Қазақ халқының кемеңгер перзенті, ел тарихында өшпес із қалдырған Дінмұхамед Қонаевтың есімі барша жұртқа мәлім. Елімізді жарты ғасырға жуық уақыт басқарған тұлға қиын-қыстау кезеңдерде жеріміздің тұтастығын сақтап, ұлтымызды бейбіт өмірге, татулық пен бірлікке жетеледі. Осындай ұлы тұлғаның есімін иелену Д.Қонаев атындағы колледж ұжымы үшін де үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік.
Алғашқы қадам
Д.Қонаев атындағы колледж (Лицензия №14012893) елімізде тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, нарықтық қатынастар қалыптасып, білім беру саласында жекеменшік оқу орындарын ашуға мүмкіндік туған шақта құрылды. 1993 жылы профессор, заң ғылымдарының докторы Өмірәлі Жалайыри мен оның зайыбы, тәжірибелі қаржыгер Кашипа Рақымбекқызы оқу орнын ашу бастамасын көтерді. Сол жылы олар Дінмұхамед Қонаевтың өзіне барып, батасын алады.
Даму жолы
2014 жылдан бастап колледж университет құрамынан шығып, жеке құқық профиліндегі оқу орны болып қайта тіркелді. Бүгінде Д.Қонаев атындағы колледждің құрылғанына 26 жылдан асты. Осы уақыт аралығында «Еңселі елдің ертеңі – білімді ұрпақ» деген ұстаныммен 17 мыңнан астам түлек бітіріп шықты.
Колледждің миссиясы – еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Бұл мақсатта оқу үрдісінде теориямен қатар тәжірибеге де ерекше көңіл бөлінеді. Студенттер сот отырыстарына қатысып, ресми құжаттар толтыруды үйреніп, адвокаттар, нотариустар, судьялар мен мемлекеттік қызметкерлерден тәжірибе алады. Колледждің басты ерекшеліктерінің бірі – медико-психологиялық қызмет, медиация орталығы және тегін заң кеңесі. Бұл бастамалар студенттердің біліммен қатар өмірлік тәжірибесін қалыптастыруға ықпал етеді.
Оқу ғимараты төрт қабаттан тұрады, барлық қажетті кабинеттермен жабдықталған. Колледж кітапханасының қоры – 56 302 оқулық. Студенттерге спорттық секциялар, тренажерлық зал, тілдік курстар, жатақхана және оқу ақысын төлеудің ыңғайлы жүйесі қарастырылған.
Білікті менеджер
2001 жылдан бері аталған колледжді тәжірибелі педагог, заңгер әрі білікті менеджер Райхан Бөлекбаева басқарып келеді. Оның педагогикалық еңбек өтілі – 35 жыл. Райхан Шантықызы әр студенттің даралығын ашуға, шығармашылығын дамытуға және еркін ойлы тұлға қалыптастыруға ерекше мән береді. Еңбегі мен қоғамдық қызметі үшін ол «Құрмет» орденімен, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, ҚР Тәуелсіздігінің 20 және 30 жылдығына арналған медальдармен марапатталған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаттарын алған. Алматы қаласының мәслихат депутаты әрі «AMANAT» партиясының мүшесі ретінде де ел дамуына үлес қосып келеді.
Бүгінде колледж халықаралық деңгейде аккредиттелген, заманауи білім ордасына айналды. Жаңа ғасырдың талабына сай сапалы маман даярлауды басты мақсат еткен ұжым білімді, кәсіби әрі патриот түлек тәрбиелеу жолында қажырлы еңбек етуде.
Димаш ата жолымен
Колледж басшылығы студенттерiн оқытып, тәрбиелеу жолында болашақ мамандар Димаш атадай қалтқысыз қызмет етуге, аманатқа адал болуға, адам баласына қиянат жасамауға, парасатты, беделді, әдiлеттi, халыққа жақын болып, ешкімнің ала жiбiн аттамайтын адам болып шықсын деп көп күш салады. Ұлы тұлғаның туған күні, дүниеден озған күні жылда аталады. Ұжым болып студенттердi ертiп, Кеңсайға барып, Қонаев ескерткішiне барып, Құран бағыштап, гүл шоқтарын қойып, ас берiледі. Дінмұхамед ата музейiне жыл бойы топтасып та, жекелей де бару, әр түрлі iс-шара өткізу – колледждің ұдайы назарында.
Колледждiң тәрбие жоспары бойынша Димаш атамыздың туыстарын (апа-қарындастарын), көзін көрген, жанында қызмет атқарған адамдарды шақырып, кездесулер өткізіліп тұрады.
Толқын СӘЙДУОВА,
журналист