Педагог кадрлардың біліктілігін жүйелі түрде арттыру – білім саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттерінің бірі. Мәселенің бұлай қарастырылуы көбіне әлемдік даму динамикасына, ұлттық және аймақтық, сондай-ақ жаһандық ауқымдағы экономикалық даму жағдайының тез өзгеруіне байланысты. Атап айтқанда, көптеген халықаралық сарапшы бұған дейін озық ұлттық білім жүйелерінің алдында жас ұрпақты цифрлық дағдыларға үйрету міндеті тұрғанын атап өткен еді. Ал қазір оқушыларға жасанды интеллектімен жұмыс істеу дағдыларын үйрету қажеттілігі туындап отыр. Бұл білім жүйелерінің, соның ішінде біздің еліміздің алдында тұрған жаңа сын-тегеурін екені сөзсіз. Бұл сынаққа жауап ретінде отандық педагогтердің әлеуетін үздіксіз арттыру жүйесін тереңінен зерделеу қажет етіледі. Педагогтер ортасында жастарды оқыту мен тәрбиелеудің жаңа дағдыларын игерудің тұрақты қажеттілігін қалыптастыру маңызды.
Заманауи әлемде қосымша білім қызметінің нарығы өсіп келеді. Көптеген ел жыл сайын педагогтердің біліктілігін арттыруға, ең алдымен олардың қосымша білім алуына миллиардтаған қаражат бөледі. Елімізде де мұғалімдерді тұрақты қайта даярлау жүйесін жетілдіру маңызды. Педагогтердің кәсіби дамуына мемлекеттік және жеке мақсатты инвестициялар қажет. Бүгінде «Өрлеу» педагогтердің біліктілігін арттыру ұлттық орталығы сапалы білім контентін құру, педагогикалық қызметке ынталандыруды арттыру және құндылығын нығайту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Педагогикалық ұжымдарға отандық және шетелдік өзекті және инновациялық тәжірибені үздіксіз таратуды қамтамасыз етіп отыр. Осы мақсатта жұмыс істейтін «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы облысы бойынша кәсіби даму институты аймақ педагогтерінің кәсіби дамуын қолдау, білім сапасының артуына ықпал ететін амалдар арқылы мектептерге әдістемелік көмек көрсетуді мақсат етеді. «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы облысы бойынша кәсіби даму институты директорының орынбасары Хуршидам Масимованың айтуынша, қазір аталған орталықта педагогті жаңа дағдыларға қажеттілігі ескерілетін қайта даярлаудың қолайлы форматтарын іздеу және енгізу жұмысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қоса, педагогтердің біліктілігін арттырудың кешенді бағдарламасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. «Биыл институт тарапынан көшбасшылықты дамыту, пәндік, инклюзивті білім беру және пәнаралық бағыттар бойынша 6 мыңға жуық педагог өз біліктілігін арттырады. Сонымен қоса, аймақ педагогтеріне курсаралық іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл шаралар халықаралық зерттеулер, мақсатты мектептерді дамыту, «Келешек мектептерімен», тірек мектептермен, эксперименттік мектептермен жұмыс, өзекті тақырыптар аясындағы шеберлік сыныбы, семинар, тренинг, басқа да іс-шараларды қамтиды. Біліктілікті арттыру курстарынан кейін педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ету мақсатында үздіксіз қолдау жұмысы жүзеге асырылады. Сондай-ақ институт оқытушылары мектептерге дифференциалды қолдау көрсетеді. Бүгінде біліктілікті арттыру ұйымы арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету мақсатында институт болашақ педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетіп, жас мамандардың әдістемелік жұмысқа дайындығын қалыптастыруға да атсалысады. Сонымен бірге біздің институт білім беру басқармалары және оқу әдістемелік кабинеттермен бірлескен жұмыс жоспары аясында өңір педагогтерінің дамуына ықпал ететін бірлескен іс-шараларды жүзеге асырады», – дейді Хуршидам Масимова.
Ұстаздың үздіксіз кәсіби дамуы экономиканың, мемлекет пен ұлттың табысты дамуының стратегиялық аспектісі екенін атап өту маңызды. Президенттің өткен жылғы Жолдауында осындай міндет қоюы педагогтердің мәртебесін арттырады, олардың жаңа буын даярлаудағы ерекше рөлін білдіреді. Бұл мемлекеттік саясаттың ауқымды бағыты, ол тиісті шараларды жан-жақты, сапалы қарастырып, жүзеге асырған жағдайда ұлттық білім жүйесінің ғана емес, бүкіл елдің дамуына жол ашады.
Ерзат АСЫЛ