Абай Құнанбайұлы – қазақ руханияты мен мәдениетінің символы. Оның ілімі халықтың рухани жаңғыруымен тығыз байланысты, ал даналығы әлі күнге дейін әр қазақтың жүрегінен орын тауып келеді. Ол қазақ жазба әдебиетінің негізін қалап қана қойған жоқ, бүкіл қазақ қоғамының тәрбиешісіне, жақсылыққа жол көрсеткен ұлы қайраткерге айналды.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Балқаш аудандық кітапханасында «Асыл ойды іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» атты конференция өтті. Ақын шығармаларын халыққа кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шара барысында мектеп оқушылары хәкімнің өлеңдері мен қара сөздерін жатқа орындады. Бақбақты ауылдық кітапханасының қызметкері Жазира Төстікбаева «Бала Абай», Желтораңғы ауылдық кітапханасынан келген маман Гүлнар Есмаханқызы «Абай – адамзаттың ақылманы» және Береке ауылының кітапханашысы Қырмызы Болатқызы «Дана Абай» тақырыптарында баяндама жасады. Кеште күй күмбірлеп, Абай әндері шырқалды.
Конференцияға арнайы шақырылған қонақтар атынан сөз алған Балқаш ауданының Құрметті азаматы Марат Қашқынбаев пен қоғамдық келісім және даму орталығының жетекші сарапшысы Ғалия Жүсіпова ақын шығармашылығына қатысты өз ойларын ортаға салды.
Мәдени шараны қорытындылаған Балқаш аудандық кітапхана директоры Қаракөз Жұмәділова конференцияға атсалысқан қатысушыларға және құрметті қонақтарға ризашылығын білдірді. Қазақ халқының мақтанышына айналған ұлт ұстазы қанша ғасыр өтсе де, халқының жүрегінде мәңгі сақтала беретіні хақ.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы