Фотожурналист Нұрманбет Қизатұлының есімі Алматы облысы аумағынан асып, бүкіл Қазақстан жұртшылығына, тіпті халықаралық кәсіби ортаға кеңінен танылған. Ол – уақыттың үнін, қоғамның тынысын, адам тағдырының терең иірімдерін фотоөнер арқылы сөйлете білген бірегей шебер. Биыл ардагер-фототілші 85 жасқа толып, ғибратқа толы ғұмыр жолының тағы бір асқарына көтеріліп отыр.
Нұрманбет Қизатұлы 1941 жылдың 25 қаңтарында Жамбыл ауданында дүниеге келген. Еңбек жолы 1960 жылдары Жамбыл, Іле аудандық газеттерінде фототілші қызметінен басталып, облыстық «Жетісу» газетінде жалғасын тапты. Сондай-ақ ол Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің баспасөз орталығында да еңбек етті. Мәселен, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Ұлағат» баспасы 2021 жылы ағаның ұзақ жыл бойы түсірген еңбектерін топтастырып «Жан шуақ» фотоальбомын жарыққа шығарды.
Фотожурналистика саласындағы табанды еңбегі, кәсіби адалдығы мен шеберлігі арқылы ол жас буынға үлгі болып, ұлттық журналистиканың дамуына зор үлес қосып келеді. Нұрманбет Қизатұлы – уақыт пен кеңістікті жалғаған, шындықты сурет арқылы сөйлеткен тұлға.
ҚР Мәдениет қайраткері Марат Тоқашбаев: «Өз басым суретке түсірушілерді фотограф және фототілші деп шартты түрде екі топқа бөліп қарастырамын. Фотографтар суретті сатикалық, яғни бір позада қатырып қойып түсірсе, фототілшілер – қас-қағым сәтті қағып түсірудің шебері. Нұрманбет Қизатұлы шығармашылық тұрғыдан иницировкалық тәсілді пайдаланғанымен, суреттің композициялық шешіміне айрықша мән беретін маман», – деп жазады жазбасында.

Қазақ фотоөнерінің көрнекті қайраткері, танымал фотошежіреші, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі кеңсесі баспасөз қызметінің бас сарапшысы Шүкір Шахай: «Нұрманбет Қизатұлы сияқты ағаларымыздың болғаны мені көптеген жетістікке жеткізді. Біздер сол үшін де үлкендер алдында қарыздармыз. Сабақтастық, жалғастық үзілмесін!», – дейді.
Нұрманбет Қизатұлы жарты ғасырға жуық еңбегінде туған өлкесін зерттеп, оның болмысын терең сезініп, фототуындылары арқылы ел рухын айшықтады. Ол – ұлт тұлғаларын дәріптеп, рухани мұраны байытқан, мансаптан гөрі халық мүддесін жоғары қойған азамат. Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, 2015 жылы патриоттық фотосуреттері үшін Бауыржан Момышұлы атындағы төсбелгімен марапатталған. Оның әрбір туындысы – дәуір мен халық рухын бейнелейтін тірі шежіре.
Нұрманбет Қизатұлы қазақ фотожурналистикасының дамуы жолында аянбай еңбек етіп келеді. 2016 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы ағамызды «Фотоөнер қайраткері» медалімен марапаттады.
Нұрманбет Қизатұлы аталған бірлестіктің ірілі-ұсақты шараларының басы-қасында үнемі ақылшы, қамқоршы, тілекші болып жүреді. Жас фотожурналистерге айтары көп. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде шеберлік сағатын өткізіп тұрады. Студенттер ағаның тәжірибелік дәрісін сүйсіне тыңдайды. Ол кісінің суырыпсалма ақындық қабілеті, көркемдеп, мақалдап сөйлеуі көпшіліктің таңданысын туғызып жатады. Ағамызбен Алтай мен Алатаудағы экспедицияда бірге болып, мол тәжірибе жинап қайттық. «Жасым келді, болдым, толдым» дегеннен ада. Бізден бетер шығармашылықта ізденімпаз, өз кейіпкерін тосыннан түсіріп, болмысын ашуға ерекше құштар жан.
Нұрманбет Қизатұлының шығармашылық мұрасы – фотожурналистика саласындағы жетістікпен шектелмей, Алматы облысы өмірінің айнасына айналған құнды шежіре. Ол түсірген әрбір кадр – өңірдің тыныс-тіршілігін, мәдени болмысын және тарихи сәттерін дәл бейнелейтін көркем әрі деректік дүние.
Ардагер-фототілшінің еңбегі аймақтың тарихи жадын сақтауға елеулі үлес қосады. Оның фотосуреттері тек эстетикалық әсер сыйлап қана қоймай, уақыт бедерін айқын көрсететін маңызды мұра ретінде бағаланады. Бүгінгі сәтті бейнелеп, оны ертеңгі тарихқа айналдыру – оның шығармашылығының басты ерекшелігі.
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің доценті міндетін атқарушы, PhD




