Перейти к содержимому
Главная страница » Емі де, сөзі де шипа

Емі де, сөзі де шипа

     Өмір деген қас-қағым сәт екен ғой. Өз басымнан өткен мына бір жайтты баяндай отырып, ең алдымен жарық күнді көрсеткен Жаратушыға сансыз шүкіршілік айтамын және қиындыққа тап болғанда көмек қолын созған ақ халатты абзал жандарға деген алғысым шексіз.

Бірде отбасыммен көлікте келе жатып, жол апатына ұшырадық. Сол мезетте бізді «Жедел жәрдем» лезде Кеген аудандық ауруханасына алып келді. Алғашқы медициналық көмек­тің арқасында осы күнге аман жетіп отырмыз. Кеген аудандық ауру­хана­сының қарқынды емдеу бөлімі­нің меңгерушісі Руслан Сайлаубай­ұлына, дәрігерлер Әбдірахым Мәсәлімұлына, Мұрат Серікұлына, күн-түн демей аяқ­тарынан тік тұрып, адам өміріне араша түскен жансақтау бөлімінің барша қызмет­керіне, оның ішінде Малай Асхат, Ершат Бәзілжанов, Назгүл Кисамиова және Оңласын Жырғалованың адал еңбектеріне тәнтімін. Бөлімнің аты айтып тұрғандай, мұнда өте ауыр халдегі науқастар келіп түседі. Адам денсаулығы жолында аянбай тер төгетін дәрігерлерге аналық ақ жүрегіммен алғыс айтамын. Бетім бері қарап, хирургия бөліміне ауыстым. Мұндағы бөлім меңгеру­шісі Бекжан Алтынбекұлы, травматолог Қойлыбай Сейдахметұлы, аға мейірбике Алмана Демежанова мен ем-шара мейірбикелері Назгүл Қасқаева, Майгүл Айтбаева, Бақытгүл Сұраншиева, Әсем Отарбай, Бақытгүл Жылқыбаевалар да мейірімін төгіп, ем-дом көрсетті.
Науқасты барын салып емдеген осынау дәрігерлер мен мейірбикелерге ыстық ықыласымды білдіремін. Жаныңа ауруың батып жатқанда ем-шарасымен қатар жан жылуын сыйлаған қандай керемет!
Адамдықтың ар жолынан таймай, ел үшін еңбек етіңдер, жүздеріңнен жылу кетпей, алғыспен арқалана беріңдер демекпін!

Гүлнар Қоңқаева