Қазақ тарихындағы ерекше күндерді атағанда, 1995 жылдың тамызына тоқталмай өте алмаймыз. Бұл оқиға несімен құнды? Соны қал-қадірімізше тарқатып көрелік.
Мемлекетіміздің заңдық тұғырын өркениетке сай жетілдіру баршаны ойландырды. Сондай мақсатта әлемдік дамудағы озық үлгілер қарастырылды. Бәрі таразыланып, оны қазақ өміріне бейімдеу жұмыстары басталды. Мемлекеттік актінің сындарлы жобасын дайындауға қайраткерлер, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері белсене қатысты. Заңның өміршең болуы, ұлтқа қызмет ету сапасы ерекше ескерілді.
Бұл – егемендіктің төртінші жылын бастан өткеріп жатқан кез еді. Алғашқы Ата Заңның айналымға қосылғанына қарамастан, төрт жылдың ішінде аса қажет саяси мәселелер қордаланды. Бұрынғы қалып енді уақыт талаптарын толық қамтамасыз ете алмайтыны белгілі болды. Ненің қажет, ненің қажет еместігі електен өтіп іріктелуі тиіс. Әсіресе адам құқығы, оның қоғамдық қатынастағы шешуші рөлі, қоғам мүшелерінің ел дамуына еркін және белсене араласуы басты орынға қойылды. Мемлекет осындай мүмкіндіктерді жүзеге асыру арқылы бүкіләлемдік озық демократияның құрамдас бөлігіне айнала алатыны айтпаса да түсінікті. Жаңашылдық принциптері Ата Заңның тараулары мен баптарынан берік орын алса деген сұраныстар пайда болды.
Сол кездегі деректерге көз салсақ, жобаны талқылуға 3 миллион 345 мыңнан аса адам қатысқан. Олар 31886 ұсыныс пен ескертулерді алға тартқан. Нәтижесінде жобаға 1100-ге жуық өзгертулер енгізіліпті. 98 баптың 55-і қайта жаңғырған. Тіпті Конституция жобасында көрсетілмеген тараулар мен баптардың пайда болуы жүзеге асқан. Жобаны ширату бойынша көптеген жүйелі жұмыс атқарылды. Мемлекеттің басты құжатын бекітуге қазақстандықтар түгел қатысты.
1995 жылы 30 тамызда Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде Бүкілхалықтық референдум өткізілді. Оны 19 қоғамдық бірлестіктің мыңға жуық өкілі бақылады. Олардың арасында әлемнің түкпір-түкпірінен келген шетелдік бақылаушылар да аз болмаған.
Орталық сайлау комиссиясының хаттамасына қарасақ, референдумға еліміздегі барлық сайлаушылардың 90,51 пайызы қатысқан. Дауыс бергендердің 89,14 пайызы жаңа Конституцияны жақтап, өз таңдауын жасаған. Сөйтіп Ата Заңымыз қабылданды. 30 тамыз – мемлекеттік мереке, Қазақстан Республикасының Конституциясы күні болып жарияланды.
Міне, содан бері отыз жыл өтті. Конституциямыз бағдаршам ретінде жол көрсетіп, қазақ қоғамының ұлы көшін алға бастап келеді. Өзінің қуаты мен мазмұнын халықтың игілігіне арнады. Бұл – кешегі ізашар толқынның, бізге қалдырған аманаты. Мерекенің мәнін осылай ұқсақ, мерейіміз одан әрі асқақтайтын болады.
Болат Батықұлы