Қазақстан Жазушылар одағы осы жылдың наурыз айынан бастап «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік» атты республикалық экспедицияны бастаған болатын. Белгілі этнограф, мәденитеттанушы ғалымдар, қаламгерлер мен БАҚ өкілдерінен құралған топ 30 наурыз күні Алматыдан сапарға шықты. Бұған дейін экспедиция Батыс Қазақстан, Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Абай облысы мен Шымкент қалаларын аралап қайтты. Республиканы қамтып жатқан шара Қонаев қаласына да табан тіреді.
Экспедиция мүшелері қатарында Бейбіт Сарыбай, Нұрдәулет Ақыш, Байбота Қошым-Ноғай, Қанат Қайым, Жұмабай Құлиев, Ерғали Бақаш, Ерлан Жүніс сынды елімізге белгілі ақын-жазушылар болды. Олар Қонаев қалалық кітапханасында өңірдегі қаламгерлермен жиын өткізіп, экспедицияның мән-маңызы, Зейнолла Сәнік мұрасының құндылығы жайлы сөз қозғады.
Ауқымды жоба Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының демеушілігімен жүзеге асуда. Мақсаты – еліміздің барлық облысын аралап, ұлттық құндылықтарды жан-жақты дәріптеу, халық қазынасын заман талабына сай жаңғырту, тарихи орындардың жағдайымен танысу, халық мұрасының жанашыры, жазушы, этнограф-ғалым Зейнолла Сәнік шығармашылығын халыққа кеңінен таныту, өңірлерден этнографиялық, фольклорлық, әдеби тың дүниелерді жинақтап, еліміздегі тарихи тұлғаларды, ұлттық жәдігерлерді насихаттау.Ел көлемінде өтіп жатқан ауқымды экспедиция нәтижесінде әр облыстағы мәдени мұраларды насихаттайтын фото-альбом шығарылып, деректі фильм дайындалмақ, сондай-ақ аймақтардағы этнографтардың еңбектері жинақ болып басылатын болады.
Кездесу барысында Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қаринның хатын оқып берді. Онда экспедицияның ұлт тұтастығын сақтауға, этнографиялық мұрамызды түгендеп, бағалауға тың бастама екені айтылып, жоба қатысушыларына сәттілік тілеген. Жиында экспедиция мүшелері этнограф-ғалымның өмір жолы, қазақ руханиятына қосқан елеулі үлесі, шығармаларындағы зерттеулердің тереңдігі мен мәні, журналистік шеберлігі жайлы баяндады.

«Балдырған» журналының бас редакторы Ерғали Бақаш Қытайда туып-өскендіктен Зейнолла Сәнік шығармашылығына да ерте ден қойғанын айтты. «Қытайда «Қабанбай батыр» кітабы жарық көргенде 2 млн халықтың рухының көтеріліп, өз ұлтын, батырын тануына үлкен сеп болды. Баспай бай, Демежан батыр, Қайрақбай күйші жайлы жазған шығармалары да халық жүрегінен орын алды. Ел еңсесінің биік болуына әсер етті. Қытайдағы аз ұлттардан шыққан зиялы қауымның екінші толқыны болып әдебиетке келді. Зейнолла Мүбәракұлы – тағдырлы тұлға. 1970 жылы «халық жауы» деп айыпталып, сегіз жыл қамауда болды. 1978 жылы ақталып, Қытайдың «Халық баспасында» жұмыс істеді. Осы салада талай жыл елеулі еңбек етті. Этнографиялық мұраны ел аралап жүріп, көнекөз қарттардың аузынан жазып алып, мақала қылып жариялады. Осыған қарап, ұлттануға қосқан үлесінің зор екенін байқаймыз. Сондықтан этнограф еңбектерін оқып, зерделеу қашанда маңызды», – деді ол.
«Ана тілі» газетінің бас редакторы, ақын Ерлан Жүніс: «Зейнолла ағамыздың өмір жолына үңілсек, тағдырында кездескен нәубетті жылдарда рухы сынбай, керісінше мәдени жауһарымызды сақтауға бар күшін салған. Қытай қазақтары арасында сақталған салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыпты туған еліне, атажұртына алып келіп, үзілген тұстарын жалғап, ұмытылған жерлерін жаңғыртты. Сол себепті этнограф-ғалымның еңбегі еш ұмытылмауы тиіс, – дей келе экспедиция жұмысының мәніне тоқталды.
Кездесуге қатысқан жергілікті қаламгерлер Ізтілеу Тойшыбайұлы, Ержан Тоқтар, Берік Баилов, Айбек Ережеп экспедиция мүшелеріне алғыс айтып, өз әсерімен бөлісті.
Шара соңында Қонаев қалалық кітапханасына Зейнолла Сәнік туындылары топтастырылған «Қазақ этнографиясы» және Қанат Қайымның «Патшалар алқабына саяхат» атты кітаптар сыйға тартылды.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА