Конституция қабылданғаннан бергі уақыт тарихи өлшемдер тұрғысынан аз болғанымен, біз үшін ол өткен жолымызды ой елегінен өткізу мүмкіндігі берілген маңызды кезең болып саналады. Бүгінгі бүкіл өміріміздің өзегі осы Ата Заңға байланысты дамып, ілгері басуда.
Елімізді одан әрі саяси және экономикалық жағынан жаңғырту Конституцияға өзгерістер енгізуге әкелді. Нәтижесінде халықаралық стандарттар мен мемлекеттік құрылыстың өз тәжірибеміз негізінде билік жүйесін одан әрі демократияландыруды қамтамасыз етті. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары – мәслихаттардың рөлі артты, халықтың жергілікті жерлердегі маңызды мәселелерді дербес шешуін қамтамасыз етуге мүмкіндік туды.
Мәслихат хатшысы лауазымы мәслихат төрағасына ауыстырылуы және төрағаға көптеген құқықтардың берілуі өкілетті билік үшін жасалған зор мәртебемен қоса үлкен жауапкершілікті жүктеді. Әсіресе, мәслихат жиыны болып саналатын сессияға төрағалық ету іс-шараның сапалы әрі мазмұнды өтуіне зор ықпал етті. Бұл өзгеріс осы салада 13 жыл басшылық қызметте болған маған айқын сезілді.
Бүгінгі таңда жаңартылған Конституция негізінде елімізде жаңа құқықтық жүйе қалыптасуда. Қабылданған заңдар қоғамдық қатынастардың негізгі жақтарын реттеп, еліміздің әлемдік деңгейдегі орнын көтеруде. «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» принципі де осы конституциялық реформадан шыққан. Өйткені Үкімет жауапкершілікті ұлғайтып отыру керек. Осындай өзгерістер қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты және оның ашықтығын күшейтті.
Республиканың көпэтносты халқының достығын нығайту мен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуде Конституцияның рөлі зор. Әлемнің түкпір-түкпірінде қарулы қақтығыстар, терроризм мен діни экстремизмнің қанды салдары өршіп жатқанда, тәуелсіз Қазақстанда ұлтаралық келісім және саяси тұрақтылық орын алуда. Мұның бәрі Конституцияда бекітілген Республика қызметінің түбегейлі принциптерін қоғамдық және саяси өмірде нық ұстанудың нәтижесі.
Конституция ең жоғары заңдық күші бар құжат ретінде бүкіл халықтың атынан қабылданды. Сондықтан да Қазақстан Республикасы Конституциясының «Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деп басталуы тегіннен-тегін емес. Түпкі мақсатымыз – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету. Болашақ ұрпақтың жүзін жарқын ететін бұл мақсатқа біз асқан табандылықпен ел бірлігін сақтай отырып қана қол жеткізе аламыз.
Мақсатымыз айқын, міндетіміз анық. Алға қойған мақсатымызға қол жеткізіп, азаматтық міндеттерімізді жүзеге асыруға барлық мүмкіндік жасалған. Оған Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы кепілдік береді.
Ынтымағы жарасқан еліміздің бағын асыратын, мерейін тасытатын құнды құжатымыз қабылданған күн құтты болсын!
Нұрәкім Есжан,
Ұйғыр аудандық мәслихат төрағасы,
«Құрмет» орденінің иегері