«Әскери қызмет – тәртіп пен жауапкершілікті талап ететін қиын да қызық сала. Мен үшін Отан алдындағы борышымды адал өтеп, елімнің тыныштығын сақтау – абыройлы міндет», – дейді Ақжол Отанбақытұлы есімді кейіпкеріміз. Ол бұл қызметті бала күнінен армандаған. Бауыржан Момышұлының әскери саладағы үлгісі мен Отанға деген сүйіспеншілігі осы жолды таңдауына себеп болған.
Бірақ бала арманының жетегіне бірден еріп кете алмай, «құқықтану» мамандығы бойынша білім алады. 2017-2018 жылдары Зайсан қаласына көкейінде сақталған арманын орындау үшін әскерге аттанады. Борышын өтеген соң әскер қатарында қалуды таңдайды. Бүгінде ол – ҚР ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысына қарасты Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасы байланысты қамтамасыз ету тобының аға офицері. Қызметтік міндетін өтей жүріп, «радиотехника, электроника және телекоммуникация» мамандығын, сондай-ақ «есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдап үлгерген. Алған білімі әскери қызметінде көмегін тигізуде. Өз ісіне шынайы берілген офицер шекараны заңсыз кесіп өтпек болған адамның әрекетіне тосқауыл қойып, шеберлік танытқан. Бұл оқиға жайлы ол былай дейді:
– Осы жылдың шілде айында 33/16 бақылау учаскесінде қатардағы Мейраммен бірге шекара сақшысы қызметін атқардым. Таңғы сағат 8:00-ге қарай қызметтен қайтып келе жатқан сәтте шекара қоршауының бүлінгенін байқадым. Қатардағы Тұрғанов пен Ташкенбайға күзетті күшейтуді тапсырып, бұзылған қоршауды қалпына келтіруге жібердім. Айналаны барлап, бақылау жүргізгенде, жолда атпен келе жатқан адамды көрдік. Ол азамат шекаралық аймаққа атпен кіріп, қоршауға жақын жүрген. Біз артынан байқатпай ілестік. Біраздан соң алдынан мен жіберген жұмыс тобы шығып, аталған тұлғаны екі жақтан қоршап, оны ұстадық. Тексеру барысында оның көршілес мемлекеттің азаматы екені анықталды. Бірлескен әрекет нәтижесінде мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуге әрекет жасаған шекара бұзушы ұсталды. Оқиға жөнінде басшылыққа спутниктік телефон арқылы дереу баяндадым, – дейді ол.
Ақжол Бікен шекарадағы қауіпсіздікті нығайту үшін заманауи бақылау құралдарын көбейтіп, жеке құрамның техникалық-тактикалық даярлығын жүйелі түрде жетілдіру керегін, сондай-ақ шекаралық инфрақұрылымды жаңғыртса деген ұсынысын айтты.
– Тәртіп, жауапкершілік, жылдам шешім қабылдау, топпен үйлесімді әрекет ету – біздің қызметтің негізгі талаптары. Сонымен қатар физикалық, психологиялық төзімділік те аса маңызды. Алдағы уақытта кәсіби біліктілігімді арттырып, жас сарбаздарға тәлімгерлік ету – басты мақсаттарымның бірі, – деп сөзін түйіндеді кейіпкеріміз.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА