Пилотсыз такси Алматы мен Алатау қаласының арасында ұшуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, бүгінде мобильді жолаушы тасымалы дейтін жоба көбірек талқылана бастаған. Былтыр жыл аяғында Қазақстанның үкіметтік делегациясы Оңтүстік Кореяға барған. Сол кезде аталған бастама жайлы сөз болған. Марат Қарабаевтың сөзінше, әуежайдан Алатау қаласына дейін жолаушыларды тасымалдауға аэромобильдер пайдалану көзделіп отыр.
– Бұл өзі шу шығармайтын, сутегі тұтынатын, 5 адамға дейін жолаушы сиятын тікұшақ деуге болады. Қазір бұл бағытта Оңтүстік Корея мен АҚШ компаниялары табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстандық компаниялардың бірі осындай жобаны іске асыруға қызығушылық танытты. Бірінші сатысында Алматыдан Алатау қаласына дейін сынап көреміз. Бұл 2026 жылға қарай пилоттық негізде іске қосылуы мүмкін деп болжап отырмыз, – деді Марат Қарабаев.
Ерзат АСЫЛ