұрын «Осы сөзді адамға бетпе-бет айта алар ма едім?» деген сұрақты өзімізге қою артық емес. Сол сұрақ көп нәрсені таразылап береді. Қоғам өзгерген сайын қарым-қатынас формасы да құбылады. Бірақ адамдық пейіл төмендемеуі тиіс. Экран артындағы әр сөз біреудің жүрегіне жетуі мүмкін. Сондықтан әлемжеліде әдеп сақтау – мәдениеттің белгісі ғана емес, азаматтық жауапкершілік.
Нұрбол Ақылбек




