Райымбек ауданы Сарыжаз ауылындағы Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы орта мектепте Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Мұхтархан Қалиұлымен кездесу кеші өтті.
Қаламгердің жетпіс жас мерейтойына арналған шараға Халықаралық айтыс, жыр-термешілер одағының мүшесі Даубай Әбдісаев, Сарыжаз ауылдық округінің әкімі Сайлаубек Жетпісбаев, Райымбек ауданының Құрметті азаматы Тұрсынбай Рамазанұлы, Райымбек аудандық кітапханасының директоры Қымбат Нұрданбекқызы, кітапхана қызметкерлері, мектеп оқушылары және оқырмандар қатысты.
– Шараның мақсаты – ақын Мұхтархан Қалиұлының шығармашылығын оқырманға насихаттау. Жас ұрпақтың алдыңғы буын ақын-жазушылардың өнегелі өмірінен үлгі алуына бағдар жасау, – деді кешті ұйымдастырған Сарыжаз ауылдық кітапханасының меңгерушісі Жұлдыз Кеңесбекқызы.
Ақынның өмір жолына тоқталсақ, Мұхтархан Қалиұлы 1955 жылы Қарасаз ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Энгельс атындағы орта мектепті тәмамдады. 1975-1977 жылдар аралығында әскер қатарында болды. Одан кейін ұжымшар шаруашылығына араласады. Он шақты жыл механизатор, дәнекерлеуші, есепші, аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб жүргізушісі, Мұқағали Мақатаев атындағы мемориалды музейде экскурсия жүргізушісі болып жұмыс істеді.
Жеке шығармашылығына келетін болсақ, 9 жасынан өлең жаза бастаған. Алғашқы туындысы 1970 жылы «Қазақстан пионері» газетіне шықты. Міне, содан бері аудандық, облыстық, республикалық мерзімді баспасөз беттерінде өлеңдері жиі жарияланып келеді. 1982 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Қарлығаш» республикалық жас ақындар жинағына 15 өлеңі енді. «Аңсап күткен арманым», «Менің сыршыл жүрегімнен тамған тамшылар», «Болашаққа хат», «Ғажайып әлем – жыр әлем», «Жыр отынан жүрегім өртенеді», «Жүректегі жазулар» атты кітаптардың авторы. Зайыбы Майра Мұқашева ұзақ жыл мұғалімдік қызмет атқарды. 2 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған үлгілі отбасы.
Кеште қаламгердің өмірінен сыр шертетін кітап көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Кешті ақын Даубай Әбдісаев жүргізді. Қонақтар ақын поэзиясына кеңінен тоқталып, жырларын жарыса оқыды.
– Мұхтархан Қалиұлы – өлең өлкесінде өзіндік үні бар, ел руханиятына үлес қосқан қаламгер. Оның әр жыры – өмірдің өзінен өрілген өрнек, туған жердің топырағынан тараған жылылық, қазақтың асыл рухынан нәр алған шежіре, – деген Сарыжаз ауылдық округінің әкімі Сайлаубек Жетпісбаев қаламгерге құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты. Сарыжаз орта мектебінің оқушысы Бақытжан Береке ақын жайлы баяндамасын оқыды.
Кездесу барысында мерейтой иесі жалынды жырларын оқып, жиналған көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Кеште ауылдық Мәдениет үйінің қызметкерлері Жанар Сәкенова «Ауылым», Алмас Қияс «Біздің елдің жігіттері», «Алтын алқалы» әжелер ансамблі «Сарыжазым» әндерін әуелете шырқап, көңілді толқытты. Әдеби кеш сыр-сұхбатқа ұласты.
Мұндай тағылымдық кештің, әсіресе, өскелең ұрпаққа берер тәлімі зор. Себебі бұл басқосуда ұлағатты сөздер, терең ойлар айтылды. Ондағы әсерлі әңгіме, сырлы сұхбат, орамды ойлар талай жанға рухани азық болғаны сөзсіз.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Райымбек ауданы
			
							



