Alatau City-де «K-Park» мәдени-іскерлік орталығының іргетасы қаланды. Келешекте екі халықтың ынтымақтастығының нышанына айналдыруды көздейтін нысанның салтанатты іргетасын қалау рәсімінде алғашқы сөз кезегін алған Қазақстан кәрістері қауымдастығының төрағасы Юрий Цхай іске асқалы тұрған жобаның мақсаты зобалаң жылдары Қазақстанға күштеп қоныстандырылған кәрістерге көмегін көрсетіп, паналатқан қазақ халқына деген шынайы алғыс білдіру ниетінен туындап отырғанын айтты.
Жиналған қауымға құттықтауын жеткізген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев нысанның тұрғындар мен қонақтар үшін тартымды орынға айналып, қоғамдағы үйлесім мен өзара құрметті нығайтатынын атап өтті.
– Бүгін біз жаңа Alatau City-де Қазақстандағы корейлер қауымдастығының 35 жылдығына арналған маңызды іс-шара аясында ерекше сәттің куәсі болып отырмыз. Бұл – жай ғана құрылыс емес, бұл өзара сенім мен достықтың, мәдени әріптестіктің нақты көрінісі және Alatau City-дің дамуына серпін беретін маңызды қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Alatau City еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығына айналатынын атап өтті. Осы бағыттағы алғашқы нақты қадамдардың бірі «K-Park» жобасы бизнесті дамыту мен шығармашылық бастамаларға қолайлы жағдай жасайтын заманауи мәдени-іскерлік орталық болады. Жоба Alatau City-ді халықаралық деңгейге көтеріп, Орталық Азияның маңызды мәдени және іскерлік хабына айналдыра алады. Сонымен қатар инвестиция тарту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда 6,8 мың гектарды қамтитын 12 «өсу нүктесі» анықталды. Бұдан басқа іске асыру сатысында 18 жоба бар. Бұл жобалар өңірдің экономикалық әлеуетін нығайтып қана қоймай, инфрақұрылымды дамытудың, жаңа жұмыс орындарын құрудың және елдің жаңа экономикалық драйвері ретінде Alatau City-дің инвестициялық тартымдылығын арттырудың маңызды факторына айналады, – деген облыс басшысы меценаттарға, Қазақстан кәрістері қауымдастығына, мемлекеттік органдар мен серіктестерге осы маңызды жобаны іске асырудағы қолдауы мен бірлескен еңбегі үшін алғыс білдірді.
Ауқымды жобаның маңызына тоқталған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов мәдениеттер және ұрпақтардың бірлігін бейнелейтін іргетас қаланып жатқанын, бұл кешеннің тарихи тамыр мен өзара құрметтің нышаны екенін баса айтты. Сонымен бірге «K-Park»-тің көркейіп, гүлденуіне ҚХА-ның да атсалысатынын тілге тиек етті.
Келесі кезекте сөз алған Оңтүстік Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Ха Тэ Ук кезінде ата-бабасы Қазақстанға еріксіз қоныс аударылған кәрістердің бүгінгі ұрпақтарының барлық салада қызмет атқарып, елдің өркендеуіне зор үлес қосып жатқанына тоқталды. Сонымен бірге олардың тамырынан ажырап қалмауы жолында елімізде атқарылып жатқан жұмыстар үшін алғысын жеткізді.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов Alatau City-де қолға алынған бұл ірі жобаның Мемлекет басшысының Жолдауымен ұштасып жатқанын тілге тиек етті.
Жаңа шаһардың білім, денсаулық сақтау, мәдениет орталығы болатын «Golden District» ауданының аумағы 10 гектарды құрайды. Ол – кәрістердің Қазақстанға қоныс аударғанына 90 жыл толуына орай қолға алынған ірі жоба. Пайдалануға берілген кезде мұнда қазақ халқына алғыс монументі, 5 мың орынды амфитеатр, «Өмір ағашы» нысаны, кітапхана, интерактивті мұражай, этномәдени бірегей және тарихи қайта құру аймақтары, визит-орталық, мәжіліс залы, Қазақстан кәрістері ассоциациясының кеңсесі орналасатын болады. Мамандардың болжамынша, нысан жылына 3,5 миллионға дейін келушіні қабылдай алады. Инфрақұрылымында автотұрақ, фудкорттар, электромобильдерге арналған қуаттау бекеттері мен намаз оқитын орындар қарастырылады. Ал архитектуралық шешімдердің дәстүрге сай болуын Оңтүстік Кореядан келген зерттеу тобы қадағалайды. «K-Park» мәдени-іскерлік орталығының ашылуы 2027 жылдың күзіне жоспарланып отыр.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Алатау қаласы




