Жамбыл ауданының Көкдала ауылында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, арқалы ақын Өмірбай Өмірзақовтың шығармашылық кеші өтті. Зиялы қауым өкілдері бас қосқан жиында қаламгер құрметіне орай Көкдала орта мектебінде ақынның атында арнайы кабинет ашылды.
Өлең мен өнерді қадір тұтқан, елдің жүрегінен жылы орын алған Өмірбай Өмірзақов осы ауылда тұрады. Шараға Ақсеңгір ауылдық округінің әкімі Ержан Қасымшалов, белгілі жазушы-журналистер Күмісжан Байжан мен Рәтбек Терлікбаев, ақын Гүлнәр Өмірзақова және Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінің ұжымы, сондай-ақ ұстаздар, ауыл ақсақалдары мен жас оқырмандар қатысты. Салтанатты жиында сөз алғандар ақынның әдеби мұрасы жайлы келелі ой-пікірлерін ортаға салып, қазақ әдебиетіне қосқан үлесін ерекше атап өтті. Өмірбай ақынның шығармалары – туған елге, жерге деген сүйіспеншілікке, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға негізделген туындылар. Оның қаламынан туған әрбір өлең мен әңгіме оқырманын терең ойға жетелеп, рухани байытады.
Әдеби-сазды кеш барысында мектеп оқушылары ақынның жүрек тебірентер жырларын нақышына келтіре оқып, ауыл өнерпаздары мен әжелер ансамблі әуелете ән салды. Жыршы-термеші Ермек Шаштайұлы жырдан шашу шашты. Биыл 82 жасқа толып отырған ақынға сахна төрінде сый-құрмет көрсетіліп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жабылды. Өмірбай Өмірзақов атындағы кабинеттің ашылу рәсімі жасалып, ақынның өмір жолы мен шығармашылығынан сыр шертетін дүниелері таныстырылды. Мұнда фотосуреттер, қолжазбалары, басылым беттерінде жарияланған мақалалары және кітаптары қойылған. Бұл бөлме енді жас ұрпақ үшін тағылымды тәрбие мен әдеби шабыттың мекеніне айналмақ.
Ұлттың сөз өнерінің туын желбіретіп, өлең мен ойдың өрісін кеңейтіп жүрген Өмірбай Өмірзақов – Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, кезінде Жамбылмен үзеңгілес болған ақын әкесі Өмірзақ Қарғабаевтың мұрасын жаңғыртушы, жыраулық сарындағы арқалы ақын, республикалық мүшәйралардың жүлдегері.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы