Ақыны мен батырын ардақтаған Аспантау өңірінің ақ пейіл жұрты тарихқа мұрағат, ұрпаққа ұлағат болар тағы бір тағылымды шараның куәсі атанды. Қалың жұртшылық айтыс өнерінің ерен жүйрігі Оразалы Досбосыновтың туғанына 50 жыл толуын зор мереймен атап өтті. Ақынның жерлестері мен туған-туыстары, алыс-жақыннан келген қадірлі меймандар Құлмамбеттің құлынын елжіреп есіне алды.
Оразалының кіндік қаны Райымбек ауданы Тегістік ауылының құнарлы топырағына тамған. Ол осы елдімекендегі Мұқағали Мақатаев атындағы орта мектептің табалдырығын аттады. Бақытгүл Рақымова, Нұрбосын Бейсеев, Дариға Сүлейменова, Жанатгүл Дәуқабақова сияқты ұстаздарының ақыл-кеңесін ойына түйіп, санасына сіңірді. Мұқағали жырларымен сусындады. Хасен Саматыров, Даубай Әбдісаев секілді айтыс өнерінде жүрген ағаларынан дәріс алып, солардың мақамына ден қойды. «Сүйінбаймын, Жамбылмын, Таңжарықпын, Шарғынмын, басымнан сөз аспаған, Көдектен қалған бір ұлмын, қаймықпай сөйлер патшадан, Құлмамбеттен қалған құлынмын, халықтың өзі баптаған», – деп жырына арқау еткен саф алтындай жыр сүлейлерінің өрнекті өнегесін өміріне өріс етті. Мектеп қабырғасынан айтыс өнерінің отына май құйған Кемелбай Сағымбеков, Жұматай Әміреев, Бақыт Жағыпарұлы сияқты қатарластарымен үзеңгі қағыстырды. Екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін қасиетті өнердегі алғашқы тұсауы осы жерде кесілді.
Мерейтойдың беташары өзі оқыған білім ошағындағы ескерткіш тақтаның ашылуымен басталды. Алғашқы құттықтау сөз тізгінін ұстаған Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Жанарбек Жақсылық бұл игі шараның мәні мен маңызына тоқталды. Бастама көтеріп, ізгілікті іске мұрындық болып, ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп отырған Тегістік ауылының тұрғындарына, ауылдың мәртебесін асырып, мерейін өсіруге ықылас танытып, ниет-тілегін бір арнада тоғыстырып жүрген атпал азаматтарына, ауыл басшылары мен ұстаздарға аудан әкімінің ыстық сәлемін жеткізіп, алғысын айтты. Мерейтойға арнайы келген белгілі айтыс ақыны, Сүйінбайдың 170 жылдық тойында өзінен әлдеқайда кіші Оразалымен сөз сайыстырып, шын жүйрікті шабысынан таныған, сол жерде ақ батасын берген Шорабек Айдаров өз ойын айта келіп, сөзін:
– Оразалыдай үлкен жүректі ақын қайдан шығады деп ойлаушы едім. Сөйтсем, Аспантауды мекен еткен сіздердей алып елден туады екен ғой. Оразалының ізін жалғар алдаспан ақындар шыға берсін! – деген ақжарма тілегімен түйіндеді.
Оразалы томағасын сыпырып, аламан айтыстарда жарыстың алдын бермей жүрген кезеңде Райымбек ауданының әкімі Ызғарбек Бектұрсынов еді. Ауданның дамуында өзіндік қолтаңбасы бар Ызғарбек ағамыз өнер қуған жастарға да лайықты қолдау білдіріп, қамқор қолын созғаны есімізде. Осы тойға арнайы келген ақсақал шара барысында Оразалының есімін есте қалдыру, келер ұрпаққа үлгі етіп жеткізу жолындағы ойын көпшілікпен бөлісті.
– Биылғы жылдың өзіндік ерекшелігі бар. 50-ге толған, осы жасына дейін ел игілігіне жарайтын көптеген істің басын қайырып үлгерген азаматтардың мерейтойлары жоғары деңгейде, халықтың көз алдында аталып өтті. Оразалының да осы тойы тірі кезінде тойланса, бүгін ортамызда арқа-жарқа болып отырса, қандай жақсы болар еді. Бұл да бір кем дүние. Енді басталып отырған екінші өмірі мәңгілік болсын! – деп ақсақал ақ тілегін айтты.
Оразалының тіршілігінде өкіл әкесі, рухани ұстазы ретінде қамқор бола білген ҚР Жазушылар одағының мүшесі, «Мұқағали» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов ақын інісі туралы естеліктер өрбітті. Өз кезегінде мінбеге көтерілген зейнеткер ұстаз Дәулет Шәкенов шәкірті туралы ой бөлісті. Ұйғыр аудандық мәслихатының төрағасы Есжан Нұрәлім ақ тілегімен тойға құтты болсын айтты. Кемелбай Сағымбеков арнау өлеңін оқыды. Мектеп оқушысы Болат Ахмет жырдан шашу шашты.
Оразалы Досбосынов атындағы қоғамдық қордың демеушілігімен ақынның әр кезеңдегі айтыстары, қаламынан туған өлеңдері топтастырылған «Ақынның сөзі жетер сан ғасырға» атты кітап жарыққа шыққан. Сонымен қатар мерейтойлық төсбелгі де тағайындалған. Той үстінде осы кітаптың тұсауы кесілді. Оразалының өнер өлкесіндегі сүрлеу соқпағын насихаттауға лайықты үлес қосып жүрген азаматтарға төсбелгі табысталды. Ауыл азаматтары, сыныптас достары, жоғары оқу орнында бірге оқыған курстастары ақынның туыстарына сый-сияпат көрсетті. Арқаларына шапан, иықтарына орамал жапты. Оразалының қызы Нұрайша мен ұлы Нұрсұлтанға ат мінгізді. Ескерткіш тақтаның шымылдығы ашылып, шашу шашылды. Көмейлерден ән ұшып, шанақтардан күй төгілді.
Айтыскер ақын Оразалы Досбосыновтың туғанына 50 жыл толуына орайластырылған «Құлмамбеттің құлыны» атты республикалық оқушылар айтысы келесі күні аудан орталығындағы Б.Мұқай атындағы Мәдениет үйінде жалғасты. Алматы облысының әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, халық шығармашылығы орталығының қолдауымен ұйымдастырылған дүбірлі шараға жиналған қауым Мәдениет үйінің алдында ұлттық мұра мен қолөнер бұйымдары көрмесін тамашалады. Кіреберіс кең залға орналасқан ауданнан шыққан қаламгерлердің кітаптарымен, Оразалының өмірінен сыр шертетін фотосуреттермен танысты.
Бұл күні Мәдениет үйінің көрермен залында ине шаншар орын болған жоқ. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев, алыс-жақыннан келген ақын-жазушылар, күміскөмей әншілер халықтың ортасынан табылды. Айтыстың шымылдығы Әділ, Мирас сияқты жас әншілердің орындауындағы Оразалының толғауымен ашылды. Ақындар айтысына арналған шараны бастан-аяқ ақын Бақыт Жағыпарұлы жүргізіп отырды.
Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев мерейтой құрметіне арнап сөз сөйледі.
– Нарынқолдың қойнауы қашанда елін сүйген ерлерін, сөз киесін қадірлеген перзенттерін асқақтатудан жаңылған емес. Солардың ішінде жыр додасының көгінде жасындай жарқ етіп, небәрі 29 жасында құйрықты жұлдыздай ағып түскен Оразалы Досбосынов та бар. Өлмейтін де өшпейтін өнерімен халқының жүрегіне мәңгі тұрақтаған жыр жампозының 50 жылдығын туған елі құрметпен еске алып, мерейтойын ыстық ықыласпен атап өтуде. Өмірі отты жырмен өрілген ақынның мерейтойында оқушылар айтысы өткелі отыр. Жас ақындарға тілеріміз – халқы сүйген Оразалыдай өр мінезді ақын болыңыздар! Оразалының есімі халқымен бірге жасай берсін, – деген аудан әкімі тағы бір тың, қуанышты жаңалықты, келесі жылдан бастап ақынның туған күні құрметіне ауданда республикалық оқушылар айтысы дәстүрлі түрде өткізіліп тұратынын жеткізді. Сонымен қатар ақынның қызы Нұрайша мен ұлы Нұрсұлтанның иығына аудан халқы атынан шапан жауып, құрмет көрсетті.
Келесі кезекте мінбеге көтерілген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев облыс әкімінің, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының ыстық сәлемін жеткізді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанның құттықтау хатын жұртшылыққа оқып берді.
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың: «Оразалы жайлы он сағат көсіліп әңгіме айтуға болады. Бірақ соның бәрі оның он ауыз сөзіне татымауы мүмкін. Орны бөлек оғыланды еске алып, 50 жылдығын халықтық мерейтойға айналдырып отырған туған халқы, сіздерге үлкен рақмет! Алла тағала 100 жылдық тойында да бәрімізге дәл осылай бас қосуды нәсіп етсін», – деген сөзі жүректерді тербеді.
Сонымен, аламан айтыстың да кезегі келіп жетті. Қазақстанның 12 облысы мен Алматы, Шымкент қалаларынан, осыған дейінгі айтыстарда топ жарып, жүзден жүйрік шыққан 18 ақын 9 жұпқа бөлініп, облыстық мәдениет басқармасы мен халық шығармашылығы орталығы тағайындаған қомақты қаржыны бөліске салу үшін жыр додасын бастап кетті. Айтысқа ҚР Мәдениет қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Қалиев бастаған ақындар төрелік етті. Әр жұпқа 20 минут уақыт беріліп, жетістіктері 8-10 баллдық жүйемен бағаланып отырды. Жас ақындар дүбірлі бәсекеде Оразалының рухын шаттандыратындай өнер көрсетуге барын салды. Ақын туған Аспантау өңірінің тамаша табиғаты, орман-даласы мен өзен-көлі, елінің дархан даладай кең пейілі мен ақ көңілі, Хантәңірінің асқақ бейнесі, Райымбек батырдың айрықша қасиеттері, Мұқағали, Еркін, Қасен сынды ақындардың тау қопарып, тасты уатқан таланттары тілдеріне тиек болды. Бәрі де ұлық өнерді жасық сөзбен сылап, тұнығын лайламауға, жеңіл ұйқаспен қадірін кетірмеуге тырысты. Айтыс өнерінің мәдениеті де жұртшылық назарынан тыс қалған жоқ. Осының өзі-ақ жас ақындардың халық ауыз әдебиетімен молынан сусындап келе жатқанын айқын аңғартты. Айтыстың қызығына түскен қалың қауым тоғыз жұпқа белгіленген алғашқы айналымның қалай бітіп кеткенін байқамай да қалды. Екінші айналымда жоғары деңгейден көрінген 8 ақын төрт жұпқа бөлініп, тағы да шеберлік байқасты. Інжу Жақабай, Сәттібек Серікболатұлы, Мейіржан Баршынбай, Ислам Әли Біржанұлы, Болат Ахмет, Ақнұр Зинулла сияқты ақындар бір-біріне дес бермеді. Бәрі де қазылар алқасы тарапынан әділ бағаланып, жүзден жүйрік шыққан төрт ақын көпшіліктің қалауымен үшінші айналымға шықты. Бақ пен бап қатар шапқан ақтық сында қиыннан қиыстыра жыр төгіп, шама-шарқын көрсетті. Айтыс он сағатқа созылып, күнді ұясына қондырып барып, мәреге жетті.
Айтыстың қорытындысы бойынша Ұлытау облысынан келген Серік Ерсай, қызылордалық Кенжеш Еламан, Алматы облысынан Сәрсенбек Несібелі, алматылық Хангелді Бектенов, маңғыстаулық Әмірхан Деконов, қарағандылық Мәлік Тілек, түркістандық Мейіржан Болат, Алматы облысынан Батыр Рауанұлы, Абылайхан Ералы, жетісулық Ақерке Ырысәліқызы Алғыс хатпен марапатталып, 100 мың теңгенің сертификатына ие болды. Оразалы Досбосыновтың әулетінен тағайындалған 200 мың теңгелік екі жүлдені алматылық Батыр Рауанұлы мен жетісулық Ақерке Ырысәліқызы иеленді. Жүлделерді Оразалының әпкелері Гүлденсін мен Гүлбаршын тапсырды. Үшінші орын мен 300 мың теңгенің сертификатын Жамбыл облысының ақыны Інжу Жаңабай, Ақмола облысының ақыны Сәттібек Серікболатұлы, қостанайлық Нұрислам Рағатұлы қанжығаларына байлады. ІІ дәрежелі диплом мен 500 мың теңгенің сертификатын Павлодар облысының ақыны Мейіржан Баршынбай еншіледі. Ал айтыс талабынан табылып, шеберлік қырынан танылған Алматы облысының ақыны Ақнұр Зинуллаға І дәрежелі диплом мен 700 мың теңгенің сертификатын қазылар алқасының төрағасы Серік Қалиев табыстады. Ол сонымен қатар «Атамұра» корпорациясы тағайындаған 50 мың теңгелік екі сертификатты маңғыстаулық Әмірхан Деконов пен семейлік Айзере Нариманға тарту етті. Айтыстың басынан соңғы мәреге дейін қамшы салдырмаған, қарсыластарының бәрінен басым түскен шымкенттік Ислам Әли Біржанұлы мен алматылық Болат Ахметті қазылар алқасы бөліп-жармай, бас жүлдеге лайық деп тапты. Сөйтіп, екеуіне де 1 млн теңгенің сертификаты мен арнайы диплом табыс етті.
Бұл күні Оразалы ақынның 50 жылдық мерейтойына орай «Хантәңірі қырандары» қоры да «Өгіз балуан» жарысын ұйымдастырды. Жарысқа еліміздің әр өңірінен 21 палуан қатысып, бозкілем үстінде күш сынасты. Бел мен білек, әдіс пен айла тартысқа түскен бәсекеде семейлік палуан Тұрсынбек Есхан айқын басымдықпен жеңіске жетті. Сөйтіп, меценат жерлесіміз Жаңабай Көлбаев бас бәйгеге тіккен 1 млн теңгені қанжығасына байлады. Алматылық Ерболат Құлжанов жеңіс тұғырының бірінші баспалдағына көтеріліп, Оразалы қоры тағайындаған 500 мың теңгені еншіледі. Екінші, үшінші орындарға ие болған балуандар «Хантәңірі қырандары» тағайындаған қомақты ақшалай сыйлықтарды иеленді.
Аспантау аясында ақтаңгер ақын Оразалы Досбосыновтың туғанына 50 жыл толуына арналып, екі күн бойы дүркіреген мерейтой мән-маңызымен қалың қауымды осылайша бір желпіндірді. Оразалының ізін жалғайтын айтыс ақындарының жаңа толқыны келе жатқанын көрсетті.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы