Болгарияның София қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасында өткен дүниежүзілік жарыстан жерлесіміз Арман Мыса жүлдемен оралды. 50 келіде өнер көрсеткен спортшы жарыстың алғашқы күні-ақ ел қоржынына қола медаль салды.
Әлемнің 71 елінен 551 дзюдошы қатысқан дүбірлі додада Арман іріктеу кезеңдерінен сәтті өтіп, тайпейлік Шин Юн Чиен, америкалық Самуэль Абдумалик және әзербайжандық Анар Гулиевтен басым түсті. Ал жартылай финалда ол өзбекстандық Хушнуд Султановқа есе жіберді. Дегенмен, қола үшін белдесуде венгриялық Милан Сабоны жеңіп, әлем чемпионатының жүлдегері атанды.
«Жарыс қиын болды. Қарсыластар да мықты. Татамиде намысқа тырысып, жеңісті қолдан бермеуге барымды салдым. Осы жарысқа Астана қаласына барып, бір ай тынбай дайындалдық. Сол дайындық пен жаттықтырушыларым – Мағжан Серікұлы, Нұрғали Жолтаев ағайларымның және әкемнің үлкен еңбегінің арқасында қола жүлдеге ие болдым. Жаттығуымды үзбей жалғастырып, әлі талай биікті бағындырамын», – деген Арманның бүгінге дейін жеткен жетістігі де аз емес.
Бес жасынан бастап дзюдоға қатысқан жас спортшының кубок, белбеу мен медальдары бір бөлмені толтырып тұр. 2023 жылы «Әлем үздігі», 2024 жылы «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер» төсбелгілерін алған. 2019 жылы ҚР чемпионатында 1-орын, 2021 жылы Қазақстан Республикасының 30 жылдығына орай өткен республикалық турнирде 3-орынға ие болды. 2025 жылы Туркияның Анталия қаласында өткен ашық дзюдо куресінен Еуропа кубогінің чемпионы атанды. Сондай-ақ биыл Германияның Берлин қаласында және Португалияда өткен Еуропа кубогінде топ жарды.
Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласында 2008 жылы дүниеге келген Арман бүгінде Бөлек ауылында тұрады. М.Горький атындағы орта мектептің 11-сыныбында оқитын жас балуанды мұғалімдері сабырлы, еңбекқор, өз ісіне жауапты, кішіпейіл деп сипаттап, оқушыларының жетістігін мақтан ететіндерін айтты.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы
