Перейти к содержимому
Главная страница » Аурухананың бүгінгі ахуалы

Аурухананың бүгінгі ахуалы

     Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының директоры Айман Рақышева бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу өткізді. Басқосу барысында аурухананың бүгінгі ахуалы, даму басымдықтары, медициналық тәжірибеге жаңа технологиялар мен стандарттарды енгізу, үздік тәжірибелер орталығының жұмысы, халықпен кері байланыс және денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығы сөз болды.

Айман Ғалымжанқызының айтуынша, бүгінгі күні қалалық көпсалалы ауруханада 325 төсектік стационар, тәулік бойы жұмыс істей­тін бөлімдер бар. Онда шұғыл, жоспарлы, консультативтік-диагнос­­­тикалық және стационарды алмастыратын көмек көрсетіледі. Үздік тәжірибелер орталығы 70 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетіп, күніне мыңға жуық қабылдау жүргізуге қауқарлы. Мұнда басқа аудандардың тұрғын­дары да көмек алуда. Әр кабинетте, әрбір ота залында мамандығына шынайы берілген ақ халаттылар еселі еңбек етуде. Заманауи жабдық, білікті кадрлар және әр­бір науқаспен жылы қарым-қатынас – аурухананың күнделікті жұмысы. Травматологиядан бас­тап офтальмологияға, хирургиядан нейрохирургияға дейін бұрын тек ірі қалалардың үлкен клиникаларында ғана қолжетімді болған күрделі оталар сәтті орындалуда. Ауру­хананың операциялық блогы, жаңғыртылған реанимация бөлімі, күндізгі стацио­нарында сырқат­танған жандар үшін қолайлы жағдай жасалған. Төсек қорының жоғары жүктемесіне қара­мастан, логистика мен жоспарлау тиімді ұйымдастырылған.
– 650 төсектік жаңа аурухананың жобалық-сметалық құжаттамасы жасалуда. Келешекте онкологиялық, кардиохирургиялық, хирургиялық, балалар нейроинсульттік бөлімшелер, реанимация және перинаталдық орталық ашылады. Жаңа ғимарат пайдалануға берілген кезде 1974 жылы салынып, Іле ауданының денсаулық сақтау орталығы ретінде басталған қазіргі аурухана ел игілігіне қызметін жалғастыра береді. Мекеме құрамында сегіз бөлімше бар, онда 187 дәрігер жұмыс істейді. Биыл штатқа медициналық жоғары оқу орындарының 6 түлегі қабылданды. Қазір дерматолог, эндокринологқа ерекше қажеттілік туындауда. Жас мамандарды тартамыз, команданы кеңейтеміз, – деді Айман Рақышева.
Қызмет көрсету аймағына Қонаев қаласы ғана емес, жақын маңдағы ауылдар да кіреді. Аурухана қарамағында Кербұлақ, Шеңгелді және Заречный дәрігерлік амбулаториялары бар. Сондай-ақ Қосқұдық және Сарыбұлақ ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істейді. Облыс әкімдігінің қолдауымен бар­лық нысандар нормативтік жағдай­ға келтірілген. Ауруханада жаңа техно­логиялар енгізілуде, дәрігерлер үнемі біліктілікті арттыру курсынан өтеді. Шетелге барып, тәжірибе алмасып келеді. Бөлімшелерде бұрын Алматы және Астана клиникала­рында ғана қолжетімді болған күр­делі хирургиялық оталар жасалады. Зертханада тесттер тек дәрігердің жолдамасымен беріледі. Бұл тәсіл клиникалық негізделген диагности­каға назар аударуға, қызметкерлерге шығындар мен артық жүктемені азайтуға септігін тигізеді.
Кері байланыс, өтініштерге жедел ден қою қалыпты жағдайға айналды. «WhatsApp» арқылы тәулік бойы байланыс желісі науқас пен медицина мекемесі арасындағы сенім көпіріне айналған. Медицина саласындағы басқарудың тек стратегия мен бақылау емес, ең алдымен адамға деген құрмет пен сапаға деген ұмтылыс екенін тілге тиек еткен бас дәрігер өзінің бас­шы­лығымен аурухана жаңа даму кезеңіне өткенін, кадрлық саясат нығайтылып, инфрақұрылым кеңей­тіл­генін мәлімдеді.
Кездесу соңында аурухана басшысы журналистер тарапынан қойылған сауалдарға толымды жауап берсе, қабылдау бөлімінің меңгерушісі Айнаш Қалиева меймандарға зама­науи құрылғыларды меңгергендерін көрсетті.

Таңжарық БАҚТЫБАЙҰЛЫ