Талғар аудандық Мәдениет үйінде ата-ана тәрбиесіне арналған үлкен жиын өтті. Аталған шараға жергілікті билік, ата-аналар, ұстаздар, білім бөлімінің, құқық қорғау ұйымының өкілдері, ақсақалдар қатысты. Жиынды ашып, жүргізген Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев іс-шараның мақсаты – жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсаудың, зорлық-зомбылық пен балалардың қадағалаусыз қалуының алдын алу мәселелері бойынша ата-аналарға профилактикалық көмек көрсету екенін атап өтті.
Жиын басталар алдында «Менің әлемім» атты театрландырылған қойылым көрсетілді. Онда мас әкені ұлы қолынан сүйреп жатқанын, сыныптастары нашар ата-анасының кесірінен оған күлгені, сондай-ақ баласының оқуы нашарлап, бұзақылық жасап, мұғалімдердің сөзіне құлақ аспайтыны да көрермен көңілін жабырқатты. «Бұған кім кінәлі?» деп сұрайды көз жасын көл қылып жылаған ана ішімдіктен есін жия алмай жатқан күйеуінен. Ата-анасы баласын еркелетіп, ылғи қымбат бұйым сыйлап, жаңа мотоцикл мінген баласы көлікке соғылып опат болған көрініс те адамның жандүниесін тебірентеді.
Бұл қойылым жиынға қатысқан ешкімді де бейжай қалдырмады. Ауданға белгілі ақсақал, батагөй қария Кәмнұр Тәлімұлының айтуынша, мұның бәрі балаларға да, ересектерге де өмірді үйретеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді дана бабаларымыз. Әрбір ата-ана бала тәрбиесінде бірінші кезекте өздері үлгі болуға тиіс.
Жиында сөз алған Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков аудандық білім бөліміне осындай ауқымды ата-аналар жиналысын ұйымдастырғаны үшін, сондай-ақ Кәмнұр Тәлімұлына қойылымдағы шығармашылық шеберлігі үшін алғыс білдірді.
– Бүгінгі кездесу – өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде отбасы, ата-ана тарапынан үлкен қателік жіберіліп жатқанының салдары. Сондықтан біз отбасынан басталатын маңызды мәселені талқылау үшін жиналдық. Бала тәрбиесі ата-ананың, мектептің, достардың жан-жақты назары мен қамқорлығын сезінген кезде ғана толыққанды болады, – деп түйіндеді өз сөзін аудан басшысы. Ол сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта жүйелі жүргізілетінін, ал ата-аналар баланың болашағы мен жеке тұлға ретінде қалыптасуында негізгі рөл атқаруы тиіс екенін атап өтті.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Диана Оңбырбаеваның сөзі өте тартымды болды. Оның айтуынша, әлемдегі құндылықтар қанша өзгерсе де, баланы тәрбиелеу, оның ата-анасымен қарым-қатынасы әрдайым тұлғааралық мәселелердің басында тұрады. Сонымен қатар ол оқушылар тәрбиесі күн өткен сайын тиімді болып келе жатқан мектеп және педагогтер санының статистикасын келтірді. Бұл мәселеде облыс бойынша 15 мыңнан астам сынып жетекшісінің рөлі басым екені анық. Ұнамды тұстармен қатар балаларды тәрбиелеуде де қателіктер бар. Бұған дәлел – мектептегі қылмыс санының көбеюі (бейбастық, зорлық-зомбылық, үлкендердің кішіні қорлауы, қорқыту, нашақорлық). Сондықтан ата-ананың балалар алдындағы жауапкершілігін күшейту қажет, өйткені олардың болашағы педагогтердің ғана емес, отбасының да қолында, – деп атап өтті ол.
Одан кейін құқық қорғау ұйымдарының қызметкерлері сөз алды. Аудан прокурорының орынбасары Данияр Мұхияев қатысушылардың назарына ауданның құқық қорғау жүйесіндегі жағдайдың жай-күйі туралы баяндап, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылыққа ерекше тоқталды.
– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу тақырыбы аудан үшін өзекті болып тұр. Ұдайы салып жатқан күш-жігерге қарамастан, біз алаңдататын фактілерге тап болып отырмыз. Осы жылдың өткен кезеңінде жасөспірімдер 18 қылмыс жасады, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың өздеріне қатысты 51 қылмыс жасалды. Осы жылдың өзінде рейдтер барысында түнде үйден тыс жерде болған 600-ден астам кәмелетке толмағандар анықталды. Олардың ата-аналары жауапқа тартылды. Бұл проблеманың себебі – отбасындағы қиындық, көше мен құрбы-құрдастарының қысымы, жасөспірімдер жасындағы психологиялық дағдарыс екені түсінікті. Балаларыңыздың өміріне қызығушылық танытып, олардың кіммен дос екенін, немен айналысатынын, өздерін эмоциялық жағынан қалай сезінетінін білу қажет, – деді Данияр Мұхияев.
Талғар аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Берік Нұрғалиев те жасөспірімдер қылмысына қатысты статистиканы алға тартты.
– Тек кәмелетке толмаған балалары бар ата-аналарға қатысты 2101 әкімшілік құқықбұзушылық шарасы қолданылды, кәмелетке толмағандардың 42-сі ювеналды полицияда есепке қойылды, ал 1312-сі полицияға күштеп әкелінді. Бұл – ата-аналар тарапынан бақылаудың жетіспеушілігін білдіреді. Сондықтан барлық мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіру керек, сонда ғана нәтижеге қол жеткізіп, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың жолын кесеміз, – деді ол.
Ата-аналар атынан сөз алған журналист Сансызбай Өкенұлының сөзі де өте әсерлі болды. Ол барлық қатысушыларды балаларды Отанға деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеуге, еңбекке баулуға, отбасылық құндылықтарды жаңғыртуға, балалардың рухани тәрбиесіне көңіл бөлуге шақырды.
Ата-аналар жиналысы мазмұнды өтті. Қатысушылар одан көптеген пайдалы нәрсені, атап айтқанда, балаларды осындай қиын кезеңде қалай тәрбиелеу керегін және ол үшін не қажет екенін үйренді.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы
