Кеген ауданындағы коворкинг орталығында облыстың бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлының қатысуымен «Дін мен дәстүр» тақырыбында кездесу өтті. Ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі болған қазыналы қариялар бас қосқан жиынға Кеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбеков, ақсақалдар алқасының төрағалары мен мүшелері қатысты.
Жиында облыстың бас имамы биыл «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялағанын айта келіп, ақсақалдардың қоғамдағы орны мен ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесіне тоқталды.
Басқосуда Сабыр Досымбеков, Нұрқас Ысқақов және басқа қазыналы қарттар өздерінің өнегелі әңгімелерін өрбітіп, тағылымға толы насихаты мен ізгі ойларын ортаға салды. Қарабұлақ ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Нұрлан қария жиналған қауымға ізгі тілегін айтып, ақ батасын берді. Мұнан соң қазыналы қариялар Мәуліт мерекесіне орай ұйымдастырылған рухани шараның куәсі болды.
Мәуліт – мұсылмандар үшін қасиетті айдың бірі. Бұл айда Пайғамбарымыздың туғанына барша қауым қуанып, шүкірлік айтады. Жылдағы дәстүр бойынша аудандық Мәдениет үйінде Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың туған күніне орай «Мәуліт – береке мен ынтымақ айы» атты рухани танымдық шара өтті.
Шарада алдымен көпшілік назарына Мұхаммед пайғамбарымыздың мағыналы ғұмыры туралы «Пайғамбарды танисың ба?» бейнекөрсетілімі ұсынылды. Бұдан соң аудандық мешіттің бас имамы Әзім Сатыбалдыұлы Құран оқыды. Пайғамбарымызды ұлықтауға жиналған жұртшылық алдында облыстың бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы барша мұсылман қауымды Мәуліт мерекесімен құттықтады.
– Хантәңірінің етегінде, қасиетті Кеген өңірінде Әлмерек бабамыз салтанат құрған. Осы жерде мекен еткен кешегі бабаларымыздың салиқалы, ізгі мекенінде Мәуліт мерекесі аталып отыр. Бұл – жас ұрпақты жақсылыққа баулитын ізгі мейрам. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің қоштасу құптасында: «Мен сендерге екі нәрсені тастап барамын, оның біреуі – қасиетті Құран, екіншісі – ол менің сүннетім», – деген. Сол сүннетпен біздің салт-дәстүріміз астасып, бірігіп кеткені соншалықты, отбасындағы қарапайым өмірдің өзіндегі тұрмыс-тіршілігімізге сіңген дүниенің астарында ардақты Пайғамбарымыздың қасиетті хадистері жатыр, – дей келе Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өнегелі өмірі туралы қысқаша уағыз айтты.
Рухани шарада Кеген ауылдық ақсақалдар алқасының мүшесі Әбіл Әбженбаев адамзаттың асыл тәжі саналатын, соңғы Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетін сүю иман келтірген әр үмбетті ізгілікке бастайтынын айтып, жақсылыққа шақырды.
Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев та жиналғандарды мерекемен құттықтады.
– Бүгін қайырымдылық пен ізгілікті дәріптейтін қасиетті Мәуліт мерекесінде бас қосып отырмыз. Осы орайда ауданымызға арнайы атбасын бұрып келген облыстың бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлына, Еркебұлан қариға аудан жұртшылығы атынан алғысымды айтамын. Мәуліт – күллі мұсылман жұрты үшін аса қастерлі мереке. Бұл – адамзатқа ақ жол көрсеткен, дініміздің шамшырағы, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа дүние есігін ашқан күн. Мәуліт мерекесі бізге имандылықты, сабырлылықты, мейірімділік пен бауырмалдықты дәріптеуді үйретеді. Сол себепті бұл мереке рухани жаңғыруымыздың, жүрек тазалығының және қоғамдағы бірлігіміздің негізі болып саналады. Қазақ – ежелден Ислам дінінің асыл құндылықтарын ардақтап, ұлттық салт-дәстүрімізбен сабақтастыра білген дана халық. Ата-бабамыз Мәуліт мерекесін айрықша атап өтіп, сауапты істерге үндеп, ізгілік пен қайырымдылыққа шақырып отырған. Бұл дәстүр бүгінгі таңда да өз жалғасын табуда. Мәуліт мерекесі баршамызды жақсылық жасауға, шын мұқтажға қол ұшын беруге, айналамызға мейірім шашуға шақырады. Мереке құтты болсын! – деді ол.
Шара соңында Еркебұлан қари Мәуліт жырын оқыса, аудан өнерпаздары діни-танымдық әндер орындады. Осылайша, шарапаты мол Мәуліт мерекесінде Пайғамбарымызға салауат айтылып, асыл дініміз бен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өнегелі өмірі насихатталды.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы