Жамбыл ауданында тұратын өнер адамының бірі Бекен Бөкебаев – сазгерлік пен күйшілікті құстың қос қанатындай қатар самғатқан жан. Сонымен қатар ұлттың рухани мұрасын шәкірт жүрегіне сіңіре білген ұлағатты ұстаз. Бала кезінен қазақтың қара домбырасына деген құмарлық уақыт өте бойын біржолата баурап, өнері өмірінің өзегіне айналған.
Кезінде озат шопан атанған әкесінің де өнерге жақындығы болыпты. Баласының әнге қабілетін байқап: «Менің Бекенім өнерге бет бұрады» – дейді екен. Айтқаны келіп, балалық шағынан әуенге ынтық болып өсті. Тоғыз жасында «Кеңес» күйін, одан кейін «Келіншек», «Қосалқа» сияқты күйлерді шертті. Анасы да өнерден құралақан емес, баласына ән үйреткен. Мектепте домбырамен «Ақбұлақ» әнін салғанда, ұстаздарының қошеметіне бөленген. Бастауыш сыныпты Алматы қаласындағы мектеп-интернатында оқып, одан әрі Абай атындағы музыка мектебінде білім алғанда домбыра үйірмесіне қатысты. Жоғары сыныптарды ауылда оқып, Қарасудағы мектепті 1983 жылы бітірді. 1984-86 жылдары әскери міндетін Хабаровск өлкесінде атқару кезінде нота танитын сарбаздарды оркестрге іріктегенде ол да таңдалып, үрмелі аспапта өнер көрсетті.
Әскерден келген соң 1986 жылы Жамбыл аудандық «Құлансаз» ансамбліне қабылданады. Бірақ сол жылғы Желтоқсан көтерілісіне байланысты ансамбль жұмысын тоқтатты. Кейіннен аталған өнер ұжымы жұмысын жалғастырады. Аудандық Мәдениет үйінің жанынан «Құлансаз» ансамблімен қатар халық театры жұмыс істейтін. Бекен театр құрамында сахнада өнер көрсетті, автоклубта да қызмет атқарды. Бірақ 90-жылдардағы тоқырау кезеңі бұл салаға да ауыр тиді, ансамбль де, автоклуб та жабылды. 1997 жылы туған ауылы Еңбекшіарал мектебінде ән-күй пәнінен сабақ берді. 1998-1999 жылдары Ұзынағаш ауылында орналасқан Бауыржан Момышұлы атындағы №28237 әскери бөлімде оркестр құрамында жұмыс істеп, мерекелік іс-шараларға белсенді қатысты. Одан кейін аудан орталығындағы «Жас ұлан» оқушылар үйінде домбырадан дәріс берді. Қазір жекеменшік білім беру орталығында домбыра үйірмесінің жетекшісі ретінде шәкірт тәрбиелейді.
Домбыраның құлағында ойнаған шебер орындаушы – өзі де жүрек үнін қос ішекпен сөйлеткен «Өр қанат», «Қобыз» күйлерінің авторы. Бойындағы барын жастарға үйретуден жалықпайтын ұстаз шәкірт тәрбиелеуді өмірлік міндетім деп біледі. Оның пікірінше, әр баланың табиғаты, ішкі әлеуеті әртүрлі. Біреуі үнге сезімтал, енді бірі саусақпен шебер жұмыс істейді. Бірақ күй – тек қолдың жұмысы емес, ол – жүректің үні. Сондықтан ең алдымен балаларға домбыраны сезінуді, тыңдай білуді, күйге жандүниесімен еніп кетуді үйретеді. Себебі жүрекпен шертпесе, күй әсерлі шықпайды. Қуантатыны, қазіргі жастардың арасында ұлттық өнерге деген шынайы қызығушылық байқалады. Тек сол ұшқынды маздататын, бағыт-бағдар беретін тәлімгер болса, жеткілікті. Өзі де кезінде ұстаздарынан көп тәлім алған. Енді сол аманатты әрі қарай жалғауды парыз санайды. Бүгінде Рахымбай Данияр, Еркебұлан Шалғынбаев сияқты шәкірттері өнер жолында жетістікке жетіп жүр. «Олардың жетістігін көріп, еңбегімнің еш кетпегеніне көз жеткізген сәттер – мен үшін ең үлкен марапат» , – дейді Бекен ұстаз.
Ал сазгерлік қырының ашылуына келсек, оған қазақтың аяулы ақыны Есенқұл Жақыпбек себеп болған екен. Бекен 1990 жылдан бастап Есенқұл Жақыпбекпен жақын араласып, өнер төңірегіндегі терең ойлы пікірлерінің куәсі болады. Ол кезде рухани ізденіс жолындағы жастар аудандық Мәдениет үйінде жиі жиналатын. Сол жылдары бұл орданың тізгінін Ғалымжан Сақаев деген ұлтжанды азамат ұстаған. Қанағат Қарашев, Есенқұл Жақыпбек, Ермек Жұматаев сияқты өнер майталмандарымен танысып, шынайы шығармашылық қатынасқа қадам басты. Бекен Есағаның үйіне барып, сырласатын. Онда өлең мен әуен туралы, шабыт пен шындық жайлы ұзақ әңгіме айтылатын. Бекеннің Есенқұл ақынның өлеңіне жазылған «Жұлдыздар бәрін болжайды» деген алғашқы әні дүниеге келеді. Сол шабытпен сазгерлік жолы басталып кетті. Кейін ақынның тағы бірнеше өлеңіне ән жазды. Атап айтқанда, «Көңілің менде, білемін», «Сен жалынсың», «Асыл құрбым» деген туындылар ақын мен сазгердің бірлескен шығармашылық байланысының ұмытылмас белгісіндей. Жалпы сазгер ретінде Бекен 20-ға жуық ән жазды.
Биыл 60-тың белесіне қарай қадам басқан өнерпаздың алда халқына берер рухани азығы әлі көп деп сенеміз.
Серік Сатыбалдиев
Жамбыл ауданы