«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деп қазыналы қарияларымыздың қадірі мен бағасын дана халқымыз бұрыннан-ақ айшықтап берген. Сондай ақылман қарияның бірі, өңірде аты аңызға айналған ақсақал, 50 жыл ат баптап, жүйрік жүгірткен, атақты бүркітші һәм ардагер атбегі, Сарыжаз ауылында тұратын Қонысбай ата биыл 85 жасқа келді. Әлі де ширақ, ойы сергек қарияның халін білмекке Сарыжаз ауылына жолымыз түсіп, Қонысбай атаның шаңырағына әдейілеп атбасын бұрдық.
Қонысбай Рамазанов 1940 жылы 8 қаңтарда дүниеге келген. Жастайынан еңбекке ерте араласып, бәйге атын және бүркіт баптаған. Калинин ұжымшарында озат шопан болып, бірнеше мәрте 100 саулықтан 130 қозы алған. 1979 жылы социалистік жарыстың жеңімпазы болып, медальмен марапатталды. Мұнымен қатар «Спорт саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. Ұлттық спорт түрі бәйгенің дамуына қосқан үлесі мен 2022 жылғы көрсеткен үздік нәтижесі үшін облыстық Бәйге федерациясының «Үздік ұлттық спорт жанашыры» номинациясын иеленген.
Кезінде бүркітшілікпен айналысып, түлкі, қасқыр алып отырған атамыз балапан кезінде ұядан алған Қара иық пен Ақ иық атты бүркіттерін қолдан баулып, баптады. Қара иық атты бүркіті қартайып өлген соң қаңқасын мектептің мұрағатына өткізсе, ал Ақ иықты табиғатқа ұшырып жіберген. Ақ иық бүркіті ара-тұра қонысы болған Жиекқора қыстауына келіп тұрады. Бүркіттері алған бес қасқырдың терісінен тігілген алып ішігі мен қасқыр тұмағы атамыздың төрінде ілулі тұр.
Қонысбай қария бүркітшілер жарысына үнемі қатысып, жүлделі орыннан көрінді. 2007 жылы республикалық Қыран федерациясы өткізген Шеңгел су өңіріндегі жарыста Ақ иық бүркіті бас жүлдені иемденіп, бүркітшілік лицензиясын және спорт шебері атаған алды. Әке жолын қуған Қонысбай Рамазанов ат баптауды жақсы меңгерген. Атбегілігімен аудан жұртшылығына танымал. Бәйгеге баптаған Қаракер аты мен Қара жорғасы көптеген ат бәйгесінде алдыңғы орыннан көрінді. Ат баптауды сарыжаздық Марат Ерлік, Ғалымжан Мұхтарұлына, сарыбастаулық Айдар Сыдықовқа үйретіп, бойларына дарытты.
Қонысбай ата – төгілте бата беруімен де дараланатын қария. Оған сан мәрте куә болдық. «Қымызмұрындық – 2025» фестивалі аясында өткен республикалық «Жолан жүйрігі» ат бәйгесінде және көптеген облыстық, аудандық жарыстарда биік мінберден берген ақ батасына тамсанбаған жан жоқ шығар?! Қазақтың қанатты сөздерін, мақал-мәтелін бірінен кейін бірін айтқанда, тілге шешендігі көрініп тұрады. Тумысынан сөзге шешен, шежіреге жүйрік, Таңжарық, Көдек, Шарғын, Әселхан сияқты халық ақындарының өлеңдерін жатқа айтатын, өзі де өлең жазатын батагөй, әр мақалы бір қара тұратын Қонысбай атамен әңгімелесудің өзі бір ғанибет!
– Бәйгенің алдын бермеген аттарыңыз жөнінде айтып берсеңіз, – дегенімізде Қонысбай ақсақал:
– Кезінде Қамыс қарагер бәйгеде екі автокөлік алған. Одан кейін Кері атым болды. Социалистік Еңбек Ері Жолсейіт Молдасановтың 80 жылдық мерейтойында бас бәйгені жеңіп алып, «Жигули» машинасын иелендім. Қаражорға да бәйгенің алдын бермеді. Сыйлық ретінде кілем жапқан атты жетекке алып қайттық. Мұзбалақ ақын Мұқағалидың 80 жылдық мерейтойында құнан кезінде «Луговой» жылқы зауытынан сатып алған Ала аяқ торы атым 3-орынды алды. Қошқар, Шалкөде ауылдарында өткізілген бәйгелерде бірінші келді, – деп есіне алды.
– Бойыңызға атбегілік өнер қайдан дарыды? Өзіңіздің жолыңызды қуған балаңыз бар ма? – деген сауалымызға қария:
– Құсбегілікті төрт атадан, атбегілікті бес атадан бері қарай нәсіп еткен Аллаға мың да бір шүкіршілік етемін. Туған атам Байсерік Сарыжаз өңірінен саятшылық жасап, Торайғыр тауының етегі, әрісі Көкпек жазығындағы Қарақұйрыққа дейін бүркіт салған жан. Атбегілік қасиет інім Оралжанда да бар. Ол Бәйге қарагер деген атпен шауып, 9 жасында бәйге алған. Қазір Талғар қаласында тұрады. Құсбегілік пен атбегілік менің ортаншы ұлым Болатқа берілген. Ол Мұзбалақ атты бүркітімен облыстық жарыстарға қатысып, жүлдегер болды. Көкшетауда өткен жарыста қасқыр алды. Сондай-ақ жылқы жүгіртіп, жорғаға ат қосады. Бәйгелерден қалмай, жетістіктерімізді жіпке тізіп, мұраларымды жинақтап жүрген қызым Майгүлдің де еңбегі зор. Қазақтың атадан келе жатқан салт-дәстүрін бағалау, жастарға үйрету борышым деп санаймын, – дейді ағынан жарылып.
Ұлы даламызды сан ғасырдан мекендеп келе жатқан халқымыздың атбегілік әрі құсбегілік өнерін серік еткен Қонысбай атамыз «Оныншы белес озаттары», «Қазақ бүркітшілігінің әліппесі», жазушы Беркін Әкебаевтың «Тәңір таудың тарландары» атты кітаптарының жазылуына арқау болды. Сарыжаздан шыққан сатирик-жазушы Нұртан Төлепбергенұлы атамыздың тамаша өнері жайлы «Бапкер» атты кітап жазды. Жазушы Данияр Әлбозымның «Қазақтың саңлақ бүркітшілері» атты туындысында да Қонысбай атамыз туралы сыр шертіледі. Көзі тірісінде талантты тележүргізуші Бейсен Құранбек «Айтуға оңай» бағдарламасына атамызды шақырып, ерекше қасиетін ел-жұртқа танытты. Бұл да өмірі өнегеге, ғұмыры тағылымға толы қарттың жиған-тергеніне, еткен еңбегіне көрсетілген құрмет еді. Жұртына сыйлы Қонысбай ақсақал Райымбек ауданының Құрметті азаматы атанды. Зайыбы Тұрахан Әуелханқызы өмірден ерте озған. Атамыздан бес ұл, бес қыз қанаттанған. Бәрі де бір-бір шаңырақ иелері. Қонысбай ата – ұрпағымен өсіп-өркендеп, жиырмадан аса немере мен он шөбере сүйіп отырған бақытты қария. Шөпшек сүйетін уақыты алыс емес. Атамыз кенже ұлы Мұраттың қолында тұрып жатыр. Аулада ойнап жүрген немерелеріне қызыға қараған қарияның көңілі көтеріңкі. Лайым солай болсын!
– Аттардың түр-түсінде, келбетінде сындар болады. Ат баптап жүрген атбегілер сыртқы сынына қарап, атқа баға береді. Менің атбегілікпен айналысып жүргеніме елу жылдан асып кетті. Бүркітпен бес мемлекетке сапар шегіп, Қазақстанның атағын екі рет әйгіледім. Көп жерді араладым. Ендігі үміт – жастарда. Балалар аман болсын, аттары бәйгелі болып жүре берсін! – деп атамыз сөзін түйіндеп, ақ батасын берді.
Біз де кеудесі қазынаға толы, әр сөзі жақұт, айтары көп, ұлтымыздың атбегілік һәм құсбегілік өнерін дәріптеп жүрген қарияның жолын жас ұрпақ жалғай берсін деп тілейміз!
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Райымбек ауданы