🌧️
10°C
Қонаев
Сенбі, Қараша 1, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Әдебиет

    Ұлылар үндестігі

    09.08.2025
    in Әдебиет, Барлық жаңалықтар, Мәдениет, Руханият
    Ұлылар үндестігі
    0
    SHARES
    5
    VIEWS

         Ұлыларды белгілі бір дәуір туғызады. 1845 жылы Шыңғыстауда Абай дүниеге келсе, арада алты-жеті ай өткенде Жамбыл тауының бөктерінде Жамбыл туды. Екеуі қазақ деген ұлы халықтың екі алыбына – поэзиядағы піріне айналды.

    Ақын деген әрқашан туу биік­те жарқырап шыққан күн­дей, адам­дардың тіршілік пайымын саралап, жақсылығына жаны жадырап рақат­танса, қиянат, қиыс істеріне күйінеді, жүрегі сыздап, қапаланады. Өйткені ол өзі өмір сүрген қоғамнан сырт қала алмайды, қандай суреткер болмасын белгілі бір дәуірдің жемісі. Ақынды әулие демей көріңіз, кім болса да жетістігі мен кемшілігін дәулеті мен беделіне қарамай ашық айтып тастайды. Қисықты сын тезіне алып, сөзбен тіліп түседі. Бұл білер жанға батырдың бас кесер алмас қылышынан да ауыр.
    Абай айтады:
    Жамантайдың баласы Көжек деген,
    Әркімге өсек тасып, безектеген.
    Досын келіп досына жамандайды,
    Шіркінде ес болсашы сезед деген.
    Жамбыл ақын да көңіліне ұнамағанын бет-жүзің бар демей, түйреп-түйреп айтып кете берген, ол ауыздан-ауызға көшіп, ел арасына тез тарайды. Бұдан өткен ауыр соққы болар ма? Батырдың гүрзісінен ақынның бірауыз өлеңі артық деген осы.
    Жамбыл ата «Байұзақ молдаға» деген өлеңінде былай дейді:
    Отынға екеу кет­ті, бірі – молда,
    Мінгені – молдасының шұбар жорға.
    Молдасы Сарыекемнің ұрлық қылып,
    Құдая, кешіре гөр, өзің тоба?!
    Абай мен Жамбыл жай қаймана қазаққа сын тағып қойса бір сәрі, қолында билігі бар, әмірі күшті, дүмі мықтылармен ашық майданға шығып, келеңсіздіктерді аяусыз әшкерелейді.
    Абай Күлембай болысқа былай дейді:
    Болыс болдым, мінекей,
    Бар малымды шығындап.
    Түйеде қом, ат­та жал,
    Қалмады елге тығындап.
    Сүйтсе-дағы елімді,
    Ұстай алмадым мығымдап.
    Күштілерім сөз айтса,
    Бас изеймін шыбындап…
    Ал Жамбылдың Мәңке болысқа айт­қаны:
    Жанғойлық болысы пысық келеді,
    Мұрындары пұшық келеді.
    Екі арадан ептеп жерінде,
    Көздерін қысып келеді.
    Сөздерін ұзарта келеді,
    Өңешін қызарта келеді…
    Абай мен Жамбылдың бетке шығар қаймақтар дегендердің жағымсыз қылықтарын осылай «сойып» салғанын көріп, басқалар да іш жиып, қалыпқа келеді, жөн-жосыққа көшеді. Ақын өз ортасының көз-құлағы, дуалы аузы деген осы-ақ болар!
    Екі алып інжу-маржандай кесте­ленген өлеңдерінде туған жерді, оның көркем табиғатын тебірене сурет­тейді. Тамылжыған туған жер бейнесі көз алдыңа келеді, бір көрсем-ау деп іңкәр боласың. Сол өлеңдері арқылы Шыңғыс пен Жидебайды, Құлансаз бен Майтөбені бір көруді аңсап, армандайсыз, ғашық боласыз. Бұл – талант құдіреті!
    Жаздыкүн шілде болғанда,
    Көкорай шалғын, бәйшешек
    Ұзарып өсіп толғанда.
    Күркіреп жатқан өзенге
    Көшіп ауыл қонғанда.
    Шұрқырап жатқан жылқының
    Шалғыннан жоны қылтылдап,
    Ат, айғырлар, биелер
    Бүйірі шығып ыңқылдап,
    Суда тұрып шыбындап,
    Құйрығымен шылпылдап,
    Арасында құлын-тай
    Айнала шауып бұлтылдап,
    Жоғары-төмен үйрек, қаз
    Ұшып тұрса сымпылдап…
    Міне, жаздың ғажап көрінісі, төгілген сурет қаз-қалпында тіріліп кеп көз алдыңа тұра қалады.
    Жаз келбетін Жәкең былай жырлайды:
    Атымды ерт­те, балалар,
    Күлімдеп, міне, жаз келді.
    Түйе боздап, қой қоздап,
    Тізіліп қатар қаз келді.
    Жастардың жүзі жайраңдап,
    Кең өмірде сайрандап,
    Махаббат, мейірім ән мен күй
    Ойын-күлкі наз келді.
    Тамаша өмір, шат­тық жыр,
    Қала, дала, ой мен қыр,
    Ерекше жаз – биыл жаз.
    Төгілген көктен алтын нұр.
    Назданар адам аз ба енді.
    … Шағаласы шаңқылдап,
    Қаз-үйрегі қаңқылдап,
    Көкорай шалғын, орман, көл
    Салтанат, шат­тық, сән-сәулет
    Аймағым – асқар қорған бел!
    Ұқсастық бар ма, бар. Бұл жай үндестік қана емес. Тұлпардың шабысы тұлпардай болады. Қыран биікте шырқайды. Ұлылар ғана осылай жырлай алады.
    Данышпан Абайдың ғақлиялық қара сөздері өз алдына бөлек бір әңгіме. Өлеңдерін алып қараңыздаршы, сол заманда да, бүгінге де, болашақ ұрпаққа да өсиет, өнеге.
    Өсек, өтірік, мақтаншақ,
    Еріншек, бекер мал шашпақ –
    Бес дұшпаның, білсеңіз.
    Талап, еңбек терең ой,
    Қанағат, рақым, ойлап қой –
    Бес асыл іс, көнсеңіз.
    Абайдың философиялық ойға тұнған осынау қанат­ты сөздерін әр оқу орнының кіреберісіне іліп қойып, ұлағат­ты тұжырым-пікірлерін жастар санасына сіңіре білсек қой, шіркін!..
    Ғұмыр деген қамшының сабындай қысқа өмірдің парқына жете білейік десек, Абай мен Жамбыл кітап­­­­тарын парақтайық, ағайын.
    Жамбыл атам былай деп өсиетнама қал­­дырыпты:
    Жігіт­тіктің кезінде,
    Жігерлі болса ер болар.
    Тұрмаса жігіт сөзінде,
    Нәсілі оның кем болар.
    Қажырлы болса майданда,
    Халыққа сөзі ем болар.
    Елі үшін туған ерлердің,
    Алды-арты дария кең болар.
    Бірлігі кетсе ағайын,
    Әркімдерге жем болар.
    Білімсіз болса жолдасың,
    Қылған қайырың сел болар.
    Артықша туған азамат,
    Халыққа үлкен бел болар.
    Осындай қанат­ты, мәтел болар өлең жолдарын оқығанда жаныңа нұр сәуле толады, санаң ашылып, жүрегің тазарады. Күнделікті қым-қуыт тірліктен бір сәт болса да биіктеп, жоғарыдан төмен қарауға, бағамдап-пайымдауға мүмкіндік туады.
    Ақын тағдыры қашан да жеңіл болмаған. Әлсізге арашашы болам деп жүріп жүрегі қырық жамау болған ақын өзін аямайды. Мына бір ұқсастыққа зер салыңызшы. Абай өзі жанындай жақсы көретін, ерекше үміт күткен сүйікті ұлы Әбдірахман жастай қайтыс болғанда күндей күңіренді, түндей түнерді. Қайғы уытына малынып, аһ ұрды, қасіреті өлең болып ақ қағазға түсті.
    Жиырма жеті жасында,
    Әбдірахман көз жұмды.
    Сәулең болса басыңда,
    Кімің көрдің бұл сынды.
    Қайғы болдың күйгендей,
    Ол қуатым еді рас.
    Көзге қамшы тигендей,
    Шыр айналды артқа жас, – деп бірнеше қасіретнама өлеңдер легін жазды.
    Жамбыл да сүйікті ұлы Алғадайды әскерге шығарып салып тұрып, «Әке атына сын келтірме» деп ақ батасын беріп, ат­тандырды. Жамбыл өзінің жанындай жақсы көретін ұлы Алғадайды соғысқа жібермей алып қалуға құдірет-күші жетер еді. Жоқ, «Қош, қош, балам, қош айт­тым, қолымды, міне, шошайт­тым» дейді. Мыңдаған боздақпен бірге қантөгіс соғыста Алғадай да мерт болды. Мұны естірткенде «Алғадай өлгенше мен өлгенім жөн еді» деп қарт жырау қат­ты қапаланады, бүк түсіп, шөгіп, төсек тартып жатып қалады.
    Ел-жұрт, азамат­тар жиылып, ақын үзіліп кетпес үшін не істейміз деп, ақылдаса келе Кененді алдыртады. Кезінде егіз ұлынан айырылып, бірақ тәубешілдік жасағаннан ке­йін артынан ұрпақ ерген Кенен ұлы ұстазына жырмен тоқтау айтады, сабырға шақырды. Сонда ғана Жәкең басын көтеріп, тоқсан жыл серігі болған домбырасын алып көзінен аққан жасы аппақ сақалынан тамшылап, Алғадайын сағынып, зарлап жоқтайды-ай…
    Алатауды айналсам,
    Алғадайды табам ба?
    Сарыарқаны сандалсам,
    Саңлағымды табам ба?..
    Тәңір жарылқағыр, белгілі жыршы Аяз Бетбаевтың орындауындағы осы жоқтау­ды естісем, ылғи да көзіме ыстық жас келеді. Иә, Құдайым, әкеге баласының өлімін естіртпей-ақ қойсын!
    Қазығұрт пен Қаратау,
    Тамам тауға пана тау.
    Дүниенің қызығы,
    Ұл мен қызда болады-ау.
    Жасым жүзге кеп еді,
    Ақ таяққа сүйеніп, Алғадай-ау,
    Сен жыласаң жөн еді
    Терең тебіреніс, зарлы күрсініс, запыран өкініш!.. Ақын жүрегі – нәзік, тым сезімтал. Тағдыр артқан осындай батпан қайғы екеуіне де егізден қатар келгенін қараңызшы?
    Ардақты Абайдың баласы Әбдірахман Верныйда ауырып жатыр дегенді естіп Жамбыл мен Сәт болыс арнайы барып, көңілін сұрайды. Ке­йін Әбдірахман қайтыс болып, сүйегін еліне алып кетуге келген ағайындарынан Жамбыл Абайға көңіл айтып, мынандай өлең жолдайды:
    Сәлем айт барсаң Абайға,
    Кеңесі кеткен талайға.
    Ауырды жеңген қара жер,
    Сабырлы болсын қалайда.
    Бір жұтқан судай дүниесін,
    Ащысын татып күймесін.
    Жапанға біткен бәйтерек,
    Жалғызбын деп жүрмесін.
    Кемелге келген асыл-ай,
    Тасқынды тәңір басуы-ай.
    Нар көтерген ауырға,
    Арқаны тоссын жасымай!
    Ақындардың бір-біріне деген ақжарма көңілі-ай, десеңізші?!
    Бүгінгі мынау алмағайып заманда жан-жағындағы құбылыстардан басыңды арашалап аман алып шығу үшін де Абай мен Жамбылды қайта-қайта оқып шығу керек шығар-ау деп қалдым. Бүгінгі кейбір қабынған індет, қабарған көңіл, алакүлік жағдайды Абай атамыз өз заманында-ақ айтып қойған және одан қат­ты сақтандырған.
    Қалың елім, қазағым, қайран
    жұртым,
    Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
    Жақсы менен жаманды айырмадың,
    Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың?!
    Ел тірегі – бірлік, ынтымақ. Бірақ ұябұзар, басбұзар дегендерің өрмекшідей өріп, жат қылықтарға кейбір жастар бас ұрып бара жатқандай. Бұған қалай қынжылмассың?
    Сабырсыз, арсыз, еріншек,
    Көрсе қызар жалмауыз.
    Сорлы қазақ сол үшін,
    Алты бақан ала ауыз.
    Өзін-өзі күндейді,
    Жақынын жалған міндейді.
    Ол арсыздың белгісі,
    Ұятсынбай, ойланбай,
    Қой дегенге тіл алмай,
    Іс қылмай ма ол кісі?
    Қазіргі заман – елдігімізге сын! Абай біздің көлеңке тұсымызды, бойымызда бар кеселімізді тап басып көрсетіп, «Қазағым-ау, арылсаңшы енді бұлардан» дейді, сол үшін қиналып, ой түбіне батады.
    Жамбыл бабамыздың мына бір өлеңі де жігерімізді жанып, қайрат беретіндей:
    Ақын деген бір бұлақ –
    Көмілер көзін ашпаса.
    Көзін ашар көпшілік,
    Сүйсіне тыңдай қоштаса.
    Ер қадірін ер баққан,
    Ерлер білер деген сөз.
    Зер қадірін зер соққан –
    Зергер білер деген сөз.
    Өмір барда ескірмес
    Бағасы құнды асыл сөз.
    Сын үстінде тұрған бүгінгі жаһандану дәуірінде ерлер рухын жанып, жігер берер сәт келді. Еңсені түсіре бермей, ел болып алға тура қарайық. Бір-бірімізге демеу болып, көтерейік, сүйейік. Кертартпа мінезден арылып, үлгілі іске ұмтылайық, ілім-білім, еңбек болсын көздегеніміз. Абай мен Жамбыл осыған үндейді, ұрпақтарына осыны аманат ет­ті.
    В.Белинский «Пушкин туралы жазу – тұтас орыс әдебиеті туралы жазу деген сөз» депті. Біз де Абай мен Жамбыл шығармашылығын бір мақаламен шектеу тіпті мүмкін еместігін ескеріп, тек өзара үндес, сарындас, ұқсас қырларын әңгіме етуді парыз санадық.

     Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
    жазушы, Қазақ­станның
    еңбек сіңірген қайраткері

    Ұсынымдар

    «Халық қаһарманы – Бақтыораз» атты облыстық рухты-патриоттық конференция өтті

    «Халық қаһарманы – Бақтыораз» атты облыстық рухты-патриоттық конференция өтті

    6 months ago
    ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ҮШІН

    ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ҮШІН

    1 year ago
    Абай ілімі – ізгіленудің тура жолы

    Абай ілімі – ізгіленудің тура жолы

    2 years ago
    Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖД-да мерекелік іс-шара өтті

    Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖД-да мерекелік іс-шара өтті

    2 years ago
    Ат үстіндегі сайыс

    Ат үстіндегі сайыс

    1 year ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>