Асқан төзімділік пен қайсар рухты талап ететін құсбегілік өнер арқылы халқымыздың көшпелі мәдениетін әлемге әйгілеген қазақтың қайсар қыздарының бірі – Айшолпан Нұрғайыпқызы.
Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында туып-өскен Айшолпанды әкесі бала күнінен құсбегілікке баулып өсірген. Небәрі 13 жасында алғаш рет сынға түсіп, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 79 саятшының арасында жалғыз нәзік жанды болып қатысып, жеңіске жеткен. Аққанат құсы 5 секундта қолына қонып, 6 секундта шырғаға түскен. Осылайша әлемдік көрсеткіші жаңартып, «Гиннестің рекордтар кітабына» енген. Әлі күнге дейін бұл үздік нәтижені ешкім жаңарта алған жоқ. Ол туралы режиссер Отто Белл «The Eagle Huntress» атты фильм түсіріп, ол әлемнің 30 мемлекетінде көрсетілген. Кинофильм Дубай мен Доха қалаларында үздік фильм атанып, арнайы сыйлықтарға ие болған. «Оскар» жүлдесіне де ұсынылған. Осыдан кейін әлемге аты танылған Айшолпанды көруге дүниенің төрт бұрышынан туристер ағыла бастаған. Америкалық жазушы Лиуза Уэлш оның тағдырын кітабына арқау етіп, тұсаукесері Лос-Анджелес қаласында өткізілген. Әлемді аузына қаратып, атағы аспандап тұрған құсбегі қызды сұхбатқа тартып, әңгіме өрбіткенде, оның қарапайымдылығы мен шынайылығын жоғалтпаған көркем болмысын байқадық.
– Мен ата-апамның қолында қазақы тәрбиені сіңіріп, бойжеттім. Қарапайым ауыл тұрмысын көріп өскендіктен, ұлттық болмыстың қадір-қасиетін ерте ұғындым. Әркімге туған жері ыстық қой. Салт-дәстүрді берік ұстанған, жылы жүзді, кең пейілді ортада өсу мен үшін үлкен бақыт болды. Бірақ Қазақстанға келу үлкен армандарымның бірі еді. Алғаш келгенде, көзіме еріксіз жас келді, жүрегімдегі қуаныш сезімін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Мұнда көшуіме көмектескен Ғабит Бөкенбай ағама, білім грантын ұсынған «Білім» инновация қорына шексіз ризашылығымды айтамын, – дейді Айшолпан. Ол Аққанат бүркітін 18 метр биіктіктегі ұядан алып, кішкентай кезінен өзі үйреткен. Құсбегі қыз саятшылықтың біз білмейтін қызықтарымен де бөлісті.
– Бүркітшілік жай ғана аңшылық емес, бұл – терең тарихы, рухани мәні бар ұлттық өнер. Бүркіт – ерекше қасиетті, күнге қарсы ұша алатын жалғыз құс. Біз тек ұрғашы бүркітті қолға үйретеміз. Ол қасқыр, түлкі, қоян сияқты ірі аңдарды алады. Ал еркек бүркіт көлемі жағынан кіші әрі әлсіздеу болады, ол көбіне қоян мен түлкіге ғана түседі. Құсбегі болу үшін адамда шыдамдылық, батылдық пен күш болуы керек. Бүркітке жай ғана аң алатын құс деп емес, сырлас досың ретінде қарау қажет. Ол сөйлемесе де, адамның көңіл-күйін сезіп, түсіне алады. Бүркіт 5-6-ға келгенде, яғни ана жасына жеткенде, оны табиғатқа жіберу керек. Себебі бұл жаста ол мазасызданып, әртүрлі дыбыстар шығара бастайды, қолда отыруға көнбей қалады. Сол себепті оны еркіндікке жібереміз, осылайша балапан алуға да мүмкіндік туады. Бүгінде бүркітті табыс көзіне айналдырып, той-томалақ пен демалыс аймақтарында суретке түсетін ойыншық құсқа айналдырып жіберген. Осы арқылы бүркіттің қадірін кетіріп, құнын түсіріп жатыр. Құсбегілікпен өзінің табиғи, тарихи жолы мен заңынан аттамай айналысу керек, – дейді құсбегі қыз.
Айшолпан Нұрғайыпқызының жетістігінен кейін бүркітшілікпен қыздар да көбірек айналыса бастаған. Олардың кейбіріне өзі тәлім беріп, шәкірттер тәрбиелеген.
Кейіпкеріміз облыстағы Сүлеймен Демирел атындағы университетте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мамандығы бойынша білім алып, дипломын қолына алған. «Студенттік өмір – адам жанына мәңгілік жылы естеліктер қалдыратын ең ғажап кезең. Мен оны СДУ-да өткізгеніме қуаныштымын. Бұл – мен үшін еліміздегі ең үздік жоғары оқу орындарының бірі. Төрт жыл бойы сапалы біліммен сусындап, өзімді жан-жақты дамытуға мүмкіндік алдым. Осы жылдарда өмірлік достар тауып, мамандығымның қыр-сырына қанықтым. Бұл мамандықты таңдағаным бекер емес. Өйткені мен ана тілімнің шексіз байлығына, әдебиетіміздің терең мазмұн-мәніне бала кезімнен ғашық болдым. Қазақ тілі – ұлттық рухымыздың тірегі, ал әдебиет – ұлттың жүрегі мен жаны. Осы құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізу, тілді құрметтеуге үйрету – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі абырой», – дейді Айшолпан.
Қазіргі таңда ол Өскемен қаласында құсбегілерге арналған мектеп ашуды қолға алған. Осы арқылы қазақтың ұлттық спортын, соның ішінде құсбегілік өнерін жас ұрпаққа үйретіп, дәріптемек. Айшолпанның Моңғолияда жеке туристік компаниясы да бар. Онда барған жандар көшпелілер өмірімен, қазақтың бай салт-дәстүрімен танысып, ерекше әсерге бөленеді.
Қазақ халқының ұлттық өнерін төрткүл дүниеге паш еткен бүркітші қыз: «Халқымның мәдениетін, салт-дәстүрін әлемге танытып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу – менің басты мақсатым», – деп сөзін түйіндеді.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА