Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалса да, Қонаев қаласының Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары әлі аяқталмай тұр. Оқушылар мен ата-аналардың үміті мектеп ауласындағы сылбыр жұмысты көріп, әлдеқашан үзілгендей. Сынып бөлмелерінің басым көпшілігі жабық. Спорт залы тіптен дайын емес. Мектеп ауласында да реттілік жоқ, аяқталған нысан деуден гөрі қарбаласқа толы құрылыс алаңы екені бірден аңғарылады. Бір сөзбен айтқанда, мектептің 2100 оқушысы биылғы Білім күнін тағы да өзге білім ордаларының босағасында өткізуі әбден мүмкін.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев мектептегі жағдайды көріп, мәселенің мән-жайын білу үшін нысан басына келіп, мердігерлермен тілдесті. «Оқу жылының басталуына жыл емес, ай емес, санаулы күндер қалды. Біз оқушыларды қыркүйекте жөндеуі толық бітпеген мектепке кіргізе алмаймыз. Сондықтан, жауапты құрылыс өкілдері жұмысты қысқа мерзімде аяқтауы тиіс. Ол үшін құрылыс қарқынын үдетіп, жұмысшылардың санын арттыру керек», – деді Марат Елеусізұлы.
№4 орта мектептегі күрделі жөндеу жұмысының басталғанына екі жылдан асып кеткен. Келісім-шарт «Sheberbuild» компаниясымен жасалған. Бөлінген қаражат та қомақты. Көлемі 1 млрд теңгеден асады. Құрылыс жұмысы 2023 жылдың маусым айында қолға алынған. Жұмыстың жоспарға сай жүргізілмеуіне ғимараттың тым ескілігі, талапқа сай келмейтіні де әсер еткен. Әртүрлі кедергілерге қарамастан құрылыс жұмысы жүргізіліп, қаражаттың көп бөлігі игерілген. Десе де, кейін қағаздағы есеп басқа, ал мектептегі жағдай мүлдем басқа болып шыққан. Кейін бұл мектептің ісі сотқа да түсіп, мердігерлерді айыпты деп тапқан. Компанияға игерілмеген қаражат, сапасыз атқарылған жұмыс бойынша бірнеше міндет жүктелген. Сот шешімі шыққаннан кейін де осыған дейін сапасыз атқарылған жұмыстарын қайта жасау үшін құрылыс компаниясы уәдені үйіп-төккен. 2025 жылдың 20 тамызында жөндеу жұмысын толық аяқтаймыз деп келіскен. Бірақ уәде – Құдай аты сол күйі толық орындалмаған.
Қонаев қалалық білім бөлімінің мәлімдеуінше, мектептің «А» блогы пайдалануға дайын. «В» блогындағы кейбір кабинеттер де жасалып біткен. Бірақ үшінші қабаттағы жұмыстар аяқталмаған. Спорт залы мен дәретханасында құрылыс жұмыстары сылбыр жүруде. Қазіргі таңда мектеп аумағында небәрі 37 құрылысшы еңбек етуде. Бүгінде жауапты білім бөлімі аталған мердігерге соталды талап-арыз жолдап қойған. Бірақ мектептің қазіргі жай-күйінен байқағанымыздай, нысан құрылысының толық аяқталуы үшін әлі біршама ұзақ уақыт қажет-ақ.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ
Қонаев қаласы