-13 °c
Qonaev
Wednesday, July 2, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Әдебиет

    Тектіліктен танбаған

    28.06.2025
    in Әдебиет, Барлық жаңалықтар, Руханият
    Тектіліктен танбаған
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

          Өмір өткелінде дидары нұр шашып тұратын талай жақсылармен жүздесіп, адами қасиетінен, кісілік болмысынан тағылым алып, болмасақ та ұқсап бағуға талпындық. Олардың сөзін тыңдағанда жаның жадырап, көңілдің көкжиегі кеңейеді. Ал сырты әдемі көрінгенмен, іші қыл-қыбыр пенделердің тірлігіне, үрлеген қапшықтай болымсыз қаракетіне сөз таппай қиналған да, қысылған да, содан ысылған да кездеріміз болады. Осының бәрі сол өмір көшіндегі жол сорабының сан түрлілігін аңғартып қана қоймайды, сапқа тұрғанда сабақ алуға баулиды екен.

    Иә, алда айтқан екі жағдайдың арасынан тура жолды табуға арқау есер адам адалынан жолықса бұлтақтай алмайсың, бұрыс басуға арың жібермейді. Жастықтың желігімен ескексіз қайықтай, қай жағадан шығар екенмін деп желпініп жүргенде ақыл-парасатымен желеп-жебеген бір азамат қанатының астына алса, ол бір ғанибет. Біз ғана емес, біз секілді талайды бауырына тартары ақиқат. Бауырына тартып қана қоймай, тура бағытқа жөн сілтейтіні де рас. Ондай өресі биік, өрісі кең кемелдің сеніміне селкеу түсірсең, сөзің мен ісің қабыспаса, ол сені маңына жолата қоймас. Бұл оның бір мойындығы­нан емес, адамдық пен адалдықтың тізгінін тең ұстағандығынан болар. Иә, біз тұспалдап келе жатқан кісіміз – қарғадайынан ақиқат жолын таңдаған, сол жолдан табаны таймаған, уақыт өзгеріп, заман желі қанша жерден құбылып соқса да, бұрысын түзеп, дұрысынан танбаған, қасында жүріп бой түзеген, жақсы аға, жайдары қазақ Шора Бөкенұлы Иманов еді.
    Бітім-болмысы бүтін, салмақты, артық сөзге жоқ, барлай қарап барып, көңілінен шыққан іске, сөзге ризалығын бүгіп қалмайтын, жанын жадыратар сәт бола қалса қараторы жүзіне шуақ кіріп, жымиып қоятын, шын сөзге шын күле алатын азамат ағамен алғаш рет дидарласқанда, ол Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің беделді қызметкерлерінің бірі еді. Орталық комитет десе, аяқты тарта басып, бас бағып сөйлейтін кез. Менің қалам ұстайтынымды естігенде сөре толы кітаптарға қол созып еді. Ілияс Есенберлиннің алғаш шыққан «Қаһар», кейінгі «Көшпенділер» трилогиясы, Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз – қазақ һәм хандар шежіресі» туралы ой бөлісіп,
    Ж.Тұрлыбаевтың қолтаңбасымен берген «Райымбек батыр» романындағы жер атауларына ерекше көңіл аударғаны бар. Бірде «Аяулы Шора бауырым!», бірде «Халықтың қалаулы ұлы болу бақыты басыңнан кетпесін, Шоражан!» деп ақ тілегін төккен Тұмаға – Тұманбай Молдағалиев кітаптарына үңіліп:
    «Өзімменен өзім кейде сөйлесем,
    Сол бір кезде арман да анық,
    ой да әсем.
    Өмір маған тойып кетіп жүрмесе,
    Мен өмірдің қызығына тоймас ем», – деген төрт жол өлеңін жатқа айтып, өзге де ақын-жазушылар жайлы байламын білдіріп, адалдықпен аға-іні болалық деген үні құлақтан кетер ме? Содан бері қырық бес жыл өтіпті. Жора-жолдасы көп кезде де, өткен жылы мына жалған дүниеден бақиға аттанғанға дейін де аға-іні болып өмір кештік. Иә, ағаның ініге деген зілсіз ашуы да болатын, ол ұзаққа бармайтын. Жібек орамалды желпігендей тез тарайтын.
    Шора ағаның бойындағы ұлттық қасиеттің түп тамыры қайда жатыр десем, әкесі Бөкен, атасы Иман иманды да ибалы, халықтық қалыптағы көкірегі ояу жандар болыпты. Жалғыз ұлдарын 1946 жылы Талғардағы қазақ орта мектебіне беріп, рухсыз өсуден құтқарыпты. Сұрапыл соғыстың ызғарын еміс-еміс біліп, жеңістің шаттығын жеті жасында көріп қана қоймай, оның сабағы өмір бойы арам пиғылдан, қара ниеттіктен алыс жүруге жетелепті. Ар мен адалдықтың «құлы» болып өткеніне куәміз.
    Білімге құштар, ертеңгі күнге үміті үлкен Шора аға мектепті 1956 жылы алтын медальмен бітіреді. Ол кезде де үздік түлекке қалаған жоғары оқу орнына емтихансыз түсуге құқық берілген екен. Сол жеңілдікпен қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың экономика факультетіне түсіп, оны да жақсы аяқтайды. Ауылына, әке-шеше қасына оралып, Талғар тоқыма фабрикасына бірден бас экономист болып қызметке тұрады. Білімі мығым, алғырлығы басым жас жігіт осы жерде теория мен тәжірибені ұштастырып, есепке есе жібермей, өзін шыңдайды. «Жалғыз ұлсың, отау тік, қолымызды ұзарт» деген ата-ана тілегін орындап, Мағрипа жеңгемізбен бас құрайды. Екі ұл, екі қыз қанаттандырды.
    Іс тетігін білетін, жұртпен, жас­тармен тіл табысып жұмыс істеудегі қарым-қабілетін бағалаған азаматтар алғашқы баспалдағына жол ашып, Талғар аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болады. Одан кейін Алматы облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайланып, алғырлығымен алдыңғы толқынға танылады. Үш жыл өткен соң партиялық жұмысқа ауысып, Алматы қаласындағы бұрынғы Ленин аудандық, қазіргі Жетісу аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, бұрынғы Совет, қазіргі Алмалы ауданының бірінші хатшысы қызметін атқарады. Осы арада ойға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, білім саласының айтулы тұлғасы Шәмша Беркімбаевамен әңгіме үстінде Шора Бөкенұлы туралы ой бөліскеніміз бар еді. Қазақтың қанатты қызы ол кісі туралы ағынан жарылып, Алматы облысы жастар ұйымын басқарған тұста қызметтес болғанын тілге тиек етіп, Қаскелең аудандық комсомол ұйымының бірінші хатшылығына ұсынып, оны мүлтіксіз атқарғанын еске алып: «Шора Бөкенұлы Совет ауданының бірінші хатшысы қызметінен білім жетілдіруге кеткенде, орнына мен келген едім. Ол комсомолда ғана емес, партия жұмысында да қарымды қабілетімен танылғанына талай рет көз жеткіздім. Қоғам жұмысына тиянақты, төрт жағын түгендегенде талапшыл еді, орынды жерінде қаталдығы да бар болатын. Мен демейтін, ел дейтін, мол тәжірибесімен бөлісуден бір сәт те танған емес. Ақыл-кеңесімен бөлісуге де әр кез дайын тұратын. Мен сондай адал да арлы азаматпен қызметтес болғанымды мәртебе санадым. Зейнетке шыққаннан кейін де әр жерге бас сұқпай өзінің биігінде қалды. Сол үшін де Шора Бөкенұлына деген ілтипатым ерекше», – деп еді.
    Осылайша адамдығымен, азамат­тығымен жұрт назарында болған ол Мәскеудегі КОКП-ның Қоғамдық ғылымдар академиясында екі жыл білім жетілдіріп келгеннен кейін Алматы облыстық Қазақстан орталық партия комитетінде лауазымды қызметтер атқарды. 1984 жылы Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы, одан кейін Еңбек министрлігінде бас экономист, бөлім бастығы болды. Бұл жұмыстарға ауысуына Желтоқсан көтерілісінің ызғары: ұлтшылсыңдар, партия саясатын жастар арасында дұрыс жүргізе алмадыңдар, ұлтаралық қатынастар мәдениетін сақтамадыңдар деген секілді арам пиғыл себеп бол­ғанын айта кетелік.
    Хатшылықтан босатқан соң біраз уақыт үйде отырып қалды. Айызы қанғандар алыстады, шын тілектестер қасынан табылды. Солардың бірі, айбыны бар, кісілігі мен кішілігі, адами қасиеті бөлек, құбылаға қарап құбылып шыға келуге жоқ, ар туын көтерген турашылдығы үлгі Зәкең –Заманбек Нұрқаділов еді. Жұмыстан кейін Шора ағаның үйінде бас қосып, жабырқаған көңілді жадыратып қайтатынбыз. Бір күні Заманбек аға: «Сол қасіретті күндері еңбек демалысында болмасам, мені де қағып түсіретін еді. Жақсы күндер келеді, жұп жазбай жүретін уақыт болады» дегені бар. Айтқаны келіп, «мәңгілік» партия ығысып, басқару жүйесі әкімдікке тиіп, Зәкең Алматы қаласының әкімі болды. Жаңа құрылымды дұрыс жолға қойып, халық талабын қалтқысыз орындау ісінде бірлікте жұмыс істеу мақсатында Заманбек Қалабайұлы 1991 жылы жұмысты үйлестіріп отыруға қабілетіңіз жетеді деп, Шора ағаны Алматы қалалық әкім­шілігі аппарат басшысына шақырды. Ол уақыттағы аласапыран жұртқа мәлім. Небір болжауы қиын тірліктер әр адамның басынан өтіп, елдік жолдағы күмән мен күдік жағаласып тұрған кез. Бірақ ұлт болып ұмтылу, жұрт болып жұмылу талпынысы, «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» (Ә.Бөкейханов) деген ұлы ұғымға ұйысқан азаматтардың ақыл-парасат, күш-жігері бір білектегі бір уыста болаттай қорып, «Ойдағымыз болды. Ортамыз толды. Төбедегі келді. Тек ұзағынан сүйіндіргей. Ақ жолдың алдындамыз. Үлкен тілектің үстіндеміз» (Ә. Кекілбаев) деп алғаш түзу жолға түсіп еді. Ол уақыт туралы ой өрбітсең кейінгі толқынға аңыздай көрінуі мүмкін. Бірақ тарихқа айналып бара жатқан ақиқатты жоққа шығара алмасақ керек. Ту тіккен, сол кезеңдегі астана – Алматыдағы сын сағаттың өткелінде Шора Бөкенұлы да жүріп еді. Тұңғыш рет төрткүл дүниені мекен еткен он миллион қазақтың басын қосқан Алматы құрылтайын өткізу кезінде Алматы әкімдігі аппарат басшысы ретінде қосқан үлесі ерекше болғаны талай азаматтың есінде шығар. Күнделікті сан салалы іспен қатар, мерзімдік басылымдарға шыққан мақалалары да аз болған жоқ. Көз жіберіп, оқып көрелік: «Қандас туыстармен Алатаудың баурайында қауышқанда, қалай асып-таспайсың! Тек ұзағынан болып, тәуелсіздігіміз тамырын тереңге жая берсе екен», – дейді. Бұл 1992 жылдың күзі еді. Тағы бір мақаласында, Ж. Молдағалиевтің «Мен – қазақпын» поэмасына бойлап барып, «Мен –қазақпын мың өліп, мың тірілген» деген бір жолын ойға оралтып, «Дербес ел болдық. Ендеше өлуге тиісті емеспіз. Өсуіміз керек. Жоғымызды тауып, өшкенімізді жағып, өлгенімізді тірілтуіміз қажет… «Ырыс алды – ынтымақ», «Береке басы – бірлік» дейікші бір», – дейді. Ұққан жанға бұл аталы да баталы сөз еді. Үш жылдан кейін Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссия­сының төрағасы болды. Өз қалауымен зейнетке шықты. Бір атап өтерлігі, Кеңес делінетін дәуірдің қарасы батып, ту-талақай бассыз басталып, алып кеткен, жұлып кеткен, жеп жіберіптіден осы екі қайраткер, нақтылай түссек, Зәкең де, Шөкең де таза екен. Оған дәлел, арттарынан алыпқашпа сөз, желдей ескен жағымсыз сарын естілмейді.
    Біз жақсы білетін Шора аға өткен ғасырдың жетпісінші жылдары алған үш бөлмелі пәтерді місе тұтты. «Халықтың қазынасына қол салуға болмайды. Озбырлық оңдырмайды. Мен осы жолды таңдаған адаммын. Әкем ешкімнің ала жібін аттама, азғыруына көнбе деген. Оны орындамау әкеге опасыздық болады», – деп ешқандай ашкөздікке бармады. Зейнет демалы­сына шыққаннан кейін өзін-өзі ұстап, барға ризалығын білдірді. Өмірінің соңына дейін ешкімнің алдына барып, жағдайын айтып жапақтамай, балаларына қызмет сұрап әркімнің зілдей есігін қағып жалтақтамады. «Алдыма ұстар темірқазығым – арды аттамау, адами биіктен құлдырамау, табиғи болмысымнан жаңылмау!», – деп туралықтан танбай кетті. Сөзі ала-құла, ісі шұбар-щұбар, күні үшін өтірік күлімдейтіндер табыла қалса, бетің бар, жүзің бар, лауазымың бар демей айтарын айтып, ондайларды маңына жолатпайтын. Мұндай жанды кім қалай қойсын, сыртынан күбірлеп, ызғырық естіріп жүретін. Өз ісінің әділетті екеніне сенетін де, жолбике сөзді елеусіз қалдыра салатын.
    Алдындағы шарапаты мол, шалқар көңіл ағаларына ілтипаты ерекше еді. Олардың қатарында Дінмұхаммед Қонаев, Бәйкен Әшімов, Асанбай Асқаров, Балғабек Қыдырбекұлы, өзге де ұлт жақсылары аз емес еді. Әсіресе нағыз қайраткер, экономика саласындағы білімі ұшан-теңіз, тазалығы тас бұлақтың суындай деп Қаратай Тұрысовты үлгі тұтып отыратын. Ал Зәкең мен Марат Шорманов, Нұрғали Мамыров, Бекболат Бірбаев, Болат Әужанов, тағы басқа тұстастарының орны бөлек. Алдын қиып өтпеген іні-бауырлары – Ілияс Бақтыбаев, Тоққожа Естенов, Баққожа Білдебев, Қалижан Мәлібеков, Хамза Сүлейменов, бұл тізімді соза берсек біразға барары хақ. Белгілі азамат Серік Әбдірахмановтың «Жастар лидері бола алсам, Шора Бөкенұлының өлшеусіз үлесінен деп білемін. Ол өмірде азаматтық, адами тұғырынан таймай өткен, өз биігінен төмендемеген нағыз қайраткер тұлға еді… Шора Иманов «шинелінен» шыққанымды өткен жолымда мақтан етумен келемін», – деген жүрекжарды сөздері соған мысал болады.
    Ана заманның да өкілі болып, ту көтерген еліміздің де еңсе тіктеуіне өз үлесін қосқан Шора Иманов «Құрмет белгісі», Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 20 жыл» медальдарымен марапатталған. Еліне, жұртына адал қызмет етудің үлгісі болған, өңірде жастар көшбасшысына айнала алған, лауазымды жұмыстарда жүргенде де тектілігінен танбаған Шора Бөкенұлына ендігі жерде екінші өмірін жаңғыртатын іс-шараларды кейінгі толқын жөн-жосығымен атқарса, құба-құп болар еді. Алматы қаласы мен Талғар ауданының аумағынан атына көше беріп жатса, өзге де құрметтер көрсетілсе – жас ұрпақ танып-біліп қана қоймай, өздеріне өнеге тұтып, уақыттың өтпелі екеніне көз жеткізер еді. Алдыңғы толқынды бағалап отыруды дәстүрге айналдырар еді.

    Сүлеймен Мәмет,
    ардагер-журналист,
    ҚР Мәдениет қайраткері

    Ұсынымдар

    Жыл сайын 400 мың адам ЖРВИ жұқтырады

    Жыл сайын 400 мың адам ЖРВИ жұқтырады

    1 year ago
    Әйел мен бала құқығын қорғайтын 111 қызметі туралы не білеміз?

    Әйел мен бала құқығын қорғайтын 111 қызметі туралы не білеміз?

    1 year ago
    Мәжіліс онлайн-платформа және онлайн-жарнама туралы заң жобасын мақұлдады

    Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы заң күшіне енді

    2 years ago
    Шағын футболдан турнир өтті

    Шағын футболдан турнир өтті

    10 months ago
    Мәдениетімізді арттыру – маңызды міндет

    Мәдениетімізді арттыру – маңызды міндет

    2 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>