Перейти к содержимому
Главная страница » ЖАҢА МЕКТЕП – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ

ЖАҢА МЕКТЕП – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ

       Білім күніне орай облыс аумағында бірнеше мектеп пайдалануға беріліп, көп­тен күткен оқушыларды қуанышқа бөледі.
Жаңа оқу жылы қарсаңында Талғар ауданы Төңкеріс ауылында да «Келешек мек­теп­тері» ұлттық жобасы аясында салынған білім ошағының ашылу рәсімі өтті. Оған арнайы қатыс­қан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев көпшілікке ақ тіле­гін арнады.

– Орта білім – ел болашағының іргетасы. Бұл кезеңде жас ұрпақтың зияткерлік, рухани және әлеуметтік қабілеттері қалыптасып, олар өмірлік бағыт-бағдарын айқындайды. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс», – деп атап өткен болатын. Жаңа оқу жылында облыстағы 491 мектеп есігін айқара ашып, 362 мыңнан аса оқушы оқу жылын бастайтын болады. Өткен жылы мектепті 17 940 түлек аяқтаса, осы оқу жылында
1-сыныпқа 35 500 бала қабылданды. Яғни өңірде бала саны қарқынды өсіп, оқу орнына деген қажеттілік артуда, – деген аймақ басшысы облыс бойынша Еңбекшіқазақ ауданында – 4, Жамбылда – 3, Іледе – 4, Қарасайда – 8, Талғарда 7 мектептің құрылысы бекітіліп, «Келешек мектептері» жобасы аясында 17 білім ошағы салынып, қолданысқа берілгенін тілге тиек етті.
Марат Елеусізұлы Төңкеріс ауылында ашылып отырған 600 орынды мектеп құрылысын жүргізген «Jana Kazakstan Qurlys» ЖШС директоры Асхат Бақталиұлын қызмет пен қоғамдық жұмысты табысты ұштастырып, ұлт мұраты жолындағы еңбегі үшін Алғыс хатпен марапаттады.
Келесі кезекте аталған компания басшысы мектеп директоры Алма Ақылбековаға білім ордасының кілтін табыс етті.
Осынау айтулы күні жиналған қауымды жаңа мектептің ашылуымен құттықтаған «А-класс Медикал» акционерлік қоғамының өкілі Айдана Бурабаева асқақ арманын арқалап, алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, жаңа белеске қадам басқалы тұрған балдырғандарға сый-сияпат табыстады.
Шара барысында көпшілік назарына «Абай сөзі – ұрпаққа өсиет» атты тебіреністі қойылымы ұсынылып, Дүйсенбек Әлихан «Мен – қазақпын» әнін асқақтата шырқады. Мектептің бишілер тобы «Мереке» биін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына ие болды.
Көпшіліктің тағатсыздана күткен жаңа білім ордасының тұсаукесер сәті де келіп жетіп, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздік қызметкері, Талғар ауданының Құрметті азаматы, облыстың биі Камнұр Тәлімұлының ақ батасынан кейін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен озат оқушы Аруна Ринатқызы интерактивті батырманы басып, заманауи мектептің электронды лентасын қиды.
Одан кейін ұлттық дәстүрге сай шашу шашылып, қонақтар жаңа мектептің ішін аралап, уақыт талабына сай жабдықталған сынып бөлмелерін, ерекше білім алушыларға арналған инклюзивті орталықты, шеберхана, кітапхана, робототехника, лингвистика, дизайн, графика кабинеттерін, мәдениет орталығын, спортзал, асхана, мәжіліс залын көріп шықты.
Төңкеріс ауылындағы мектептің ашылу рәсіміне жиналған дүйім жұрт пайдалануға берілген жаңа білім ордасына құтты болсын айтып, ұстаздар мен оқушыларға білім биігін бағындыру жолында толағай табыс пен жарқын жетістік тілеп, шат-шадыман көңіл-күймен тарқасты.

***

Жаңа оқу жылында Қарасай ауданында екі бірдей білім ошағының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Алмалыбақ ауылында пайдалануға берілген мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынса, «Асыл Арман» тұрғын үй кешеніндегі мектеп жекеменшік инвестор қаражатына, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде бой көтерді. Білім шаңырақтарының ашылу рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым және аудан әкімі Жасұлан Естенов қатысты.
Алмалыбақ ауылындағы мектептің ашылуында сөз сөйлеген Нұрлан Ерғалиұлы қазіргі таңда облыс бойынша 492 оқу ошағы бар екенін, онда 362 мыңнан астам бала білім алатынын, оның ішінде 35 500 оқушы 1-сыныпқа қадам басқанын атап өтті. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста 26 мектеп салу жоспарланғанына, өткен жылы соның 9-ы пайдалануға берілсе, биыл тағы 8-і ашылатынына, аталмыш жобамен Қарасай, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле және Талғар аудандары қамтылғанына тоқталды. Бұл мектептердің барлығы қауіпсіз әрі ыңғайлы, арнайы зертханалармен, робототехника, графикалық дизайн, бейнелеу өнері кабинеттерімен жабдықталғанын, оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік жасалғанын айтты. Сонымен қатар дарынды балаларды қолдау бойынша облыста ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. 2023-2024 оқу жылында халықаралық олимпиадаларда 246 оқушы жүлдегер болса, өткен оқу жылында олардың саны 329-ға жеткенін мысалға келтіріп, жаңа мектептердің ашылуы мұндай жетістіктерді еселей түсуге сеп болатынына сенім білдірді.
Салтанатты шара барысында облыстық мәслихат депутаты Лаззат Тұрлашов, Ұмтыл ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы, білім саласының ардагері Нағима Сағатова жиналғандарды жаңа білім ошағының ашылуымен құттықтады. Нағима апай бұл күннің ауыл тарихындағы ерекше мәнін атап өтіп, жаңа мектепте алғаш рет қоңырау үні естілгенін тебірене жеткізді.
Үш қабатты мектеп ғимараты 1500 оқушыға арналғанымен, бүгінде мұнда 1700-ден астам бала білім алуда, оларға 96 мұғалім сабақ береді. Жер көлемі – 3 гектар. Бас мердігер – «BI Global» ЖШС.
Мектеп ғимараты 10 блоктан тұра­ды. Бірінші, екінші, алтыншы және жетінші блоктар – оқу корпустары, төртінші мен бесіншісі – әкімшілік блоктар, тоғызыншы және оныншысы – шаруашылық мақсаттағы, ал үшінші және сегізінші блоктарда екі үлкен спортзал орналасқан. Бұған қоса бастауыш сынып оқушыларына арналған шағын спортзал да қарастырылған.
Лента қию рәсімінен кейін қонақтар мектеп ішін аралап көрді. Фойеде оқушылардың робототехника бойынша жасаған бұйымдары, химиялық тәжірибелер көрсетілді. Мектепте «Болашақ прокурор көмекшілері» жобасы да жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда Айару Оңалбай, Айзере Советхан, Мәлік Айса, Әділжан Оңғарбек және басқа оқушыларға арнайы куәліктер табысталды.
Ал «Асыл Арман» тұрғын үй кешеніндегі жекеменшік мектеп «Nomad International School» деп аталады. Бұл ғимарат 2 мың оқушыға лайықталғанымен, қазіргі таңда онда 2500 бала, 150 мұғалім жұмыс істеуде. Мұнда 1-сынып бойынша «а»-дан «и»-ге дейін 11 топ ашылған.
Мектеп директоры Көлбай Өмешбаевтың айтуынша, 2 мыңнан астам оқушы тегін білім алуда, ал 400-дей оқушы ақылы негізде оқиды. Ай сайынғы оқу ақысы – 50 мың теңге.
Бұл мектепке арнап мемлекет 6 гектар жер бөліп, барлық инфра­құрылыммен қамтамасыз етті, оның ішінде жолдар асфальтталды. Ал ғимарат жеке инвестор – «Advennto» компаниясының қаражатына салынды.
Мектепте қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдері оқытылады. Спортқа да ерекше көңіл бөлініп, түрлі жарыстарға дайындық жолға қойылмақ. Математика, физика, биология, химия пәндері тереңдетіліп оқытылады, ал сабақ беру үшін жоғары оқу орындарының оқытушылары да шақырылмақ.
Екі білім ошағы да үшауысымда оқыту мәселесін шешуге және қолданыстағы мектептердің жүктемесін азайтуға үлкен үлес қоспақ. Мысалы, Алмалыбақ ауылында бұған дейін тек екі мектеп – әл-Фараби атындағы лицей мен мектеп-гимназия ғана болған, екеуі де лық толы еді. Енді көптеген оқушы жаңа мектепке ауысып, қолайлы жағдайда білім алуға мүмкіндік алды.
Іргелі ауылдық округі ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қалиахмет Көшкінбаевтың айтуынша, «Асыл Арман» кешенінің балалары бұрын Іргелі, Кемертоған ауылдарының мектептерінде білім алуға мәжбүр болған. Ал Кемертоғандағы бір мектепте үшауысымда 6 мыңнан астам бала оқыған. Енді бұл күрделі мәселе шешімін тапты.
Салтанатты шара барысында мектеп құрылысын жүргізген «BI Global» және «Advennto» компанияларының өкілдеріне облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің атынан Нұрлан Ерғалиұлы Алғыс хат табыстады.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаеваның айтуынша, биыл­ғы оқу жылында Қарасай ауда­нын­да 97 мың оқушы білім алады. Оның ішінде 8700 бүлдіршін 1-сыныпқа қадам басты. Үшауысымды мектептер мәселесі сәтті шешілуде. Бұрын 12 мектеп осындай режимде жұмыс істесе, қазір олардың саны екіге дейін азайды. Былтыр «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 6 жаңа мектеп ашылды. Алмалыбақ ауылындағы мектептің ашылуымен бұл сан біреуге қысқарды. Үшауысымды мектеп мәселесі жуық арада шешімін таппақ. Себебі Райымбек ауылдық округіндегі Бұлақты ауылында 900 орынды жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның ашылуы биылғы қазан айына жоспарланған.

***

Іле ауданы М.Түймебаев ауылында Білім күніне орай 900 орынды мектеп ашылды. Білім ошағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген. Сонымен қатар жаңа оқу жылында №20 орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.
Ауданда 50 білім ошағы бар, оның 8-і жекеменшік мектеп болып саналады. Жалпы оқушылар саны 60 312-ге жетті, 5 536 бала 1-сыныпқа қабылданды.
Жаңадан ашылған №3 мектеп толық жабдықталған. Әр сыныпта интерактивті тақта, оқуға қажеттінің бәрі бар. Ғимаратта 2 спортзал, 2 асхана, бастауыш пен жоғары сыныптар үшін жеке корпустар қарастырылған.
Облыстық білім басқармасының басшысы Арайлым Төлеубекова: «Біз Іле ауданы бойынша үшауысымды орта мектептердің санын қысқартуға барымызды салып келеміз. №19 орта мектептегі 3000-ға жуық баланың жартысы енді осы білім шаңырағында оқитын болады. Сонда да Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты 11 орта мектептің екеуі әлі үшауысымды болып саналады», – деді.
Өңірдегі бұл өзекті мәселені Президент бастамасымен жүзеге асқан ұтымды ұлттық жоба аясында шешу жоспарланған.
«Осы жылы ауданымызда «Жайлы мектеп» жобасы аясында екі орта мектеп салу басталған. Оның бірі – Қарой ауылдық округінде, екіншісі – Ащыбұлақ ауылдық округінде және апатты деп саналған осы округтегі №20 орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілді. Жаңа мектептер балаларға жаңа мүмкіндік ашары сөзсіз. Қуаныштарыңыз құтты болсын!» – деді Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов.
Оқушылардың сапалы білім алуы үшін әрі үшауысымды мектеп санын қысқартуда келер жылы да ыңғайлы әрі заманауи мектептер бой көтермек.

***

Жамбыл ауданы Еңбекшіарал ауылында «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында салынған 600 орынды жаңа мектеп пайдалануға берілді. Салтанатты ашылуына аудан мен облыстың атқарушы билік өкілдері, тұрғындар, ұстаздар мен ата-аналар жиналып, қуанышты сәтке куә болды.
Өңірде тұрғындар санының артуына байланысты аталған елдімекенде де үшауысымды оқыту өзекті болып келген еді. Жаңа білім ордасы Қарасу ауылдық округіне қарасты Сарыбай би және Еңбекшіарал ауылындағы бұл мәселені шешу мақсатында бой көтерді. Шараға аудан әкімі Нұрлан Ертас, Алматы облысының Құрметті азаматы Әскербек Абаев, «AMANAT» партиясының облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Лаззат Тұрлашов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Әтенбекова қатысып, ұстаздар мен шәкірттерге игі тілектерін білдірді.
Аудан әкімі Нұрлан Ертасұлы жаңа оқу жылындағы айтулы оқиғамен құттықтады. «Бұл – тек сіздердің ауыл үшін ғана емес, бүкіл аудан үшін үлкен қуаныш. Кейінгі жылдары Жамбыл ауданында білім беру саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жаңа мектептер салынуының нәтижесінде үшауысымды мектептер саны 9-дан 3-ке азайды. Биылдың өзінде «Жайлы мектеп» жобасы мен «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында үш бірдей жаңа мектеп іске қосылуда. Бұл – өскелең ұрпаққа жасалған мемлекеттің үлкен қамқорлығы, елдің ертеңіне салынған инвестиция», – деді аудан басшысы.
Мектептің нышан кілтін тапсыру рәсімінен кейін ауыл ақсақалы жас ұрпаққа ақ батасын берді. Құрметті қонақтар жаңа білім ордасының кең әрі заманауи пән кабинеттерін аралап көрді. Мұндағы физика, химия, биология пәндеріне және еңбек сабағына арналған бөлмелер, жиынжай, спортзал, логопед, психолог-мамандары жұмыс істейтін кабинеттер қажетінше жабдықталған. Су жаңа мектеп қазірдің өзінде 430 оқушыны қабылдады. Оның ішінде 26 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Білім ошағының кең де жарық сыныптары мен оқу кабинеттері, спорт және өнерге арналған залдар оқушылардың жан-жақты дамуына жол ашады. Бұл – жас ұрпақтың сапалы білім алуына, ел болашағын жарқын етуге бағытталған маңызды қадам. Бұл ғимарат «Самұрық-Қазына Констракшн» АҚ-ның тапсырысы бойынша салынған. Жобалық құны – 5 349,1 млрд теңге. Құрылысты жүргізген мердігер мекеме – «Альтаир» өндірістік кооперативі.
Шара соңында оқушылар өнер көрсетіп, жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

***

Жаңа оқу жылы Еңбекшіқазақ ауданында үлкен қуанышпен басталды. Үш ауылда заманауи мектептер қолданысқа беріліп, балалардың кедергісіз білім алуына жол ашылды.
Алмалы және Қаражота ауылдарында салтанатты түрде ашылған екі мектептің екеуі де «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған. Мұндағы заманауи сыныптар, STEM, робототехника, сенсорлық, инклюзивті кабинеттер қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталып, балалардың білім мен ғылымға құштарлығын арттыра түсуге дайын тұр. Ұлдарды ұсталыққа баулуға қажетті нағыз шебердің барлық құрал-сайманы түгенделіп тізілген шеберханалар, ыдыс-аяқ пен асүйге керекті техникалар толық қойылған қыздардың еңбек кабинеттері, одан бөлек тігін машиналары, қолөнерге қажетті ине-жіп, фурнитурасымен жабдықталған кабинеттер – бәрі-бәрі оқушылардың кәсіби дамып, шығармашылығын шыңдауға бар жағдайдың жасалғанын айқындайды. Ал музыка сыныптарында аспап­тардың түр-түрі топтас­тырылған. Әр партада қос-қостан тұрған домбыра жүректерге ұлттық рухты асқақтатар әнші-күйшілердің келешекте қатары арта түсер деген сенім ұялатты.
Балалардың шығармашылық қабілетін арттыруға арналған орынның бірі – хореография кабинеті. Кең әрі жарық зал Шара Жиенқұлова апамыздың ізін жалғар кәсіби бишілерге жол ашары анық. Үлкен акт залы, кітапхана, асхана, спортзалы – барлығы білімді де өнерлі, болашақ пәндік, спорттық олимпиада чемпиондары мен өнер иелерін дайындап шығаруға сақадай сай тұр.
Алмалы ауылындағы 600 орынды мектептің акт залы 138 орынға шақталған, бастауыш сынып пен жоғары сыныптарға арналған екі спортзал мен 175 орынды асханамен қамтылған. Мектептің айналасында спорт, ойын, оқу-тәжірибелік және демалыс алаңдары қарастырылған. Бүгінде мұнда 688 оқушы білім алып жатса, оның 59-ы – мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер.
Ал 300 орынды Қаражота ауылдық қазақ орта мектебіне жұмсалған қаржы – 3,8 млрд теңге. Мұндағы акт залы, асхана, спортзалы, даладағы 1 үлкен, 1 кіші футбол алаңы денешынықтыру пәніне қажетті бар жабдықпен жасақталған. Биылғы оқу жылында Қаражотадағы мектепте 345 бала білім алып жатса, оның 37-сі – бірінші сынып оқушылары.
Мектептердің ресми ашылу салтанатына арнайы қатысқан облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев, Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байеділов, аудандық мәслихат төрағасы Бекет Ахметов, «Самұрық-Қазына» АҚ ұлттық қорының директоры Олжас Оспанов, ардагер-ұстаздар ауыл тұрғындарын үлкен қуанышпен құттықтап, табыс тіледі.
Еңбекшіқазақ ауданында биылғы оқу жылында ел игілігіне берілген үшінші мектеп Төле би ауылында ресми ашылды. Бұл мектеп те жоғарыда атап өткен «Келешек мектептері» жобасымен салынған білім ордаларындағы барлық игілікке ие. Кең, жарық кабинеттер заман талабына сай құрал-жабдықтармен толық қамтылған.
Еңбекшіқазақ ауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасымен салынып жатқан тағы екі мектеп жақын уақытта қолданысқа берілмек. Мұндай мектептерде кедергісіз білім алған балалар ауылдардан түлеп ұшып, елдің жарқын болашағына өз үлесін қосар ел азаматтары болары анық.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ,
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ,
Бағдат ШОЙБАС,
Серік САТЫБАЛДИЕВ,
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
«Алатау арайының»
арнаулы тілшілері