☀️
21°C
Қонаев
Сенбі, Сәуір 25, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    Нағима апай

    (эссе)

    25.04.2026
    in Барлық жаңалықтар
    Нағима апай
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Қашан келсең де есікті күлімсіреп ашып, жадырап қарсы алатын аппақ жүзді, ақ көңіл Нағима апайды көргенде өз басым туған әпкемнің үйіне қыдырып келгендей қатты қуанатынмын. Ол кісі Қалекеңнің – қазақтың көрнекті жазушысы Қалаубек Тұрсынқұловтың Құдай қосқан қосағы еді. Қазығұрт өлкесіндегі Қақпақ ауылында туып-өскен ерекше бір мейірімді жан болатын.

    Біздің елдегі апа-әпке­леріміз­дің ең бір жақсы қасиеттерін бойына жинақтап, Алатаудың бөктеріне ала келгендей әсер қал­дыратын-ды.
    Бұл сірә, туған жерге, қасиетті Қазығұрт тауына деген перзенттік махаббатымыздың шуағына шомылған ең бір ізгі, ең бір игі сезіміміз болса керек.
    Сонау бір жылы Тынымбай Нұрмағамбетов, Қайсар Жорабеков ағалармен бірге біраздан бері төсек тартып жатқан Қалекеңнің көңілін сұрауға барғанымыз есімде. Бірімізден соң біріміз тізіліп кіріп келе жатқанымызды сезіп, ағамыз жастықтан басын көтерді. Осы сәтте босағада сәл іркіліп қалған Нағима апай: «Амандасқан кезде аттарыңды атап айтпасаңдар, танымай қалуы мүмкін», – деп құлағыма ақырын ғана сыбырлап үлгерді.
    Мен селк ете қалдым. «Қайран Қалеке, қазақ руханиятының қара шаңы­рағындай болған Жазушылар одағында ұзақ жылдар бойы тыным таппай қызмет етіп, шығармашылық өкілдеріне қолынан келген бар жақсы­лығын аямаған арыстай азамат, сіз де мына өмірдің өткінші екенін есіңізге алып, тозығы жеткен денсаулықты жамап-жасқап жатқаныңыз ба?!» – деген бір ой жүрегімді су еткізді.
    Әйткенмен, әуелде басын қинала көтеріп, көзін әрең ашқан Қалекең өзінің қаламдас әріптестерін көргенде боп-боз тартқан жүзіне қан жүгіріп, өңі жылып, өне бойындағы ендігі қалған бар күш-қуатын өз қолына жиып алғандай еді.
    – Оу, Тынымбай, – деді қинала үн қатса да, күлімсіреп. – Қалайсыңдар?
    – Жақсымыз, Қалеке!.. – Тынымбай аға Қалекеңнің еті қашып, сүйегі ғана қалған арық, әлсіз қолын қос алақаны­мен аялай сипап, көңіл толқынын әзер басқандай болды.
    Содан соң асыл ағаға дем бергісі келгендей: – Оу, бұ не жатыс? – деп қойды қалжыңдаған болып. Бірақ үні қарлығып, ішкі дүниесінде қозғалып кеткен бір жанартаудың оттай ыстық лебін сездіріп өтті.
    – Е-е, – деді Қалекең ақырын ғана. – Басқа істейтін тірлік қалмаған соң, жатыр­мыз да. Өздерің жақсы біле­сіңдер, мына жүрекке бірнеше рет ота жасаттым. Бірақ, енді ол да көмек­теспейтін сияқты…
    Біз терезенің алдына қойылған орындықтарға қаз-қатар тізіліп, отыра бастадық. Екі арада бірер минутқа созылған аз ғана үнсіздік орнады. Бірақ, бұл өзі, сәл  созыла түссе, түбі жоқ бір терең шыңырауға  айналып кететіндей ауыр үнсіздік еді.
    Соны сезіп, Тынымбай аға:
    – Қалеке, сізбен баяғыдай кең-мол отырып, әңгімелесуге келдік, – деді. Осы кезде:
    – Дастарқан дайын, – деген Нағима апайдың ақжарқын дауысы естілді. – Қазір асты да, шайды да осында алып келемін. Қалекеңмен әңгімелесіп отырып ішерсіңдер…
    – Жо-жоқ, – деді Қалекең басын шайқап. – Сол бөлмеде тұра берсін, қозғама. Қазір мен де сонда барамын.
    – Оу, – деді онсыз да аясы кең, бота көздері шарасынан шыға жаздаған Нағима апай таң қалып, – Қалеке-ау, өзің қайтіп барасың?
    Үндеме, – деді Қалекең жымиып. – Мұндай жігіттер келгенде мен орнымнан қарғып тұрып, жүгіріп кетемін.
    Сөйтті де, төсектен тұрмақ болып, қозғала бастады.
    – О тоба! – Нағима апай енді өз көзіме өзім сенейін бе, сенбейін бе дегендей бізге қарады.
    Жігіттерді төргі үйге баста, – деді Қалекең. – Мен өзім қазір, ептеп-септеп соңдарыңнан жетермін…
    Аздан соң біз расында да, кең дастарқанның басында Қалекеңді ортаға алып, арқа-жарқа болып, шүйіркелесіп отырдық. Сол күні ағамыз аяқастынан тәуір болып, біраздан бері өзін қозғалтпай, төсекке таңып тастаған ауыр сырқатты жеңіп, құлан таза айығып кеткендей көрінді. Менің басыма тіпті, ол кісі Нағима апайға еркелеп, бізге дейінгі көңілін сұрай келген адамдарды өп-өтірік жыға танымаған болып, қалжыңдап жатқан шығар-ау дегендей бір қызық ой да келді…
    Иә-ә, олар осындай тату-тәтті, сыйластығы жарасқан отбасы еді.
    Бүгінде сағымдай бұлдырап, сағынышқа айналған сексенінші жылдардың ортасында Нағима апай «Мектеп» баспасының бір бөлімінде қызмет істеді. Ол бөлімнің меңгерушісі аты аңызға айналған дарынды ақын Жұмекен Нәжімеденов еді. Бірде Нағима апайға сәлемдесейін деп бара қалғанымда Жұмекен ағаның үстелі есік жақта, ал апайымның үстелі төр жақта екенін көріп, іштей таңырқап қалдым. Нағипа апай мұны бірден сезе қойып:
    – Жұмекеңнің өзі ғой мені құрмет­теп төрге шығарып жіберген, – деп сыңғырлай күлді.
    Осы сәтте Жұмекен аға да жымиып:
    – Әй, Нағима, сен қандай құрметке болса да лайықсың, – деп қалтасын қарманып, дәлізге шығып бара жатты.
    – Иә-ә, бұл кісі сондай кішіпейіл, – деді Нағима апай. – «Мен темекіні жиі тартамын. Сенің алдыңнан көлбеңдеп ары-бері өте бергенім жарамас. Есік жаққа отырайын», – деп тапжылмай қойды.
    Бәрекелді, «Ұлық болсаң, кішік бол!» деген осы. Жақсы адамдардың арасындағы сыйластық қандай жарасымды еді десеңізші.
    Жұмекен аға дүниеден өткенде біраз уақыт қызметтік үстелі бос тұрды. Нағима апай оның үстіне дарынды ақынның портреті мен әдемі құмыраға салынған гүл әкеліп қойып, күн сайын суарып, көзінің жасын бір сығымдап алып жүрді…
    Енді міне, аппақ жүзді, ақ пейіл Нағима Ерменбайқызының өзі де сол жақсы адамдардың соңынан мәңгілік сапарға аттанып кетті…
    Қош болыңыз, апа! Айдай аппақ жүзіңіз пейіште шалқысын!

    Нұрғали ОРАЗ,
    жазушы, драматург

    Соңғы жаңалықтар

    Мектеп парламенті
    25.04.2026
    Нағима апай
    25.04.2026
    Қас-қағым сәттен сыр шерткен
    25.04.2026
    Өнермен өрілген өмір
    25.04.2026
    Тіліміздің тамыры үзілмесін!
    25.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>