А.Мәлкеев атындағы Есік мамандандырылған дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатында «Тіл бірлігі – ел бірлігі» атты фестиваль өтті. Шарада береке-бірлікті биік қойып, татулықты ту еткен еліміздегі этностардың мәдениеті таныстырылып, тарихынан сыр шертілді.
Иә, тіл – елдегі татулық пен тұрақтылық тірегі, халықтың ұлт ретінде сақталуының негізгі өзегі. Сондықтан 130-дан астам этнос өкілдері мекендеген елімізде 1998 жылдан бері Қазақстан халқы тілдері күні аталып өтеді. Мереке аясында бір мақсат, бір мүддеге жұмылған халықтың тілі мен салт-дәстүрі, ата тарихы мен қазақ жерінде жалғасын тапқан өмір жолы жайлы кеңінен баяндалып, мәдениеті мен әдебиеті таныстырылады.
«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» дейтін халқымыз қашанда оқу-білімге ұмтылып, саналы ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл қойған. Бүгінгі іс-шарамыздың мақсаты да осы. Өз тілін ардақтап, өзге тілді, өзгенің салт-дәстүрін құрметтеуді балалардың бойына сіңіру. Сапалы білім мен саналы тәрбиенің негізі осындай кішкентай қадамдардан басталады», – деген лицей директоры Жәнібек Беркіндолда фестиваль қатысушыларына сәттілік тіледі.
Фестиваль барысында 7 мен 10-сынып аралығындағы сегіз топ қазақ, түрік, өзбек, ұйғыр, славян, ағылшын, корей, кавказ ұлттарын жан-жақты таныстырды. Олардың тілі мен әдебиеті, тарихы мен мәдениеті, қолөнері, ұлттық тағамдары көпшілік назарына ұсынылып, салт-дәстүрінен көрініс қойылды. Сонымен қатар ұлттық биі мен әні сахна төрінде орындалды. Оқушылармен бірге ата-аналар, тәрбиеші мен сынып жетекшілері де әр ұлттың ұлттық киімін киіп, үлкен отбасы болып өнер көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша 7 «Б» сыныбы өзбек ұлтын таныстырып, бірінші орын алды. Ұйғыр ұлтын таныстырған 8 «А» сыныбы екінші және корей ұлты болған 7 «А» сыныбы үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздарға арнайы диплом мен ынталандыру сыйлықтары берілді. Мереке қатысушыларға ерекше көңіл-күй мен ұмытылмас әсер қалдырды.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы