Жамбыл ауданының Аққайнар ауылының тұрғындары негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Ел ырысын арттыру жолында еңбектеніп жатқан жандардың ісі айналасына өнеге боларлық. Солардың бірі – Сергей Калинин. Оны ауылдастары жақсы таниды, әрі еңбекқорлығын бағалайды.
Ол ара шаруашылығымен айналысып, дәмі тіл үйірер бал өнімдерін өндіреді. 1972 жылы Іле ауданының Аралтөбе ауылында дүниеге келген Сергей еңбек жолын да осы бал арасын өсіруден бастаған екен. Аққайнар ауылына 2001 жылы көшіп келіп, осы кәсіпке біржолата бет бұрады. Осында өз ісіне адалдығымен, еңбекқорлығымен танылды. Ауылдастары оның табиғатқа ерекше жанашыр азамат екенін жақсы біледі. Өйткені кәсібі де қоршаған ортамен тығыз байланысты. Бал арасынан мол өнім алу үшін жыл мезгілінің қолайлы кезеңінде араларын Суықтөбе тауының етегіне көшіреді. Оны ұясымен сонау Балқаш ауданына апарып, Бақанас ауылы маңындағы қыраттарға да орналастырады. Таза ауада, гүлді алқаптарда қоректенген арадан алынған өнімді еш қоспасыз, таза табиғи қалпында тұтынушыға ұсынады.
Адал еңбектің шынайы жемісі деген осы емес пе? Сергей Васильевичтің өндірген өнімі ауыл тұрғындары арасында жоғары сұранысқа ие. Шайқаған балын жергілікті тұрғындар Аққайнардың брендіне балайды. Адал еңбек етіп жүрген осындай азаматтар қандай құрметке болсын лайық. Олар өз ісі арқылы тынымсыз еңбектің үлкен жетістікке жеткізетінін дәлелдеп келеді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Аққайнар ауылы,
Жамбыл ауданы