Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде «Қос алыптың рухани мұрасы» атты ерекше әдеби-сазды кеш өтті. Сүйінбай мен Жамбыл шығармашылығын арқау еткен шараны мектеп ұжымы өткізді.
Ұзынағаш ауылындағы №1 мектеп-лицейі бұл шараға үлкен дайындықпен келгені аңғарылды. Рөлге еніп, кейіпкерді шынайы сомдау, қос ақынның жырларын мүдірместен мәнерлеп оқу, айтысты орындау, әдемі сахналық киімдері бір-бірімен жарасымды үйлесім тауып, көрерменді театрда отырғандай сезіндірді. Білім ұясының жас мамандары мен 70 оқушысы қатысқан қойылым бас-аяғы жұп-жұмыр байланысқан оқиға желісімен бір демде қызыға тамашаланды.
Халыққа рухани азық сыйлаған көркем дүниеге ұйытқы болған – қарымды қаламгер, ҚР Мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы, публицист, халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты Күмісжан Байжан. Сондықтан алдымен Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертастың жазушыға деген ықылас-тілегін орынбасары Әділбек Қамбарұлы жеткізіп, сый-құрмет көрсетті.
Бірінші көрініс бір топ оқушының Жамбыл мұражайына саяхатымен басталды. Кезінде ақын ауылындағы мектепте бірге оқып, кейін есімі белгілі қаламгерлерге айналған Күмісжан Байжан, Молдахан Мұқатаев, Нағашыбек Қапалбекұлы, Рафат Әбдіғұл және Жұмабай Шаштайұлының балалық шақтарын оқушылар сәтті сомдады. Солар болып Жамбылдың өлеңдерін жатқа оқыды.
Келесі көрініске Жамбылдың ұстазы – Сүйінбай Аронұлының шығармашылығы арқау болды. Сүйінбай мен Қатағанның айтысы сахналанып, жыр сүлейінің қырғыз ақынын сөзден қалай ұтқаны бейнеленді. Айтыстың Халық ақыны Әсімхан Қосбасаров айтып қалдырған нұсқасы орындалды. Оны өткен ғасырдың аяғында Күмісжан Байжан Әсімхан ақынның өз аузынан жазып алған.
Жамбыл мен Айкүмістің айтысы да өзінше әсерлі. Ұлттық киімде жарқырап шыққан жастар қыз бен жігіт айтысының көрігін қыздырды. Сол сияқты Жамбыл мен Құлмамбеттің сөз қағысы да айшықты сахналанды.
Қойылымнан кейін белгілі жазушы, қоғам қайраткері, облыстың Құрметті азаматы Нағашыбек Қапалбекұлы көпшілік алдында сөз сөйлеп, академиялық театр әртістерінің өнерін тамашалағандай әсер алғанын сүйсіне жеткізді. №1 мектеп-лицейден келешекте талантты өнер тарландары шығатынына сенім білдірді. Көрермен тарапынан ендігі жерде «Қос алыптың рухани мұрасы» ауылдарды аралап қойылса деген ұсыныс-тілек айтылды. Гүлфайруз Бұхатова басқаратын білім шаңырағының ұжымы мен өнерлі оқушыларының еңбегі атап өтілді.
– Қазақтың ақындық өнерінде Жамбыл бабамыздың орны айрықша зор екенін тарих әлдеқашан дәлелдеген. Сондықтан ұлы ақын, ХХ ғасырдың Гомері, халық поэзиясының феномені атанған Жамбыл жайлы бірауыз сөз айтып, мақала жазбаған әдебиетші, журналист кемде-кем. Соған қарамастан жыр алыбының асыл мұрасы толық зерттелді деп айта алмаймыз. Сан ғасыр өтер, табиғат тазарып, талай ұрпақ алмасар, бірақ Сүйінбай мен Жамбылдай жыр сүлейлерінің есімі ұрпақ жадында жаңарып, жаңғырып отыратыны кәміл! – деді сценарий авторы Күмісжан Байжан.
Серік Сатыбалдиев
Жамбыл ауданы