Ұйғыр ауданына арнайы іссапармен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Жанболат Жөргенбаев, Зәкіржан Кузиев және Парламент мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжандар келді. Депутаттармен бірге келген жұмыс тобы құрамында ҚР Су ресурстары мен ирригация комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев, Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғожаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы, сондай-ақ облыстық құрылыс, су ресурстары, ауыл шаруашылығы және басқа да салалық басқарма басшылары болды. Сапардың негізгі мақсаты – суармалы жерлерге қатысты заңдарға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар дайындау және аудандағы су ресурстары мәселелерін зерделеу болды.
Аудан әкімі Бота Елеусізова бастаған мамандар аудандағы бірқатар өзекті мәселелерді жік-жігімен айтып, мұқият түсіндірді. Атап айтқанда, Шарын МҰТП аумағында орналасқан, құрылысы аяқталмаған гидротехникалық нысанның алып жатқан аумағына заңды түрде өзгеріс енгізу мақсатында және ауданның төменгі бөлігіндегі ирригациялық желілерді қалпына келтіру, сондай-ақ жоғарғы аймақтағы су тоспаларын салу мәселелері қаралды. Мәселен, төменгі аймақтағы 331,7 шақырым суару жүйесін жөндеу үшін 53 млрд теңге қажет. Жоба екі кезеңге бөлінген болатын. Бұған дейін де бұл суару жүйесін жөндеу үшін жобалар жасалған. Бірақ белгілі бір себептермен ол жобалар бүгінге дейін жүзеге аспай келді. Осы мәселені айтқан аудан әкімінің орынбасары Дастан Құдабаев келген халық қалаулыларынан осы мәселені шешуге қаражат бөлуге ықпал етуін сұрады. Гидротехникалық нысанның құрылысы жылжуы үшін де ерекше қорғалатын аймаққа кіріп кеткен бір бөлігін қайтару болып тұр. Осы мәселе де министрлік тарапынан ғана шешілетін түйінді проблема болғандықтан ауданның атқа мінерлері келген депутаттардан көмек сұрады. Сенатор Жанболат Әкебайұлы мыңдаған халықтың жағдайын шешу үшін сол аумақтағы жүздеген ағаштың мәселесін шешу қиындық тудырмауы керек деген ойын айтып, міндетті түрде мәселені шешуге бара сала кірісетінін жеткізді.
Ал жоғарғы аймақтардағы ауылдарға су қоймаларын салу мәселелері – жыл сайынғы әкімдердің есепті кездесулерінде көтерілетін басты сауал. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Ұйғыр ауданына келген сайын алдынан көлденең шығатын сұрақтың негізгісі де осы. Бірнеше жылдан бері бұл мәселелерге қозғау салынса да, сиырқұймышақтанып келе жатыр. Мысалы Диірмен, Сұңқар ауылдарына су қоймаларын салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме жасалып, жобалау сметалық құжаттамасына да қаржы қарастырылды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны да айқындалды. Бірақ қаражат қолбайлау болып тұр. Ал Қырғызсай, Ават ауылдарына су тоспаларын салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме жасалып болса, Сүмбеге ТЭН жасалуда. Шошанай, Кіші Ақсу, Дардамты, Ардолайты, Кепебұлақ, Кіші Диқан, Үлкен Диқан, Қалжат ауылдарына су тоспаларын салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме жасатуға бюджеттік өтінім берілді. Бірақ ол да қашан шешемін табары белгісіз. Жылдар бойы жыр болып келе жатқан бұл мәселелер шешілсе, әрине, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына едәуір әсер етері анық. Ал қазір мыңдаған гектар суармалы жер суарусыз жатыр. Мыңдаған гектар аумақ қу мекиен далаға айналған. Мыңдаған гектарда қайнаған тіршілік тамыры бүлкілдемейді. Ал су тапшылығының жылдан-жылға қиындап бара жатқанын есеретін болсақ, қазіргі пайдаланып жатқан жерлердің де жыл өткен сайын кәдеге жарары неғайбыл болып барады. Осы мәселені де егжей-тегжейлі түсіндірген Дастан Сұлтанмұратұлы Жанболат Әкебайұлы бастаған халық қалаулыларынан қолдау сұрады. Су тоспалары жасалмаған жағдайда тау бөктеріндегі халықтың жер пайдалана алмай қалатынын айтты.
Аудандағы су шаруашылығы объектілерін күтіп ұстау, пайдалану және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысатын «Қазсушар» мекемесі Жетісу облысынан Алматы облысының құрамына өткеніне де бір жыл болыпты. Бірақ қазіргі кезде бірде-бір техникасы жоқ. Ал қазір кетпен, күрек көтеріп, шаруа тындыратын уақыт емес. Алып техникалар болмаса, ауыз толтырып айтатын жұмыс бітпейді. Бұл мәселе облыс әкімі Марат Елеусізұлына да айтылған болатын. Облыс басшысы облыстық «Қарсушар» мекемесіне тапсырма да берген еді. Бірақ тапсырма әлі күнге орындалмаған. Мұны естіген Жанболат Жөргенбаев облыстық «Қазсушар» мекемесінің басшысына бұл жайтты тез арада шешуін талап етті.
Осылайша аудан әкімі Бота Серікқызы бастаған мамандар 70 мыңға жуық басты табысы жерден келетін ауылдағы ағайынның назын айтты. Жыл сайын қыруар қаражат жұмсап, өнімін ала алмай, маңдай тері далаға кететін шаруаның шындығын жеткізді. Астанадан арнайы келген халықтың қалаулыларына халықтың проблемасын ашық жеткізіп, мәжілістің төрінде арнайы заң жобаларына өзгеріс енгізуге, сонымен қатар күйіп тұрған түйіткілді мәселелерге қаражат бөлдіруге ықпал етулерін сұрады. Келген депутаттар айтылған мәселе жерде қалмайтынын, міндетті түрде құзырлы орындардан сұрау да болатынына, өздері тарапынан қолдау да болатынына сендірді.
Анар Дүйсенбайқызы